Көлік және коммуникация министрі Ақкөлдегі Дата-орталықта болды
Еліміздің Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев Ақкөлдегі дата-орталықтың жұмысымен танысты. Министр дата-орталықтың бірегей географиялық орналасу жағдайына және техникалық жарақталуына жоғары баға берді.

Ақкөлдегі дата-орталық ағымдағы жылдың қазан айынан бастап жұмыс істей бастады. Бұл нысан бірегей конструкцияға ие. Дата-орталық бункер түрінде жасалған. Өнеркәсіптік аумақтардан алыс орналасуы және бірегей географиялық жағдайы орталықтың апатты жағдайлардың салдарынан істен шығу ықтималдығын барынша азайтады.

Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, Ақкөлдегі ақпараттық-коммуникациялық орталықтың сапалы және сенімді техникалық жарақталуы мемлекеттік органдарға, мемлекеттің үлесі бар корпоративтік бизнестерге ресурстар ұсынуға мүмкіндік береді.

Дата-орталықтың сенімділік деңгейі - Tier II, ауданы – 480 м2, сервистік бағандардың саны - 80, сыйымдылығы – 1 000 бірлік жабдық, қуаты: 1 MВт, резерв деңгейі - N+1, қосылу арнасы - 20 Гб/с, деректерді өңдеу орталығының қолжетімділігі - 99,749%.


