Индира Бектенова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс хатымен марапатталды
Қазақстанда 28 маусым күні аталып өтілетін Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпаздары мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімін өткізді.
Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні кәсіби мерекесінің қарсаңында Арыстанбек Мұхамедиұлы БАҚ-тың қазіргі қоғамдағы маңызды орнын атап өтті. Ол бұқаралық ақпарат құралдары елдің әлемдік ақпараттық және мәдени кеңістіктегі орнын анықтап, әр мемлекеттің ішінде ғана емес, елдер мен халықтар арасындағы қоғамдық қатынастардың дамуына әсер ететіндігін айтты.
Мәдениет және спорт министрлігінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын министр А. Мұхамедиұлы табыстады.
Мекеме басшысы мәдениет, спорт, дінаралық келісім мәселелерін белсенді насихаттап жүрген семсер сөздің серілеріне Министрліктің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын табыстады. Олардың қатарында «KAZsport» телеарнасының журналисі Индира Бектенова бар.

Әріптесімізді шын жүректен құттықтай отырып, оған шығармашылық табыс пен сәттілік тілейміз!
Анықтамалық дерек:
28 маусым күні БАҚ туралы алғашқы қазақстандық заң қабылданған. Алғашында Баспа, радио және телевизия күні деп аталған мереке 2012 жылға дейін маусымның соңғы жексенбісінде аталып өтілетін. Алайда 2011 жылғы 20 қазанда жарық көрген Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, 28 маусым нақты мейрам күні болып белгіленіп, Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні деп аталды.
