ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
-6

Көшпенділер cиқырын сақтау кімнің еншісінде?

«Қазіргі жастар шетел әншілерін тыңдайды» немесе «қазіргі әншілеріміз батыстың жұлдыздарына еліктейді» - дегенді көп естіп жатамыз. Бүгінгі ұрпаққа қалайша қазақ даласының күйін тыңдатқызамыз, Құрманғазының «Адайын» қалай жеткізе аламыз, «әсем ән мен тәтті күйдің» мәнісін түсіндіре білеміз бе...? Дегенмен де, ол біздің асыл мұрамыз.

Уақыт өтпелі, заман өзгеріп, адамзаттың өзі де, талғамы да өзгеретіні заңды. Кешегі Тәттімбеттің шертпе күйі бүгінгі этномузыканың шебер орындаушылары, iрi насихатшылары - «Ұлытау» арқылы жаңа өмірге ие болды.

Қазақ музыкасының байлығы да мол, өресi де орасан биiк екенiн дәлелдейтін А. Еңсепов, «Саз отау» сияқты этникалық сарындағы әуендермен жүректі елжірететін дарынды музыканттардың бар екендігі бізді тағы қуантады.

Көшпенділердің құпиясын тыңдарманына ашқан «The Magic of Nomads» тобы қазақтың көне аспаптары: жетiген, сазсырнай, шаңқобыз, сыбыз­ғы арқылы және қазiргi заманғы эстрада аспаптарымен орынды үйлесiм тауып, Ұлы Дала әуендерiн тың­дарманға бар әуезiмен жеткiзе бiледі. Бұл топ дарынды сазгерлерден жасақталған және тек елімізде ғана емес, шет елде де танымал. Осы күнге дейін Нью-Йорк, Лондон, Берлин, Франкфурт, Ганновер, Мюнхеннің танымал сахналарына шығып, көрермендердің сүйіспеншілігін жаулап алған.

«Magic of Nomads»-тың құрамына жобаның авторы және жетекшісі, қазақтың көне аспабы қобызды кәсіби деңгейде меңгерген орындаушы - Ғазиза Ғабдрахимова (ол қобызшыны ұлттық телеарналардан бұрын да көрген шығарсыздар), белгілі сазгер, музыка өңдеуші, жобаның продюсері әрі көркемдік жетекшісі - Ренат Ғайсин (Асылбек Еңсеповпен «Шексіздік» күйін сүйемелдеген немесе «Ойлай берме» әнін айтқан жігітті есіңізге түсіріңіз), қазақтың музыкалық көне аспаптарын шебер меңгерген сазгер, фольклор зерттеушісі - Еділ Құсайынов (елімізде көмеймен ән айтудың шебері), домбырашы - Сәлімгерей Садықов, джаз пианист - Виктор Хоменков, сазгер, өңдеуші - Ермек Дияров кіреді. Олардың «Бұлбұл заман» атты альбомы The Beatles, Pink Floyd сияқты аңызға айналған музыканттар жазылатын Abbey Road атты Лондонның танымал дыбыс жазу студиясында 2008 жылы өмірге келді. Альбомда қазақтың көне әуен­дерi мен жеңіл джаз саунды топтастырыл­ған.

Дискография.   «Бұлбұл заман» (2008)

  1. Бұлбұл заман
    (халық сөзі - муз: Е.Құсайынов)
  2. Елігай
    (халық әні)
  3. Дедім ай-ау
    (халық әні)
  4. Гәкку
    (сөзі, муз: Үкілі Ыбырай)
  5. Ерке сылқым
    (муз: Ә.Желдібаев)
  6. Құс қайтару
    (муз: Қазанғап)
  7. Ахау керім
    (халық әні)
  8. Ақ сиса
    (сөзі, муз: Жаяу Мұса)
  9. Құлан
    (муз: Р.Ғайсин)
  10. Еске аламын
    (муз: Е.Құсайынов)
  11. Адай
    (муз: Құрманғазы)
  12. Аңсау
    (муз: Р.Ғайсин)
  13. Жусан-қыз
    (муз: Р.Ғайсин)
  14. Жез киік
    (муз: Ықылас)
  15. Япурай
    (халық әні)
  16. Айтыс
    (сөзі: Асан Қайғы (XV ғ.), Ш.Сариев (XXI ғ.) - муз: Е.Құсайынов)
  17. Балбырауын
    (муз: Құрманғазы)

P.S. Мына жерден альбомның кейбір тректерінен үзінділер келтірілген. Альбомды сатып алмай-ақ, «жақын жерден» алып, тыңдай саламын десеңіз, тауып алуға оңай, іздей салсаңыз болғаны ;)