Күткен сәт басталды
Сонымен күткен сәт басталды. Күні кеше республикалық штабтың ашылуы партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің жетекшілігімен онлайн форматта өтті. Жиында арнайы сөз алып, сайлаушысы мол, ең белсенді өңірдегі дайындықтың барысы туралы баяндадым.
Артынша Түркістанның түрлі саладағы тұлғалары мен іскер топ өкілдерінен құралған "Nur Otan" партиясы облыстық филиалы жанындағы қоғамдық штабтың да ашылу рәсімін жасадық. Оған жетекшілік ету маған жүктелді. Құрамына 100-ден астам азаматтарды біріктірген штабымыз науқанға сақадай-сай әзірлікпен келді.
Осы жолы алғаш рет сайлауалды бағдарламалар жергілікті жерлерде яғни аудандардың өзінде жасалды. Өңірдегі проблемалар түгелге жуық ендіріліп, алдағы 5 жылда шешу жолдары нақты қарастырылды. Тұрғындармен кездесулерде облыстың аудан-қалаларының 16 бағдарламасын тарқатып айтуға, тасада қалған өзге де түйіткілдер болса жоспарға енгізуге барынша басымдық береміз. Бір айдың ішінде 4 мыңнан астам түрлі сайлауалды шараларды жүзеге асыру жоспарымызда бар. Тіркеуге алынған 632 үміткерден бөлек насихаттық жұмысқа 1000 жас еріктіні еңбекақы төлеу арқылы тартып отырмыз. Әсіресе ауыл-аудандардағы жұмыссыз жастарды молынан қамтуға тырыстық. Олар кешегі түннен бастап үгіт материалдарын таратуға белсенді түрде кірісіп кетті.
Осы бір айда өңірдегі әрбір елді-мекенге яғни 836 ауылға партия өкілінің жетуіне, ондағы халықтың көзқарасы мен проблемаларына барынша көңіл аударуды көздеп отырмыз. Ал сайлаудан кейін мәслихат пен Мәжіліске өткен депутаттар арқылы оны оңтайлы шешуге ұмтылатын боламыз. Сонымен бірге санитарлық норманы сақтап, көшелер мен аулаларда, жекелеген отбасыларда емін-еркін кездесулер мен пікірлесу форматына жүгінеміз. Осындай нақты әрекеттер елмен етене араласуға, ортақ проблемаларды тиімді шешуге тікелей септігін тигізеді деп ойлаймын. Ендеше сындарлы кезеңде сынаққа түскен баршаларыңызға елден қолдау болғай!
