Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Күрескерлік рух

Мен өзім Шарбақты ауданының тумасы болғаныммен, көп жылдар бойы Ақтоғай ауданының Жданов атындағы тың игерушілер кеңшарында бас экономист болып еңбек еттім. Адами қасиеттері, ұлтжандылығын сөз еткелі отырған Амангелді Елтінді сол уақыттан білемін. Ол облыстық «Білім» қоғамының лекторы еді, біздің ауылға келіп, халықаралық тақырыптарда дәріс оқып жүрді. Кеңес дәуірінде қазақ жайлы сөз қозғау құпталмаса да Амангелді намысшыл, ұлт мүддесін бір ауық есінен шығармауымен ерекшеленетін. Осы қасиеттері ескеріліп, ауданда «Қазақ тілі» қоғамы құрылғанда, оған төраға болып сайланды. Мен өз ауылымдағы осындай қоғамды басқардым. Сөйтіп, қоғамдық жұмыста жолымыз түйісіп, тізе қоса еңбектендік. Өткен күндерді еске алсам, біраз іс тындырған екенбіз. Қазақ баспасөзін насихаттап, ұлттық сананы ояту мақсатында қаншама отбасының «Ана тілі», «Дауа» газеттеріне жазылуына себепкер болдық. Мұның ұтымды жағы көп болды. Қазақтың тарихы мен мәдениетін білуге құмартушылар қатары көбейіп, тың игерушілер ұрпақтары қазақтың салт-дәстүрлеріне қанығып, қазақтарға деген құрметі артты. Осындай игі істердің ұйытқысы бола білген Амангелді Елтін коммунистік партия жүргізген саясаттан сыналай жол тауып, ұлттық құндылықтар жаршысы бола білді.

Замандас болсақ та мен Амангелдіні құрметтеп «Әбеке» деп атап кеттім. Әбекеңмен біраз уақыт жолымыз айырылысып, кейін қайта түйісті. Мен Екібастұз қаласының іргесіндегі құс фабрикасына директор болып тағайындалған едім. 1995 жылы Амангелді Елтінді Атығай ауылына шақырдым, ол жергілікті мектептің директоры болды. Дағдарыс қос бүйірден қысқан өте ауыр кезең еді. Құс фабрикасының экономикалық жағдайы мәз емес. Ауылды жылу, су және электор қуатымен қамтамасыз ету фабрика мойнында болатын. Оның үстіне сол уақытта жұмысшылар айлап жалақы ала алмады. «Жұт жеті ағайынды» демекші бала бақша ғимаратында орналасқан мектептің жылу жүйесі қыста қатып қалды. Міне, сол тұста Амангелдінің іскерлік қабілеті жарқырап көрінді. Абыройлы азамат қашық орналасқан құс фабрикасына ерте келіп, ілездемеге қатысып, оқу ордасы проблемаларының шешілуіне қол жеткізіп жүрді. Қысқасы, бірсыпыра шаруа тындырды. Істен шыққан жылу жүйесі қалпына келтіріліп, кейін жеке қазандық орнатылды. Әбекеңнің табандылығы арқасында алты комплектілі шағын мектеп негізгі мектеп болып қайта құрылды. Білім ордасындағы оң өзгерістерді көрген ата-аналар қаладағы туыстарына қоя берген балаларын ауылға қайта алдырды. Ең бастысы, 1995 жылы Атығайда бірінші қазақ сыныбы ашылды. Өзге ұлт өкілдері ішінен де баласын қазақша оқытуға ықылас білдірушілер табылды. Лученко, Пятницкая және т.т. ұл қыздарының қазақ тілінде білім алуына қуанды.

Жалпы, сол кезеңде мектеп директоры оқу ордасының келешегіне тереңнен мән берді. Он мұғалім білімін жетілдірді. Ағылшын тілі пәні енгізіліп, іс-қағаздар жүргізу мемлекеттік тілге көшірілді. Тәрбие жұмысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу алдыңғы кезекке шықты. «Жігіт сұлтаны», «қыз сыны» сияқты сайыстар ұйымдастырылып, Наурыз мейрамы, Тәуелсіздік мерекесі тойланды. Ата-аналармен бірлесіп атқарылған іс-шаралар қалалық «Отарқа» газетінде жарияланып тұрды, Амангелді Елтін ауыл тұрғындарының осы газетке жаппай жазылуын ұйымдастырды. Әрине, ұлтжанды азаматтың еңбегі өз жемісін берді, Атығай орта мектебі түрлі сайыстарда, жыл қорытындысында жүлделі орындарды иеленіп, білім беру сапасы жақсарды.

Елтін Амангелдімен иық тіресіп қызмет істеген жылдардан көңілді жылы естеліктер қалды. Әсіресе, 1996 жылы Атығайда алғаш рет тойланған Наурыз мейрамы естен кетпейді. Қазақ елі тәуелсіздігін әлі толық байыптап үлгермеген, кеңес дәуірін аңсаушылар атакідік бой көрсеткен тұс еді. Сол себепті төл мерекеміздің қасиет-қадірін ауылды мекендеген түрлі ұлт пен ұлысқа ұқтыруды мақсат тұттық. Орыс, украин, татар-башқұрт, немістер қазақтармен бірге іс-шараларға қатысып, дастархан жайып, ән шырқап, би биледі. Ат бәйгесі, басқа да спорттық жарыстар өткізілді. Бүгінгі күні қазақтың исі аңқыған керемет шаралар көптеп өткізіліп жатады. Әйтсе де солар 1990-шы жылдары бастау алды. Жақсылық жаршысы болғандар ішінде Әбекеңнің, өзімнің де болғанымды ойласам, осы күні көңілді қанағат сезімі билейді.

Қазақ жылдан жылға өркендеп келеді. Біз аңсаған заман туғанына разымыз. Атығай ауылы да көркейді. Қазіргі уақытта біз үшін ыстық сол ауылда тұрмасақ та, кездескен сайын Әбекең екеуіміз сол бір қиыншылығы мен қызығы көп жылдар жайлы әңгіме қозғап, арқа-жарқа боламыз. Екуара достығымыз– уақыт тезінен өткен берік достық. Тіптен, отбасымызбен сыйласамыз, зайыптарысыз Бәтима мен Мәркеш бір-біріне туған абысындай.

Кейбір ана тілдерінде сөйлемейтін таныстарымыз өздерінің орыс мектебінде оқығандығымен ақталады. Әбекең мектепке барғанда ауылдарында қазақ мектебі болмаған. Орыс мектебін тәмамдаса да, қазақша сөйлегенде, бірде-бір орыс сөзін қыстырмайды. Ол өз мақалаларын, кітаптарын тек қана қазақ тілінде жазады.

Биыл 70 жылға толғалы отырған Амангелді Елтін әлі қайратты, белсенді өмірлік, азаматтық ұстанымы бәз баяғы қалпы. Парасатты, білімі телегей теңіз замандастың бойын кернеген күрескерлік рух оған бір сәт тыным берген емес. Амангелді Елтіннің қазақ тарихы, өркениеті мен мәдениеті жайлы жазылған терең ойлы көлемді мақалалары «Қазақ тарихы», «Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл» республикалық журналдарын да тұрақты жарияланып тұрады. Қазақ десе қабырғасы қайысатын Амангелді Елтін азаматтың сойы, оның қанындағы күрескерлік рух алаш баласының бәріне жұғысты болса екен.

Мұқамедқалым Жаңабаев, «Отарқа» 2018ж. №30.

0
0
527

Осы тақырып бойынша

Күрескерлік рух - Yvision.kz