Көп естігеннен бір көрген артық

Көп естігеннен бір көрген артық дегендей "Алмас қылыш" фильміне кеше уақыт тауып барудың да сәті түсті.
Енді фильмге қатысты өз ойымды айта кетейін.
Бірден айтайын "Көшпенділер" сияқты жай ғана мемлекеттің қаражатына түсірілген фильм болып қалатын түрі бар, оған қарағанда "Жаужүрек мың баланың" көркемдік деңгейі де актерлер ойындары да, көріністері де бәрі көш ілгері.
Әрине, әр қазақ баласы (ол дәуірді айтамын) мақалдап-мақамдап, әр сөзін теріп, өлеңдетін айтатыны шын, алайда бұл жолғы фильм театр деңгейінде ғана қалып тұр.
Жалпы, 2 млрд. теңге жұмсап түсірілген кино менің өз ойымнан шықққан шоқ.
Бірінші, Шайбани шахты өресі төмен, сарай әйелдерінің өсегін тыңдайтын дәрежеге түсіру қаншалықты қажет болды? Тұтастай бір елді басқарған патшаны бұлай көрсету қаншалықты дұрыс, билік басына жай адам келуі мүмкін емес қой?
Екінші, Керей хан бейнесі бәлендей ашылмай қалған, харизмасы жоқ.
Үшіншіден, осы қалмақ пен жоңғардан басқа бізде жау жоқ па, қашан шындықтың бетін ашамыз, әлде осы қалпымен тағы 25 жыл "жау образынан" құтылаймыз ба, шындығында Еуразия төсінде саясат құрбаны болып алып империялардың қолшоқпарына айналып, бір-бірін қан жоса қылған екі халықты сол қалпында көрсете береміз бе?
Төртінші, жауынгер қыздар жасағындағы Сәурар атты келіншек арқасына баласын салып алып соғысып жүр. Әрине, фильм болған соң желісін күшейту қажет шығар, бірақ қай заманда кім арқасына баласын салып алып қыздар қосынында жүрген екен?
Бесінші, Шайбани әулетінің адамдары бәрі Африкадағы туарегтерге ұқсай ма, әлде қазақтардан айыру үшін киімдері сондай ма, қастарына дейін қалың-ақ?

Алтыншы, кейбір аналардың түрлері балаларына қарағанда жастау көріне ме өзі, арасында алтын тісі де жарық еті қалады?
Жетінші, көш барысында жерлерің шаңдатып көшіп бара жатқан жұрт көрінеді. Негізі, қазақ халқы олай көшпейді ғой, бұлар бір шаң жұтып жүрген біреулер, экология қайда?
Сегізінші, сосын ауыл маңында қой мен сиыр жайылып жүр, қазақ дәстүрінде дәл киіз үй жанына дейін мал жаймайтын шығар?
Тоғызыншы, орталығы Алмалық қаласы болған Моғолстан жұрты тараншы еліне ұқсас, шындығында Моғолстан да өз жұртымыз еді ғой, оларды солай көрсету бұл нағыз саяси көрсоқырлық дер едім.
Оныншы, бір-екі жерінде рухыңды көтеретін көріністер болғанымен ұзақ сонар диалогтар адамды жалықтырып жібереді екен.
Он бірінші, баяғы ата жауымыз қалмақтар Моғолстанда да, Шайбани жұртында да, Қазақ хандығында да көрініс тапқан, оларды тықпалай беру қаншалықты қажет еді?
Жалпы, фильмді қарау барысындағы менің байқағандарым осылар еді.
Айтпақшы, каскадерлердің ойындары өте жоғары деңгейде екенін мойындаймын.
Қанша дегенмен, "Сүлеймен сұлтан" фильмін көрсету арқылы түрік бауырлар Осман империясын дәріптейтін болса, "Құбылай хан" фильмі арқылы шығыс көршіміз өздерін империя мирасқорлары ретінде дәлелдегісі келеді, ал солтүстік көршіміз "Иван Грозный" фильмі арқылы алып мемлекеттің мұрагерлері ретінде айтқысы келеді, ал сәйкесінше біздің де Ұлы Дала елінің - көшпенділер жұртының нақты жалғастырушысы ретінде жеткізгіміз келетіні де құптарлық.
Әрине, қазір кино экспортын 1 млрд. долларға жеткізуді көздеп отырған Түркия сияқты кейін біздің де кино экспортын шығаратын елге айналуымыз әдбен мүмкін.
Ол үшін - жасанды емес, шын батырларымымыз да, қиыншылығы мол, бірақ қаншама фильмге арқау болатын тарихымыз да бар. Тек оны жеткізе һәм көрсете біліміз керек.
Фотолар http://ult.kz/ сайтынан алынды!

