Кәсіпкерлерге қолдау мол

Мемлекет басшысының елдің өсіп-өркендеуіне бағытталған басты міндеттерінің бірі - шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Осы мақсатта бірқатар бағдарламалар қанат қағып, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жандарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әсіресе, өз кәсібін ашқысы келген отандастарымыз үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бергені мол екенін ерекше атап өткен жөн.
«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы осыдан алты жыл бұрын қолданысқа енгізіліп, сол жылы республика бойынша бірден 500 жаңа жоба субсидияланды. Бұл мақсатқа қазынадан 200 миллиардқа таяу қаржы бөлініп, өндірістік инфрақұрылым саласын жаңғырту жұмыстары жүйелі жалғасын тапты.
Осылайша, үлкен қарқынмен бастау алған жаңа жобаға қатысуға ниет білдірушілердің қатары жыл сайын арта бастады. Нәтижесінде, ел экономикасына жаңаша серпіліс келіп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы едәуір жақсарды.
Аталмыш бағдарламаның арқасында жаңа кәсіпкерлік нысандары ашылып, жұмыссыздар саны азайды. Ең бастысы, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндердің жолында кедергі болмауы үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау жасалды. Соның дәлелі ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың сәуір айында бизнестің көптеген түрлеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялағанын атап өтуге болады. Осы өзгерістің арқасында шағын және орта бизнеспен айналысқан отандастарымыздың алаңсыз жұмыс істеуіне зор мүмкіндік туды. Мұндай қолдаудың бар екенін естіген тұрғындар арасында бағдарлама қатысушысы болуға ниет білдірушілер қарасы көбейді. Тіпті, мемлекет кәсіппен айналысуға тәжірибесі аздау азаматтар үшін арнайы курстар ашып, осы саланың қыр-сырын меңгеруіне де жағдай жасады.
Қазіргі таңда бұл бағдарламаның маңызы артты. Облыс, аудан әкімдері тұрғындарды кәсіппен айналысуға шақырып, инвестициялық жобалар санын арттыру жолдарын қарастыруда. Осы бағыттағы жұмыстар Павлодар облысында да ойдағыдай жүзеге асты. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өткен жылы облыста жалпы құны 9 миллиард теңгені құрайтын 90-ға жуық жоба субсидияланған екен. Сондай-ақ, 166 адам кәсіпкерліктің негіздерін оқыту курсынан өтіп, жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін 300-ге жуық тұрғын шағын несиеге қол жеткізді.
Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда өндірістік өңір саналатын Павлодар облысына үлкен міндет жүктелгені белгілі. Осы үдеден шығу үшін облысқа қарасты аудан, ауылдарда шағын және орта кәсіп орындары көптеп ашылып, жұмыссыздық мәселесі оң шешімін тапты. Айталық, былтыр аймақ көлемінде 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Мұндай жақсы көрсеткішке қол жеткізуге аталған бағдарламаның мол септігі тиді.
Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы елімізде бюджеттің кіріс бөлігі артығымен орындалды. Бұған үкіметтің экономикалық саясаты, соның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламамсының ықпалы көп болғанын атап өткен жөн.
Жалпы, отандық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама елімізде табысты жүзеге асуда.
Марат Серікбай
