Кёкушинкай каратэ – жемқорлықсыз қоғам үшін!

Петропавлда Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында, «Бүкілқазақстандық кёкушинкай каратэ ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төлімгерлері, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментімен бірігіп флешмоб ұйымдастырды.
Мұндай сәтті ұтымды пайдаланған Департамент қызметкерлері, каратэ мектебінің 540 шәкірті мен 1200-ден астам ата-аналар қауымының назарына СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің «СҚО кәсіпкерлігін қорғау», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум-алаңы» интернет-ресурстарын және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарын ұсынды. Бұған қоса, флешмобқа қатысушылар СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің негізгі бағыттарымен де танысты.
Ал каратэшілер болса, өздерінің жемқорлық сипаттарына мүлдем төзбеушіліктерін «Жемқорлыққа жол жоқ», «Пара» және т.б. жазулары бар тақтайшаларды сындырумен дәлелдеді.
Аттестацияны қабылдаған аталмыш ұйымның Президенті Тәжімұрат Найзабеков (VI дан), кёкушинкай каратэ қозғалысы адалдық, әділдік және кәсібилік қағидаларын ұстанатындығын, сонымен қатар басты мақсат – өскелең ұрпақты спорттық шынықтыру екендігін жеткізді.

«Қоғамдық институттар мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жан-жақты қолдаулары тиіс, сонда ғана қабылданып жатқан шаралар өз нәтижесін береді», - деді Тәжімұрат Найзабеков.
Спорттық шеберліктерін шыңдау арқылы кезекті белдіктеріне қол жеткізген каратэшілер, осы флешмобтың арқасында жемқорлық сипаттарына өздерінің нөлдік төзімділіктерін де қалыптастырды.


