Өңірдегі шығармашылық ұжымдармен онлайн-кездесу өтті
Бүгін "Nur Otan" партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы саяси кеңесі мүшелерінің "Пандемия жағдайында шығармашылық ұжымның жұмыс жасау ерекшеліктері" тақырыбында онлайн-кездесуі өтті. Кездесуге Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен Жастар шығармашылық орталығының ұжымы қатысты. Шараның бас спикері Жаңақала аудандық "Жаңарған өңір" газеті редакциясының директоры, "Nur Otan" партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, Праймериз кандидаты Ермекқалиев Алтынбек Серікұлы Праймериздің көптеген мүмкіндіктер бергенін алға тартты. Соның ішінде, өзін-өзі көрсетуге, өз ойын халыққа жеткізе білуге септігін тигізгендігін атап өтті. Оған қоса, редакцияның жұмысы да тоқтап қалмай, пандемия кезіндегі ел жанашырларының жасап жатқан істерін газет бетіне үзбей жариялап отырғандарын қоса айтты. Сонымен қатар, Жастар шығармашылық ұжымы да өздерінің пандемия кезінде атқарған жұмыстарымен бөлісті. Қиындыққа мойынсұнбай, жаңа форматта жұмыстану арқылы әр мейрам сайын онлайн-шаралар өткізіп, олардың халық тарапынан үлкен сұранысқа ие болғандығын жеткізді.
