Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Канада қазағының Манифесті

Канада қазағының Манифесті

Немесе, Өз-өзін бағаламаған халық жайында

Канаданың  Онтарио провинциясына, Торонто деген қалаға, баламызды оқытамыз деп өзіміз де барып қалған едік. Иммигрант болсаң оқу бағасы да төмен болады екен. Канада  қос тілдес мемлекетке жатады, негізгі тілі ағылшын тілі болғанымен, бір провинция Квебек үшін барлық мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тіл ретінде қос тіл қолданылады. Тіл үйренемін дегенге мүмкіншілік мол, ESL, LINC, және одан да басқа көптеген программалармен тіл уйрену мәселесі кеңінен қамтылған. Бір Торонтоның өзінде қай ауданда тұрсаңыз да қасыңыздан тегін тіл үйрету курстарын таба аласыз. Шіркеулерде кешке қарай ESL \Ағылшын Екінші Тіл\ деген бағдармен сабақ береді, оқытушылар көбіне волонтерлер, тегін тіл үйретушілер, олардың арасында инженер, доқтыр, тіпті шіркеуқызметкерлері де болуы мүмкін. Ең бастысы тіл үйретеді, үйренем дегендерге.

LINC  мектептері иммигрантар үшін  мемлекеттің, негізінде федералдық бюджеттен қаржыландыратын,  ересек адамдар үшін ашылған оқу орындары. Дүниенің түкпір-түкпірінен келгендер сонда дәріс, сабақ алады. Сондай мектептің бірінде сабақ алып жүргенде, себебі, Қазақстанда жүргенде ағылшын тілін үйрену ойға келмепті, ал ол елге барғаннан кейін, ағылшын тілі қажет болды, екіншіден, сонша ақша шығарып,  жердің арғы жағынан бірақ шыққаннан кейін тегін тілді неге үйренбеске. Бізге сабақ беретін үшінші деңгейде Френсис деген тамаша мұғалима болды, шыққан тегі Ньюфаулендтен екен, ол жақтан келгендер өте тез сөйлейді де, басында көптеген сөздерге түсіне алмай дал болдым. Бірте-бірте ет үйренгеннен кейін анау-мынау жайында сөйлесу деңгейіне де жеттім. Бір-екі ай өткеннен кейін ол кісі маған  сұрақ қойды: Сендер қазақпыз дейсіңдер, бірақ неге сендер өз тілдеріңде сөйлемейсіңдер, сендер қазақтар біздің аборигендер секілді Резервацияда тұрасыздар ма? - деді.

- Жоқ Френсис, біздің тіліміз бар, еліміз бар, біздің елде қазақтар елдің кем дегенде 70% құрайды,- дедім, ал дүниеде қазақтар кем дегенде он екі, немесе он бес миллион болуы мүмкін дегенде,  Френсис ханым таң қалып, ойланып қалды.

- Менің алдымнан талай Қазақстандық, талай қазақ өткен еді, тек сен бірінші болып қазақ тілі бар деп отырсың, ал басқалары үшін тек орыс тілі ғана сөйлесу құралы болып кеткені қалай?

Менің өкемнің елі Ошавалықтар үшін ана тілі ұмытылып бара жатқан тіл болып барады, себебі, француз бен ағылшын тілдері өте күшті тілдер, менің халқым ары кетсе  елу мыңның шамасында ғана, тек резервацияда тұратындар кей кездері сөйлеседі де, бірақ негізгі тіл ретінде ағылшынша сөйлесеміз. Ия, мемлекет қолдау көрсетеді, біз аборигендер үшін оқу да тегін, медицина да тегін, ана тілді дамытам десек еш кедергі жоқ, жылына миллиондаған қаржы бөлінеді, тек одан халыққа келіп жатқан пайда аз, тайпаның басқарушылары жөне де басқа да пайда табушылар ол қаржыдан пайда көреді де, қарапайым халық көбіне қараң қалып отырады.Мен сендерді де біз секілді, елі жоқ, жерден айырылған, байғұс халықтардың бірі ме екен деп ойлаған едім деп аяқтады сөзін.

Мен басында реніш білдірмек болған едім, тек бұл адамның айтқанының көбі шын болса, неге дауласуым керек деп, ойландым да басшұлғи салдым.

Себебі, қазақтың бүгінгі таңда кем дегенде үштен бірі қазақ тілінде сөйлей алмайды, олардың арасында «аспальтта» өскен қазақтар, егеменді елде туып, ана тіл ретінде орыс тілін пайдаланатындары қаншама, Канадаға кеткендердің дені қазақша білмейтіні рас, олар үшін ана тілі орыс тілі, тек Канадада біраз тұрғаннан кейін ғана, қазақ тілін үйренуге талпыныс жасайды екен көбі. Қазақстанда өз тілін менсінбегендер өзге елге барғанда тіл қадірін түсінеді екен, кейбірі сол түсінбеген қалпы қала береді. Канада тұрмақ Алматыға келгенде қаладағы мемлекеттік мекемелерден қазақ тілінде қызмет көрсету дегенденді таба алмағаннан кейін, әрине, мойын сұнасың, қазақтың тілінің қадірінің кеткеніне. Мен 2011 жылы, МАИ инспекторлары неге қазақша сөйлемейді деп, Алматы қалалысының ІІД хат жолдаған едім, содан Жол полициясы басқармасынан, бастықтың орынбасары М. Аманбеков деген азаматтан мынадай жауап алдым: Қазақстан Республикасы Конституциясының 7- бабының  2- бөліміне сәйкес мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен қатар ресми түрде қоданысқа ие екенін қосымша хабарлаймыз, деген.  Ол хат  6\11-2404-5053. 02.09.2011 жылы жауап ретінде келген еді маған. Ол жауаптан түсінгенім Қазақстанда қазақша қызмет көрсетпеуге болады деген баптың Конституцияда бапталып, қатталып қатаң  бекітілгені еді.  Ондай келеңсіз жағдай ХҚКО ЦОН да да болған еді. Конституцияда жазылғаннан кейін біздің өз еркіміз дейді, қызметкерлер, клиентікі немесе халықтың талабы  дұрыс емес, мемлекеттік қызметкерлердің қалай сөйлесе де еркі деген қаулы, Ата заңмен бекітілген екен. Барлық дамыған елдерде клиент немесе қарапайым халықтың талабы орындалуы міндет, Қазақстанда халықтың мүддесі емес, мемлекеттік қызметкерлердің мүддесі жоғарырақ екеніне де көз жетті.

Ия, мемлекеттік қызметкерлердің мәртебесі биік екеніне шүбә келтіру қиын ақ, қаншама министр, депутаттар қазақ тілін менсінбесе де мінберден орын алып менменсіп отыра береді. Тек президент қана екі тілді білуі қажет секілді де, қалған халыққа қызмет көрсетушілердің қазақ тілін үйренуге құлқы жоқ.

Қаншама артистер, басқа да мемлекетті таныстыратын белгілі тұлғалар шет елге шығады да: « мы казахшайский к сожалению не имеем», деп соға салады.  Қаншама қазақша білмейтін қазақ, ата-тегін мақтағанда айды аспаннан бірақ шығара салады, қазақпын деп қақылдап отырып, бір ауыз сөзді қазақша айта алмаулары өкіндіреді.

Қазақтың «Элитасы» қазақ тілін қадір тұтпаса, басқаларға сұрау бар ма?

Артынан Френсис айтқан еді: мумкін сендердің халықтың өз - өзін бағалау деңгейі төмен шығар деп. Шынында да біз өз өзімізді бағалай алмаған секілдіміз, немесе өзбағасы өте төмен халықтың біріміз бе деп қалдым. Машинесін мақтағанда, ата -бабасын мадақтағанда алдына жан салмайтындар, өз тілін сатып жібергендерін ұмытып кетуі, немесе ойлана алмауы, соған меңзейтіндей.

Кезінде өз тілін сатып кеткендер ертең орыс тілін де сатып кетеді емес пе, себебі ағылшын тілі пайдалы болып шықса.

Ресейде жұмысқа келген келімсек «гастарбайтерлер» де орыс тілін  білгендігі жөнінде экзамен тапсырады, ал Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білгендігі жөнінде емтихан тұрмақ, амансыз ба деп те айтпайды. Барлық халық қазақ тілін білуі бүгінгі таңның мақсаты бола алмайды, тек мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік қос тілді білуі Заңмен бекітілуі тиіс, болмаған жағдайда, Қазақтанда Қазақтар Қазақ тілінде Қазақстан Мемлекетінің Қызметкерлерінен Қызмет ала алмайды деген келеңсіздік орын алып, ұятты жағдай ұяланып ұлғая береді.

Трагикомедия

Қазақтың үштен бірінің қазақша сөйлеуге құлқы жоқтығы -Трагедия. Қасірет, ақыры жақсылықпен бітпейтін аса қатты қайғылы қасірет. Егер қазақтар өз тілін сатып кетсе, ертең орыстарды да сатып кетері анық.

Мемлекеттің қасіреті деп нені айтуға болады, егер мемлекет өз мемлекеттік қызметкерлеріне мемлекеттік тілде қызмет көрсет деп нұсқау бере алмаса, оны басқаша айту мүмкін емес. Ол Трагедия, немесе, қасірет. Мемлекеттік трагедия  деген осы. Ертең Назарбаев кеткеннен кейін  қаншама  президенттіктен үміткер қазақтың орысша сөйлейтін азаматтары, үміткер қатарынан шегеріледі, себебі, қазақша сөйлей алмайды.  Ал ол азаматтар халқына адал да, нағыз белсенді, білікті болып танылса да президенттік таластан шет қалуы тиіс.

Жиырма жылда не өзгерді?

Егер өткен ғасырда орыс өкіметі кінәлі болса, жиырма жылда қаншама қазақ өз тілін тастап кетті. Орыстарды кінәлауды тоқтататын кез өтіп кетті, кінәлі тек өзіміз, қазақ дегендерміз. Өзгеден кінәні таба беруге болады, адам өз өзінен кінәрат таппай өз өзін, тағдыр бағдарын өзгерте алмайды.

Ана тілі дегеніміз не?

Ана тілі деп ананың құрсағында жатқанда, нәрестенің күнделікті еститін анасының дауысы. Анасының айтқан бесік жыры. Бес жасқа келгенше естіген анасының тілін ана тілі деуге болады. Бүгінде қазақтың үштен бірінің ана тілі ол Орыс тілі, олардың ана тілі қазақ тілі деуге болмайды. Оған мойын сұну керек, мойындауымыз керек.

Қай қазақ мақтана алады, осы жиырма жылдың ішінде мен соншама адамға қазақ тілін үйреттім деп, айтатындар кем де кем. Қаншама қаржы бөлінді қазақ тілін үйретуге, нөтижесі қайда, бір бастық миллиондарды ұрлап Түркияға қашып  кетті, өзгесінің пайдасы болды деуге ауыз бармайды. Ауыз толтырып айтуға, ауыз бармайды.

Комедия, болатын себебі де осында, қазақ тілін уйретуге деген қаржыдан қаншама аударылымдар жасалды, түкке тұрғысыз тәржімалар. Адам түсіне алмайтын түсіінктемелер, аудармалар, тәржімалар. Әр бастықтың қатаң қадағалауымен кыруар қаржы игеріліп қаншама құнсыз аударма кітаптарды шығарды, ондаған Департамент дегендер, сол Департамент басшылары өздері түсінер ме екен өздерінің бас редактор болып аударғандарын, әрине түсінбейді. Ақшаны игеріп, итере салды, ғылыми еңбек жасадым деп, орысша айтқанда «Бестолковый словарь» дегендерді, нәтижесінде орысша терминдерді немес орыс тілін пайдалануға мәжбүрміз.

Терминдерге тиіспе деп Елбасының өзі айтса да, аударып тастап тілді тентіретіп жібердік, творчестволық тасып кетуіміздің арқасында. Артқа қарап ойлану деген жоқ, аударып жатырмыз, аударып жатырмыз, тілдің исламданып бара жатқанымен де шаруамыз жоқ, тек анда санда террористік акті болғанда ғана, «ә»,- артық кетіп қалыппыз ғой дей салып, ары қарай тілді түсініксіз тілдер қатарынан шығару  дәрежесін ұлғайтудамыз.

Әрине, кінәлай берсек бірімізді біріміз ол бітпес дау болады, жиырма жыл мәнгүрт дедік, мәмбет дедік бірімізді біріміз, не пайда таптық?

Елді екіге бөлдік ол рас, бүгінде біз орыс тілдес қазақтар мен, қазақ тілдес қазақтармыз. Нақты факты болғаннан соң,  оған қарсы қояр дәйек жоқ.

Кінәлауды қойып ортақ тілге келер кез келді, өтіп барады уақыт деген зымырап. Қазақ қос тілдес болғандықтан осы екі тілдің жақындауын ойластыру керек. Араб, парсы, түрік сөздерін әкеліп қыстырмай, Совет Одағы кезінде қолданған ресторан, капустаны қайта жаңғырту керек. Бүгінгі аудармашыларды қарап бақсақ, бұлар Абайдан да ақылды ма деп қаласың, Кезінде қазақтың бетке ұстары саналатын, Абай атамыз самоурын, пәуеске, калош деп орыстан келген сөздерді сол қалпынша пайдаланса, бүгінгі білгіштер асып түсті, Абай Құнанбайұлынан.

Орыс тілі мен қазақ тілін жақындастыруымыз керек, егер орыс тілдес қазақтар қазақша үйренсін десек, жиренсін десек осы бетімізден таймауымыз керек. Жирену де, үйрену де өз қолымызда, айналамызда кінәлайтын  ешкім қалмады.

Сөзден «Темаға» көшсек.

Ауылдың балалары «Тема» деген сөзді көп пайдаланады екен, әсіресе қазақша сөйлейтін қара көздер. Неге: тема, тема,- дей береді деп құлақ түрсем, тема дегендері «конкретный», немесе «керемет» дегендері екен. Біздің де жылтыр сөзден нақты «тема» деңгейіне көшуіміз керек.  Біз болмасақ, кім бізге өз тіліміздің қадірін қасиеттеп қадірлетеді, әрине ешкім көмек бермейді. Біз болып, із қалдыра алсақ қана қадірлейді, көршілер, өэгелер. Дүңгіршек, қызанақтығымыздан «супер» немесе, ауыл балаларының  тілімен айтқанда «тема» болуға  тырысуымыз  заман талабы, егер, тіліміз  тірілсін десек.

Егер, мемлекеттік тілді білмегендер мемлекеттік мекемелерге қызметке алынбаса, сонда ғана тілдің мәртебесі өседі, тілге деген қызығушылық туындайды. Біз қазақ қос тілдестіктен құтыла алмаймыз, орыс тілінің күштілігін мойындауымыз керек. Мемлекеттік қызметкерлер қос тілде, мемлекеттік қазақ тілінде, және официалды орыс тілінде сөйлеуі міндет деген бап, Конституциямен бекітілсе ғана, қазақ тілінің қадірі артады, деңгейі көтеріледі.  Ол маркетинг, заманауи маркетті экономика заңдылығы. Неге сұраныс  болса, соған деген қызығушылық артады. Қазіргі ұзын шылбыр, бос белдеумен қазақ тіліне деген сұраныс жоқ. Сұраныс болмай, ұсыныс, ұмтылыс болмайды.   Конституцияға мемлекеттік қызметкерлер орыс тілімен қатар қазақ тілін де меңгеруі тиіс деген бап енгізу - Өте  қажет. Өзімізді өзіміз силай алмасақ бізді ешкім силамасы анық. Егер Конституцияда мемлекеттік қызметкерлер екі тілді білуі міндет болса, қазақ тіліне деген қызығушылық та артады, ол рыноктық экономика заңдылығы, адам қайдан пайда тапқысы келсе, сол пайдалы жердің тілін меңгере алады. Ал мемлекеттік қызмет Канада болсын, Қазақстан болсын пайдалы орын, тартулы табыс көзі.

Жиырма жылда қаншама орыс тілдестер, орыстың жас ұрпағы қазақ тілін үйренді, мыңдаған адам қазақ тілін меңгерді десек, артық болмайды, неге солар мемлекеттік мекемелерге қызметке алынбайды, қазақ тілінің нағыз рекламасы, насихаты сол азаматтар болуы керек еді. Әттеген айы, тек «Қазақтелеком» мекемесі мен төртінші билік ретінде саналатын журналистер қауымы ғана қазақша білетін орыс жастарын орынды пайдалана алды да мемлекеттік мекемелер, сол баяғы трайбалды-тайпалы-қомандалық әдетінен таяр емес. Жиырма жылда бірде бір қазақша сөйлеген еуропа нәсілді Қазақстан азаматы депутат бола алды ма?

Әрине, жоқ. Бұдан басқа қандай дәлел керек, мемлекет үшін қазақ тілінің маңыздылығының дәлелі ретінде. Әрине, аузымызға құм құйылады, жым боламыз, бізге бәле өзгеден емес, өзімізден келіп отырғанын түсінгеннен кейін.Лондон Олимпиадасында Қызылордалық  боксер қыз Вольнова қола медаль иеленген еді, қазақша сандуғаштай сайрамаса да, судай деуге негіз бар еді, қайда сол қыз бүгінде, неге Мәжіліске депутат болуға жарамады.  Егер біз Олимпиадада да дараланғандарды бағалай алмасақ, ұтымды пайдаланып, қазақ тіліне реклама жасай алмасақ,онда соншама мемлекеттік ұлтық идеяны дамытып жатыр деген,  маркетолог, идеолог дегендердің керегі не.  Егер қол астындағы қолайлыны іске жаратып, пайдаға асыра алмаса.

Канадада көптеген адам тіл үйретуге волонтерлік қызмет жасайды, тегін тіл үйретеді. Егер мемлекеттік мекемелер, кітапханалар, немесе мешіттерден де қазақ тілін оқуға бөлмелер бөлінсе талай қолы бос адам аптасына бір-екі рет келіп, әңгімелесіп тіл үйретүге шамасы келері анық. Уақытты пайдалы  өткізеді, өзге адамдармен танысады.

Егер мемлекеттің шамасы жетпесе мемлекеттік тілді үйретуге, қарапайым адамдар көмекке келуі ол орынды іс. Тіл тек мемлекеттің ғана емес, барша халықтың мүддесі. Тілдің мәртебесі болса, мемлекеттің де мәртебесі өседі, халық та марқаяды, мақтаныш тұтады өз тілін.

Тек қазақ тілі демей, келгендер ағылшын, араб тілдерімен қатар қазақ тілін де үйренеді десе қызығушылық артады.Бүгінгі таңда тіл үйренгендіктің пайдасы молдығын түсінеді қарапайым халық. Халықтың түсінігі, ол түпкілікті түйсіктен туындайтын түйткіл.

Бұдан отыз жыл бұрын біздің Вовка деген комсоргымыз ағылшынша оқы, оқы дегенге құлақ аспап едім: Әй, Вовка сен ақымақсың Совет Одағында ағылшын тілі кімге керек ,-деп, елуден асқанда  ағылшын тілін үйренуге де тура келді. Бүгінде Владимир Павловичтен кешірім сұрауды да орынды көрдім, кезінде айтқанымыз үшін. СССР құламайды деп ойлаушы едік, ол да тарап кетті. Тілдің қасиеті мемлекеттің мықтылығын бағалайды, егер консенсус, ортақ тіл таба алмасақ, онда біздің бағамыз да бес тиын болады, бізге де алауыздық келері анық.

Ең бастысы бірімізді біріміз кінәлауды қойып, ортақ тіл табуымыз қажет, бірімізді біріміз силай алсақ, өзгелерге де силата аламыз.

Және бір айта кетер мәселе, ол біздің тарихымыздың  дамуы, айтылуы жайында. Тарихты бұрмалауға болмайды, өзге ел тарихымен қатар, қазақ елінің тарихын да насихаттау, немесе уағыздау керек. Қаншама жаназа шығару, құдайы тамақтарға келген молдалар шіреніп отырып, араб елінің, мұсылман тарихын жырлайды, рухани байлыққа кенелесіңдер деп. Ал сонда қазақ елінің тарихы қайда?

Қазаққа мұсылмандық қалай келді, қалай дамыды, ол туралы жақ ашпайды рухани байлықпен сұсындатамыз деген молдалар мен имамдар. Егер біз өз тарихымызды білмесек, тек араб елінің тарихы арқылы рухани байлыққа кенеле аламыз ба, әрине жоқ. Өз өзін силамағанды, өзгелер де силамайды. Жиырма жыл бойы қазақ мұсылмандығы жайында жақ ашылмаса, тек таза салауи салафиттік жайында ғана үгіт-насихат жүргізілсе, қазақтар салафит болмай кім болады, әрине, халифатты қолдап, қолдарына қару алып жиһадқа шығады.

Біз араб, түркі, парсы тіліне жақындасқымыз келеді, ал сол елден келгендер қазақ тіліне деген құмарлық таныта ма?

Араб елінен немесе, Иран, Түркиядан келгендер қазақша тіл үйрене ме әлде орысша тілді үйрене ме?

Әрине, орысша үйренеді.

Себебі орыс тілінің бағасы бар, ал қазақ тілінің құны белгіленбеген, дүдамал күйдеміз, өзіміз үрке қараймыз, өзгелер не айтады деп. Өзгелердің сөзі өз сөзімізден өрелі көрінеді.

Қазақстан дамуы жағынан бұрынғы СССР елдерінің ішінде алдағы қатарда келе жатқан  елдердің қатарында, сол себепті де,  мемлекеттік тілдің  маңызды болуы, мәртебесі өсуі, қазіргі заманның  «глобалды», ғаламдану талабы.

Нұрлан Бекмұрат Ибрагимов.

Торонто – Алматы.

16.11.2014ж.

С.с. Бұл Манифесттің басында орысша жазылуы, барлық қазақ оқысын, түсінсін, түйсіктің түкпіріндегісі түртпектелсін деген мақсат еді.

   
0
0
545

Осы тақырып бойынша

Канада қазағының Манифесті - Yvision.kz