Кәрістер қазақ тіліне құштар
Оңтүстік Корея Орта Азия мемлекеттерімен, соның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынас аясын кеңейтуге әзір. Бұл меймандос елдің ықыласын кәріс студенттерінің қазақ тілін үйренуге деген құлшынысынан-ақ аңғаруға болады. Шығыстағы Корё елінде қазақтың тілін оқытатын жоғарғы оқу орындары бар.
Ұлттық арна көрерменге ұсынған Корей телесериалдары көпшіліктің көзайымына айналғалы қашан. Әсіресе, тарихи фильмдерді үзбей көреді көпшілік.
Қазір Сеулдегі «Ихуа» қыздар университетінде оқып жатқан Гауһар ұлттық арнадағы 7 бірдей корей фильмін тәржімалауға қатысты. Магистрант тілді тереңдетіп оқып жатыр. Аудармашылықтан қол үзген жоқ. Біз тамашалайтын әлі талай фильмді қазақша сөйлетеді.
Гауһар Батырханова, Сеулдегі «Ихуа» Қыздар Университетінің магистранты:
Алғашында тарихи сериалдарды аударып жүренбіз. «Ұлы ханшайым Сондок» сосын, «Қайсар ханша» тағы басқа киноларды аудардым.
Өзге елдің мәдениетін танып, тілін ұғуға кәріс жастары да құмар. Бұл елде қазақ тілін үйрететін бір емес екі жоғарғы оқу орны бар. Бибігүл Әлиасқарова шығыс мемлекеттегі Пусан шет тілдері университетінде қазақ тілінен дәріс берген ең алғашқы ұстаз.
Бибігүл Әлиасқарова, оқытушы:
Менің университетімде, бұл бөлімде үлкен қызығушылықпен бастады. Студенттерді алмасу ретінде біз Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетімен, әл-Фараби атындағы жоғарғы оқу орнымен студент алмасу жасадық. Ол жақтағы студенттер бізге келеді. Біз Пуссаннан сонда жібердік, екі жыл тілді үйренді.
Ал, Хангук университетіндегі Орта Азия факультетінің «Қазақ тілі» мамандығына осы оқу жылында отыз студент қабылданды. Бір орынға 357 талапкер таласқан. Үміткерлердің саны жыл санап артып келеді. Қазір бірінші курстағылар қазақ грамматикасын жіліктеп жатыр. Екі тілдің құрылымы ұқсас. Бірақ тілді тезірек меңгеру үшін кәрістерге қазақша үйрететін әдістеме жоқ. Сондықтан, студенттер негізгі қазақ тілін орысша әдістемелерден үйренуге мәжбүр.
Сон Ён Хун, Хангук Университетінің Орта Азия тілдері кафедрасының меңгерушісі:
Бұрын кафедра ашылғанда ҚҰУ бізге оқулық жағынан, қазақ мәдениетіне қатысты материалдар жағынан көп көмек берді. Қазір жаңа түскен студенттерге беретін оқулықтар аз.
«Мақсатқа тек жүрек қалауымен ғана жетуге болады» деп үлкен тасқа қашалған жазу бар университет алаңында. Бұл кәріс шәкірттерінің ортақ ұраны. Мұндағы студенттер тілді білумен шектелмей, ұлттың болмысын тануға күш салып жатыр. Әр студенттің қазақша аты да бар.
Пак Чё Хе, студент:
Менің атым Әйгерім, Корейше атым Пак Чё Хе. Қазақ тілін Қазақстан мен Кореяның болашақтағы жақсы қарым-қатынасы үшін оқимын.
Чоң Соң Чоль, студент:
Мен «Адай», «Балбырауын» күйін, барлығы он жеті күй тартамын. «Адай» күйі ерекше ұнайды.
Чой Жоң Еёң, студент:
Маған қазақша оқу аздап қиын, бірақ өте қызық.
Корей елінің жетекші университетінде әлемнің 45 тілі оқытылады. Қазақ тілі 2004 жылдан бастап оқу бағдарламасына енді.
