Көрінбейтін проблема
Университет қабырғасына түскен кезде мектепті бірге бітірген сыныптасым дебатқа барайық деп шақырды. «Маған ағам айтты, онда өте пайдалы және қызықты» деген сөздерінен кейін мен де көрейін деп бел будым. Сол кезде, университет қабырғасында аты шулы болып жүрген пікірсайыс клубы бар еді және басқа да студенттердің шағымдануына қарамастан біз отырысына бардық. Отырысқа келгенде адам көп болды, барлығы қызу талқылауда болды және тақырып берілген кезде кабинетіміз бен позициямызды әрең жазып алып, дайындыққа кеттік. Тақырып әйелдерге парламентте квота беру туралы болды. Досымыз екеуіміз үкімет жағында әйелдер саясатта әлсіз, түк білмейді және оларды үйрету керек деген аргументпен тақырыпты жақтауды жөн көрдік. Талқылау үстінде әріптесім: «мүмкін мына қарар әйелдер дискриминациясы туралы» деп сұрады. Дискриминация деген кезде ойыма қолына қамшы ұстаған ақ адамның құлдарды дұрыс жұмыс істемегені үшін-ұрып соғуы, қара адамдардың 20 ғасырдағы Америка автобустарында тек қара адамдарға арналған бөлігінде отыратыны немесе кейбір телесериалдардан қара адамды жұмысқа алмаған кезде дискриминация деп айтатыны еске түсетін. Былай қарасақ, мүлдем Қазақстанның мысалынан емес еді, сол себепті мен де бұның мүлде қатысы жоқ деп, досымның ойын теріске шығардым. Өзіміздің айтатын аргументтерімізге сеніп, біз екеуіміз кабинетке кірдік. Сол раундта барлық топтарға ұтылып, төрешіден біздің әйелдерді жек көрушілік сөздеріміз үшін ұрыс естідік. Неге екенін түсінбеген мен төрешімен жоғары тондағы тілдесуге кірісіп кеттім. Төрешіге ойымды жеткізе алмайтынымды түсінгеннен кейін, оның көзқарасы «біржақты және қате» деген айыптаулармен кабинеттен шығып кеттім. Ойымда тек мен мына түк білмейтін төрешіге дұрыс ойды көрсеткеніме қанағаттану болды. Кешке Вконтакте желісінде сол төреші мені тауып алып, менен дауыс көтергені үшін кешірім сұрап, мені екінші рет отырысқа келеді деген үмітін айтты. Шындық бәрібір менің жағымда екенін білгендіктен, төрешінің түсінігін сынамақшы болдым. Төреші сол кезде әйелдердің жұмыстағы немесе қоғамдағы дискриминациясы туралы және басқа да мысалдарды айтты. Айтқан сөздерінің көбісі жалған көрінді, себебі өмірімде көрген жалғыз әйелдер дискриминациясы- ол үйдегі менен бір жас үлкен әпкемді ұлдармен доп тебуге жібермейтіндігі еді. Артынан төреші маған өзінің ойларының дәлелдемесі ретінде видеолар мен ғылыми мақалалар жібере бастады. Видеодағы спикерлер көбінесе әйелдер болатын және мен олардың бұл проблеманы өздері ойлап тауып алды және өздеріне қолдау алғысы келеді деген оймен жауып тастадым. Қуанышыма орай, спикерлер арасында еркек кісі табылды. Өзінің қалжыңдау мәнерімен және жақсы жеткізуімен бұл кісі көрермендердің көңілінен шықты. Бірақ, мен оның не сөздерін, не қалжыңдарын түсінбедім. Осы кезде өзімді топас сезінген мен ерінбей мақалаларды оқуды бастадым. Мақалалар арасында «Басып тасталған әйелдер- көрінбейтін проблема» деген арандатушылық тақырып көрдім. Бұл мақаладан еркектер әйелдер проблемаларына мән бермейтіндігі, қоғамның зорлық жасаған жағдайда еркекті емес жеңіл киінген әйелді кінәлайтындығы, еркектердің «әйелдер логикасы», «предменструалды синдром», «бала туу үшін жаратылғансың» деген сөз тіркестерді қалжың ретінде қолданатындығы және тағы да басқа күнделікті өмірде миллиондап кездесетін әйелдерді басып тастаудың тәсілдері туралы оқыдым. Осындай оқиғаларға кезіккен әйелдер қоғам күлкісінен немесе сөгісінен қорыққандықтан, әрқашанда жәбірленуші не кінәлі болып қалады. Әрине, бұл мақаланы оқығаннан кейін өзімді кінәлі сезіндім. Қалайша мен бұндай сұрапыл зұлымды байқамадым деген сұрақ менің ойымда бірнеше аптаға дейін тұрды. Өмірімде өткен оқиғаларға терең үңілу арқылы мен өскен орта да патриархалды еркектік екеніне көз жеткіздім. Қазақ қоғамында қызды қырық үйден тиым деген ұғым қыздарды салт-дәстурге сай тәрбиелеу ғана емес, онымен қоса әйелдерді бала кезінен бастап таңдау, дене автономиясы сияқты құқықтарын шектеу арқылы еркектерден төмен сатыға қоюдың белгісі екендігін түсіндім. Себебі, еркектерге құқығы бар адам ретінде қалағанын істеуге мүмкіндік береді, ал әйелдерді ұрсып-сөгу арқылы осы қоғамда норма болып кеткен әйел образына дайындайды. Тиымдар тізіміне көз жүгіртсек, әйелдер қоғам ішінде өзін жәбірленуші сияқты ұстау керек. Яғни, қоғам мүшелері оған зиян келтіре алады, ал әйел қоғамның тең мүшесі ретінде өз құқықтарын қорғай алмайды. Бұл тарбиені кішкене қыздарға тек дұрыс тарбие деп бастарына құйғандықтан, ешқайсысы бұған шагымданбайды жане бұның дискриминация екенін де байқамауы мумкін. Осы және жоғарыда көрсетілген басқа да мысалдар, біздің қоғамымызда шешу түгілі байқауға қиын мәселенің бар екендігін көрсетеді. Және де мен барлық оқырмандарыма осындай кең таралған дискриминацияның салдарымен емес себептерімен күресуге шақырамын. Әлі де менің проблемам емес, мен еркекпін ғой деп ойлайтындар үшін айтарым: бұл дүниеге келерде ешкім ұл не қыз болып туылуын таңдамайды. Ал болашақ балаларымыз ешқандай дискриминациясы болмаған, гендерлік теңдігі бар, іс жүзіндегі жарқын өмірді қаласаңыз, сексизмге қарсы күресті айналаңыздағылардан бастасаңыз да жеткілікті.
