Имандылық құлашын кең жайған елді мекен
Қостанай облысы Қарасу ауданына қарасты Октябрьск кентінде жергілікті халықтың игілігіне діни сауатын ашуға барлық жағдай жасалған. Бұл жердегі тұрғындар осы мешіттің ашылуына және қазіргі діни тұрғыда барлық өрісті істеліп отырған имам Салих Серік қажы Қуаныштайұлына шын жүректен ризашылықтарын білдіріп келеді. Мұнда әу баста 90-шы жылдардың ортасында мешіт болған емес.
Қазіргі кезде осындағы мешітті көруге және оның көп салалы істерімен танысуға, келелі оң үлгілерін біліп көруге жан-жақтан діни имандылық жолын қуған адамдар көптеп келуде. Жақында ғана бұл мешітте облыс діни өкілдігі өте пайдалы семинар өткізді.
Имам Салих Серік қажы үлкен еңбек сіңірген қайраткер Алматыдан дін оқуын бітіріп келген жас имам мұнда мешіт салуды қолға алды. Бұрын спорт ойындарын өткізетін кішігірім залды оған жергілікті әкім ұсынғанда қолына тигені ұсқынсыз, сырттан қарағанда сүйкімсіз үйшік еді. Қаңырап, бос тұр. Аңғал-саңғал, терезелерін бұзып алып кеткен, қабырғалары құлауға айналған қалыпта еді. Қазір көрсеңіз мешіт қалыпқа келген, түрі шығыс дизайнмен өрнектелген. Едені қалың, көтерілген, фундамент іші шлаққа толтырылған, жиналған топқа өте қолайлы, жылы, кілем үстінде жайғасып отыра береді. Ішінде тек мешіттік жабдықтармен қамтамасыз етіліп қоймай, Серік қажы қабырғаларын музейлік өте құнды құжаттармен безендірген, ғажабы осы аймақтың бұрынғы дін жолында болған молдаларды дізіп, жұртщылық көруге өте ыңғайлы еткен. Осында келген адамдар, жас өспірім шәкірттер бабаларының дізімде тұрғанын көріп, шексіз дән риза.
Серік қажы осында имам болып істегелі мұсылмандық бес парыздың біреуі Меккеге барып келуді атқарған он бір қажының дізімін көрсетті. Мешітті салғанда өзі оқу бітіріп келген тек имам емес, қол қусырып тұрмай цемент езгісін қалақшамен кірпішке жағып, алғаш қабырғасын бастап, құрылысқа кірісіп кетті. Құрылыс материалдарын әрине жергілікті тұрғындардың қолдауымен өзі бас болып, жас жігіттерді ұйымдастырып тасумен айналысты. Жергілікті тұрғындардың демеушілігі мол болды, мешіт салысуға өз көмектерін аяған жоқ. Атап айтқанда Шәкірмухамед Ерматович Халметов, Заур Мусаевич Итаев.
Бұрын жергілікті тұрғындар қазалы үйдің керекті жағдайын атқаруды, мәйітті шығарып салуды, жетісін, қырқын өткізуді осы кенттегі кез келген кафелерде жасайтын. Бұл мұсылмандық шынайы шариғат үлгілеріне келмейтін, халалға қарсы істер еді. Жас келсе, іске дегендей Қуаныштайұлы Серік қажы мешіттің жанында арнайы асхана ашуды қолға алды. Бұл үйді салуға көп қаражат керек еді. Серік қажы бір жұма намазында осы ойын жиналған жамағатқа білдіріп еді. Олар имамның әр ісі көпшіліктің қамына бағытталғанын өте терең сезіп, имандылық ақ жолдың белгісін білдіріп, ешкім тіс жармай, құп келісімдерін айтып, әр үй болып қаражат жинады. Бұл асхана құрылыс жобасымен салынды. Қазір ел жұртшылығы осында жиналады. Серік қажының ісіне өте қуанышты. Қай күндер болса да, қыстың сары аязында мешіт, асхана іштері жылы.
Имам Серік қажы Қуаныштайұлы Сары Арқа-дала төстігі Торғайда өсті. Сонда орта мектепті аяқтады. Бала кезінен аталарының бірі қажы болғанын естіп, ол дін жолын қууды арман етті. Діни жоғары оқу орнын тәмамдады. Каникулда Торғайға келгенде белгілі Қожа Ғазез қажы Әмірханұлынан оң бата алады. Бір жылдан кейін Серік Меккеге барып келіп тағыда діндар, өте терең білімді Қожа Ғазез қажыдан жақсы лебіздер естіп:
- Сен түбі сахабаны Мұхамбедтің (С.Ғ.С.) имандалық ақ жолына көптеп түсіресің, - деп бала қажы атаған екен. Ол кезде Серік 19 жаста еді. Бүгінде Серік қажы дін жолын қуған жастар үшін үлгі, өзінің шәкірттері де бар. Шынында Серіктің бойында діни алған білімі ғана емес іскерлігі де байқалып тұр. Ұзын бойлы, әр сөзін анық іскерлікпен айтатын иманды, ұлағатты, барынша ақ көңіл, сабырлы ел азаматын көресің.
Қазақстан мәңгілік ел болуға нық қадам басқанда имандылық жолын шын жүректен қуған адамдармен дәл осындай жамағаттарды Пайғамбар жолына бағыттайтын аяулы азаматтар көп болса екен деген игі тілектеміз.
Ж.Уақбаев
Қостанай облысы
Әулиекөл ауданы
Аманқарағай а.
