Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

KAZ Minerals 2015 жылдың 9 айында 58 мың тонна катодты мыс өндірді

2015 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша KAZ Minerals Тобы 58 мың тонна катодты мыс өндірді. Өндіріс қарқыны жыл соңына қарай компания жоспарлаған 80-85 мың тонна көрсеткішіне қол жеткізуге мүмкіндік береді, деп хабарлады Ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Концентраттағы мыс өндірісі 67 мың тоннаны құрады. Есепті кезеңде Топ 5,47 млн тонна кен өндірді. Бұл өткен жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткіштен 56% көп. Себебі Шығыс Қазақстандағы кеніштер мен Қырғызстандағы Бозымшақ карьерімен қатар, алғаш рет, Ақтоғай (ШҚО) кен орнының кені есепке алынып отыр. Кен құрамындағы мыстың орташа мөлшері 1,51% құрады.

Топ мырыш пен күміс өндірісі бойынша жоғары көрсеткіштерді көрсете білді. 73 мың тонна концентраттағы мырыш өндірілді, 90-95 мың тонна жылдық жоспардың жоғарғы диапазонына қол жеткізіледі деп пайымдалады.

Түйіршік түріндегі күміс өндірісінің көлемі тоғыз ай ішінде 2,45 млн унцияны құрады. Себебі үшінші тоқсанда аяқталмаған өндірістердің қосымша көлемі өңделді. Күміс өндірісінің жоспарлы жылдық өндіріс көлемі бұрынғы болжанған 2,2-2,5 млн унциямен салыстырғанда, шамамен 10 пайызға жоғарылады. Құйма түріндегі алтын өндірісінің көлемі – 28 мың унция. Жыл соңына қарай компания жоспарлы өндіріс көлеміне қол жеткізуге ынталы (34-38 мың унция).

Павлодар облысындағы Бозшакөл кен орнының негізгі карьерінде жер қабатын аршу жұмыстары, балшықты кен мен бос жыныстарды өндіру жалғасуда. Сульфидті кеннің өндірісі ашылуы 2016 жылдың бірінші тоқсанына белгіленген кен байыту фабрикасының іске қосылуына таяу басталады.

Шығыс Қазақстандағы Ақтоғай кен орнында тотыққан кенді өндіру жалғасуда. Қыркүйек айының соңындағы мәліметке сәйкес шоғырландыра сілтісіздендіру тоғыз панелінің алғашқы екеуіне құрамындағы мыстың үлесі 0,37% болатын 2,13 млн тонн кен жүктемеленді. 26 қыркүйекте кенді қышқылды еріткішпен суландыру басталды. Қазіргі уақытта тотыққан кенді сұйықтықпен экстракциялау және электролиз жолымен өңдеуге арналған нысандардың құрылысы жалғасуда. Тотыққан кеннен катодты мыс шығарудың басталуы 2015 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланып отыр. Сульфидті кеннен мыс концентратының өндірілуі кестеге сәйкес 2017 жылы күтіледі.

KAZ Minerals Тобының басқарма төрағасы Олег Новачук былай деп мәлімдеді: «Шығыс аймақтағы кәсіпорындардың және Бозымшақ кенішінің тұрақты өнімділігі мыс пен ілеспе өнімдердің өндірісіндегі жылдық мақсаттарға қол жеткізілетіндігіне сенімділік береді.

14 тамызда Бозшакөл кен орнында болған өрттің салдарынан зақымданған жабдықтар ауыстырылып жатыр, енді біз 2016 жылдың бірінші тоқсанында фабриканың іске қосылуына сенім артып отырмыз. Қыркүйек айының соңында Ақтоғай кен орнындағы тотықты кеннің ылғалдандырылуы басталды. Компания осы жылдың өзінде-ақ алғашқы ақтоғайлық катодты мыстың өндіріліп шығарылуына сенім артып отыр».

Ақпарат көзі

 

0
0
492

Осы тақырып бойынша

KAZ Minerals 2015 жылдың 9 айында 58 мың тонна катодты мыс өндірді - Yvision.kz