ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Каспий жағалауындағы Ақтау туралы

Жалпы Қазақстанда екі Ақтау қаласы бар, біріншісі Қарағанды облысында орналасқан, екіншісі Маңғыстау облысының орталығы – Ақтау шаһары.
Әуелі, әуежай туралы айтсам. Ақтау әуежайы Қазақстанда Астана мен Алматы әуежайларынан кейін жолаушыларды қабылдау және айналымы бойынша үшінші орын алады екен. Әрине, географиялық орналасқан орны қолайлы, мына жағы өзіміздің өзге батыс облыстарымыз, шығысы Өзбекстан болса, оңтүстігі Түркіменстан, ал Каспийдің арғы беті Иран, Әзірбайжан мен Ресей. Әуежай түрік инвесторларының қарауында екен.
Айтқандай, қалаға әуежайдан автобус жүрмейді, такси құны 2000 теңге, неліктен автобус жүрмейтіні мен үшін түсініксіз.
Сондай-ақ, теміржол вокзалы да қала аумағынан тысқары орналасқан.
Жалпы, қала даму үрдісі жағынан қарқынды дамып жатыр деп нық сеніммен айта аламын, қала аумағында құрылыс жақсы жүріп жатыр, жаңа шағын аудандар бой көтеуде. Сондай шағын аудандарды аралау барысында қатар тұрған үш балабақшаны көзім шалды, атаулары - Әлия, Мәншүк және Хиуаз. Жарасымды-ақ һәм әсем салынған!
Халықтың әл-ауқаты жақсы екені білініп тұр, алайда қала бағалары Астанамен бірдей сияқты әлде маған солай көрінді ме?!
Бір қызығы шағын аудандардың атаулары жоқ, тек реттік нөмірлері бар, мысалы 7-5 деген жазу жетінші шағын аудандағы бесінші үйді білдіреді екен.
Бір жақсысы қала ішінде такси қызметіне 200 әрі кетсе 300 теңге төлеп жүре бересіз.
Теңіз жағалауындағы коттедждердің (жалпы үйлердің) бағасы қымбат деседі, бір қызығы қала сәулетінде Кеңес кезеңі әлі сақталып қалғанымен, өзіндік бет-бейнесі бар екенін да мойындау қажет.
Қаланы кезінде Ленинградтық сәулешілер жоспарлаған деседі, бір жақсысы масасы жоқ әрі үйлер бірде көлденең бірде тік салынғандықтан желдетілуі де жақсы.
Тұрғын үйдің үстінде тұрған маяк та қызық көрініс екен.
Жердің геологиялық әрі географиялық ерекшеліктеріне байланысты бірде Өзбекстанға, кейде Түркияға не Әзірбайджанға ұсайтын секілді.
Айтқандай облыстық музейдің экспонаттары өте қызықты көрінді, алайда гиді жоқ екен, оның үстіне фотоға түсіруге болмайды. Тура бір Кеңес Одағында өмір сүріп жатқандай.
Қаланың қонақ үйлері кем дегенде 5000 теңгеден басталады, қалауыңыз бен қалтаңызға қарай қарайсыз әрине? Таңдау жақсы, шетелдік мықты компаниялардың қонақ үйлер желілерінің ұсыныстары да жетерлік.
Айтқандай, Маңғыстау атом реакторы арқылы ғана халық ауыз судың қиыншылығын көрмей отыр, ал жалпы Маңғыстау өңірінде 200 жер асты құдықтары бар екен.
Қаланың басты атриуттарының бірі аққулармен қатар облыс аумағына қоқиқаздар да тоқтайды екен.
Ал, балықтың қаншама түрі бар екені бір Аллаға аян, бірақ Атырауға қарағанда балықшылық кішкене кенже дамыған деседі.
Жануарлар дүниесінде итбалық пен жабайы қой (муфлон) өңірге тән эндемиктер екені мәлім.
Облыс аумағы Қазақстанға, қала берді дүние жүзінде белгілі әйгілі тарихи-сәулет, географиялық-геологиялық ескерткіштерімен белгілі болғандықтан, аталған өңірге кейін арнайы келу керек деп шештім.
Бұл бәлкім Амал кезіндегі Отпан тауы болар немесе Бекет атаға соғып, туризмнің дамуына сұранып тұрған өңірдің қалған аймақтары болар.
Әйтеуір бір білгенім өзіндік ерекшелігі, көруге тұрарлық қызықты жерлері көп өңір екен!

Суреттер облыстық музейде түсірілді!