Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Көліктегі ІІД-де жас қызметкерлердің слеті өтті.

Көліктегі ІІД-де жас қызметкерлердің слеті өтті. «BNews.kz», 25.04.2014ж.
Бүгін ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінде жас қызметкерлердің Слеті өтті, деп хабарлайды ведомство баспасөз қызметі. Іс-шара мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру және жас көлік сақшыларын патриоттық сезімге баулу.   

Іс-шараны Көліктегі ІІД бастығы полиция полковнигі Берік Бисенқұлов құттықтау сөзімен ашты. Ол өз сөзінде, көлік сақшыларының алдында тұрған негізгі міндеттер мен мақсаттарға тоқталды.

«Бүгінгі Слет – біздің департаментте білікті мамандарды қалыптастыруға аса мән берілетіндігінің айғағы. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен, жылдан-жылға құқық қоғау саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Бұл ретте, Сіздер анттарыңызға адал болып, күнделікті қызметтік борыштарыңызды аса үлкен жауапкершілікпен атқаруларыңыз қажет»,- деді Берік Байболұлы.

Бұдан соң, ҚР Ішкі істер органдары және ішкі әскер Ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков пен Көліктегі ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Борис Корошкевич сөз алып, жас қызметкерлердің алдағы жұмыстарына табыстар тіледі. Жиын шеңберінде, департамент аппараты қызметтерінің бастықтары Елбасы Жолдауын іске асыру жөніндегі ішкі істер органдары жұмысының негізгі бағыттары, ІІО жас қызметкерлерін жауынгерлік және қызметтік дәстүрде тәрбиелеу туралы тақырыптарда баяндама жасады.

Шара аясында, Астана станциясындағы ішкі істер желілік басқармасының анықтау бөлімінің анықтаушысы Бауыржан Телібаев Слетке қатысушыларға үндеу жариялады.

Слетта ең үздік жас полицейлерге және олардың тәлімгерлеріне, жас қызметкерлердің ата-аналарына, ішкі істер органдарының ардагерлеріне Ішкі істер министрінің, Көліктегі ІІД бастығының грамоталары мен алғыс хаттары табыс етілді.

Сондай-ақ, департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Жанатбек Ешімов Слетке қатысушыларды құттықтап, жас полицейлерге қызметте кәсіби және азаматтық борыштарын адал және мінсіз атқару керектігін айтты. Ол департаментте қызметкерлердің құқықтық, мәдени және дене тәрбиесіне аса мән берілгендігін жеткізді.

Слет соңында жас қызметкерлер Астана қаласы бойынша экскурсияға шығып, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің мұражайымен танысты.

Көліктегі ІІД-де жас қызметкерлердің Слетін өткізу дәстүрге айналған. Онда жас мамандар өздерінің үлкен әріптестерінен алдағы қызметтерін атқаруға қажетті ақпараттар алып, тәжірибе жинақтайды.

Шараға департамент басшылығы мен жеке құрам, Ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

0
0
269

Осы тақырып бойынша

Көліктегі ІІД-де жас қызметкерлердің слеті өтті. - Yvision.kz