Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Көзден таса болса да, көңілге ыстық...

Қазақ әдебиетінің кемеліне келіп, толықсып тұрған шағында түп іргесін – негізін, қала берді, қабырғасын бірге қаласып, күмбезін бірге әшекейлескен алыптардың қатарынан ойып орын алатын тұлғалардың бірі – Кемел Тоқаев. Қазақтың Кемелі тек өз ұлтының ғана емес, күллі адамзаттың тағдырында үлкен бетбұрыс болғанда өмір сүргендігі белгілі. Мұндай алмағайып тұста заманның аңғарын алыстан, жіті аңғару, жұрттан қалмайын деп әншейін дүрмекке ере салмай, жаңаның жағына, оның жаңа екенін, дұрыстық пен әділдік сол жағында екендігін шын ұғып, шын түсіну қиынның-қиыны еді. Кемел Тоқаев сол қиын сыннан өте білді. Ол жаңалық жағына таласып жүріп шындыққа көзі жетіп, адаса жүріп жол тауып шықты. Мұның өзі де оңай сын, оңай асу емес. Ол сын, ол асудан өту үшін де азаматтық жітілік пен әлеуметтік көрегендік керек еді. Кемел Тоқаевтың бойында сол асқарлы қасиеттердің барлығы болғандықтан қазақ әдебиетінің көгінде шытырман оқиғалы шығарма қыраны боп самғады, самғай бермек...

Кемеңгерлік қарапайымдықта екені даусыз болса, Кемел Тоқаев – нағыз кемеңгер. Өзі өмір сүрген заманындағы жалған пафостан әлдеқайда биік болған кемеңгер Кемел тұлғасы қарапайымдылықтан аспаған. Қазақтың біртуар азаматы соғыс романтикасына, әсірелеу мен жағымпаздыққа берілмеген, керісінше, шығармаларын барынша өмірге икемді, қарапайым тілде жазған. Әуезовше айтсақ, Кемел Тоқаев «шолақ тіл»-дің «оқ тіл» екендігін жете түсінгендей. Кемел Тоқаевтың бұл қырағылығын «Көшкен үйдің қонысы қайда?» повесінен байқасақ болады. Казақтың кемеңгері: «…Бет қарыған салқын желден ұйқысы шайдай ашылған жолаушы әйел басын жұлып алды. Есін жия алмай, екі көзі шарасынан шығып, жан-жағына үреймен қарай береді. Ақылға келе алмай дағдарды… Ол есік-терезесі мықтап бекі­тілген оңаша бөлмеде жатқан жоқ па еді? Онда мынаусы несі? Дәл маңдайында мыс табақтай бір нәрсе жалтырайды. Иә, қалқыған кәдімгі ай. Сонау жақта белес­теніп қарлы төбешіктер де созылып жатыр…»-дейді. Осы жолдардан-ақ Кемел Тоқаев қаламының қуаттылығы мен өзгешелігін аңғарамыз. Қаламы шебер Кемел Тоқаев оқырманды оқиғаның барысына психологиялық тұрғыда дайындау мақсатында «басын жұлып алды» тіркесін қолданған. Аңғарып қарасақ, расымен, әйел басын жастықтан жай ғана көтерген жоқ «жұлып алды». Жаңа ойдың алғашқы сөйлемінің өзі оқиғаны елестетуге мүмкіндік береді. Оқырманды психологичлық тұрғыда дайындау тәсіл әлемдік детектив жанрының тарланы Артур Конан Дойлдың шығармаларында кездеседі. Демек, қазақ детектив жанрының қыраны әлем алыптарының туындыларынан хабардар болып қана қоймай, қазақтай халыққа әлемдік әдебиетке бастар даңғыл жолдың негізін қалап берді. Кемел Тоқаевтың жазған әр сөзіне үңілсек, үлкен мағынаға тап боларымыз анық. Жоғарыдағы үзіндіде қазақтың Кемелі «мыс табақтай» тіркесін қолданған. Тегіселген мыстың жарық бөлетін қасиеті бар екендігінен хабардар болған кемеңгер Кемел Тоқаевтың жан-жақтылығы мен білімділігінде шек жоқ. Бір-ақ ауыз сөзге үлкен мағына сыйдыра білу Кемел Тоқаевқа ғана тән ерекшелік екендігінің тағы бір дәлелі осы болар.

Қатарластары мен шәкірттерінің естеліктерінен Кемел Тоқаевтың тек қана кемеңгер емес, сонымен қатар көреген болғанын да аңғаруға болады. Қазақтың Кемелі айтқан әрбір сөз айдай келетін болған. Демек, Кемел Тоқаев сөз қадірін жете түсінетін, ойын бірнеше мәрте сұрыптап барып айтатын жан болған. Кемел көрегендігінің сыры осыда болса керек. Академик Серік Қирабаев өз естелігінде: «Кемел – мінезге бай, көп сөйлемейтін, сабырмен отырып тыңдауға жалықпайтын, жүріс-тұрысы сыпайы, әрқашан таза киінетін сырбаз жігіт еді» - деуі жоғарыдағы ойды дәлелдеп тұрғандай. Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры Қасым Қайсенов те өз естелігінде Кемел Тоқаевтың көрегендігі жайында сөз қозғаған. Қасым Қайсеновтің ерлігіне сүйсінген Кемел Тоқаев оған бірде: «Ерлігіңізге батыр атағын қайтсем де алып беремін» - деген екен. Арыс азаматтың айтқаны жарты ғасырдан соң шындыққа ұласты. Бұл жайлы Қасым Қайсенов: «Кемелдей тілекші қаламгер інімнің көкейін өртеген ақ арманы түбі орындалды» - деген. Оған қоса, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов та өз естелігінде Кемел Тоқаевтың көрегендігі жайында сөз қозғайды:

« - Әңгіме, повесть жазуға әлі де жүрексінемін,- дедім.

-Сен оған қапаланба,-деді Кемел. – Мен сенің очерктеріңді оқып жүрмін. Менің байқағаным: сенің очерк деп жариялап жүргендерің – повесть, суреттеме атайтындарың – әңгіме. Сен де повесть жазасың әлі. Ал сол повесть деп жазғандарың роман болып шығады. Осы сөзімді ұмытпа». Кемел Тоқаевтың айтқаны айдай келіп, Әзілхан Нұршайықов қазақ әдебиетіне жаңа туындылар әкелді. Міне, мұның барлығы қазақтың Кемелінің уақыттан оза білген көреген болғандығының нақты дәлелдері десе де болады.

Сөз қадірі! Ол не? «Қиыннан қиыстырылып келіп, өлең жолына тізілгенде ерекше аруақтанып кететін қуатты сөз», «Тәңірі берген өнері көк бұлттан ашылған кезде тас бұлақтың суындай өңкей келісіммен сылдырап келіп, дүниенің кір-қоқысын жуып кететін құдіретті сөз», «жалын мен оттан жаралып келіп, жер-жаһанды гүл жайнатып жіберетін нәрлі сөз» - айналып келгенде қазақтың Кемелі ардақтаған қасиетті қазақ сөзінің қадірі болмақ. Жазушының өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы ұшан-теңіз. Оның мақалалары журналистиканың жалынды жолында жүрген жандарға таптырмас құрал болары сөзсіз. Күллі халық сөзіне айналған Кемел Тоқаевтың әр шығармасын оқи отырып мұздасаң, жылынасың, күйсең, салқындайсың, тасып бара жатсаң, арнаңа түсесің, қалып қойсаң, алға ұмтыласың. Қазақтың Кемелі өмірді сүйе білгендігінен де қазақ әдебиеті үшін қомақты іс атқарды. Жылжып жылдар өтсе де, әр ұрпаққа көркем әдебиеттің сиқырлы әлемімен шынайы танысу шаттығын сыйлайтын Кемел Тоқав еңбектері қашан да өмір сүре бермек. Кемел қаламынан туған шығармалар жарқ етіп өшкен жасындай жай бұлтына сіңіп, артынан жаңбыр болып жерге нұрын септі. Кемел Тоқаевтың өр үні барған сайын қара түнді ысырып, бұлтты күнгі найзағайдай көкті жарып, келешек кеңістігінен көктей өтіп, өмір көшімен бірге бара жатыр. Кемел атамды көзден таса болса да, көңілге ыстық дейтінім содан...

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, журналистика факультетінің 2-курс студенті Женисова Аида

0
0
683

Осы тақырып бойынша

Көзден таса болса да, көңілге ыстық... - Yvision.kz