Имандылық белгілерінің бірі – опагершілік
Абдуллаһ Хикмет Атан
Хадис ғылымдарының докторы
Имандылық белгілерінің бірі – опагершілік
Әбу Һұрайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай дегенін нақыл етеді: «Мұнафықтың белгісі үшеу: Сөйлесе жалған сөйлейді, сөз берсе сөзінде тұрмайды және өзіне бір аманат табысталса, оған қиянат жасайды» (Бұхари, Иман 24; Мүслим, Иман 107, 108).
Опалы болу сөзінде тұру және берген сертінен айнымау деген сөз. Жоғарыдағы хадисте сөзінде тұрмау иманға кереғар болып табылатын мұнафықтықтың белгісі екендігі айтылған. Мұнафықтық дегеніміз адамның өзі сөзіне, ісіне сай болмауы деген мағынаны білдіреді. Тілімен мұсылман екендігін айтып тұрып, жүрегімен иман келтірмеген адамдарды мұнафық деп атайды. Сондықтан да опалы болу әр мұсылманның бойында болуы тиіс болып табылатын имани сипаттардың бірі. Құран Кәрімде: «Сол бір мүминдер аманаттарына берік және сөздерінде тұрады» (Мүминун сүресі, 8-аят) деліне отырып, иман мен опалы болу сипаты арасында тікелей байланыс бар екендігі және мұндай адамдар жұмақтық екендігі айтып жеткізілген (Мағариж сүресі, 32-аят).
Құран Кәрімнің бұдан өзге аяттарында да көптеген жерде опалы болу және берген сөзінде тұру әмір етілген: «Берген сөздеріңді және жасаған келісімдеріңді ұқыптылықпен орындаңдар. Себебі берілген сөз жауапкершілікті қажет етеді»(Исра сүресі, 34-аят).
Уәдеге берік болуды екі түрлі категорияға бөлуге болады: Бірі Аллаһ алдында опалы болу, ал екіншісі адамдарға опалы болу.
1. Аллаһ тағалаға опалы болу
Зажжаж атты ғұламаның пәтуәсі бойынша Аллаһ тағала бұйырған және тыйым салған барлық нәрсеге опалы болуымыз қажет. Құранда Аллаһ тағала: «Маған берген сөздеріңді орындаңдар, Мен де сендерге уәде еткендерімді берейін» (Бақара сүресі, 40-аят) деп бұйырады. Тағы бір аятта: «Кім уәдесін бұзса, тек қана өз зиянына бұзған болады. Ал кім Аллаһқа тиісті міндеттеріне опалы болса, Аллаһ оған үлкен сый-сияпат беретін болады» (Фатх сүресі, 10-аят) деп баяндайды.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) Муаз бин Жәбәлдан (р.а.):
«Ей, Муаз! Аллаһтың өз құлдарында, ал құлдардың Аллаһ тағалада қандай ақысы бар?» – деп сұрады. Сонда Муаз:
«Аллаһ және Оның Елшісі жақсы біледі», – дегеннен соң Пайғамбарымыз былай деп айтты:«Аллаһтың құлдарындағы ақысы тек қана Оған құлшылық жасауы әрі ешкімді Оған ортақ қоспауы. Ал құлдардың Аллаһ тағаладағы ақысы Өзіне ештеңені ортақ қоспағандарды азаптан азат етуі».
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) құл мен Раббысының арасындағы осы бір жауапкершілік жайында былай деп дұға ететін: «Уа, Жаратқан Аллаһ! Күшімнің жеткенінше арамыздағы уәдеге және сертіме адал болуға тырысып келемін!» (Бұхари, Дағауат 16). Пайғамбарымыздың бұл сөзінен астыртын түрде өзінің әлсіз пенде екендігін мойындағанын көруге болады. Осылайша Пайғамбарымыз осы сөздері арқылы: «Уа, Раббым! Әлмисақта бізге: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» деп сұраған едің. Біз: «Иә, Раббымызсың!» деп жауап берген едік. Осылайша мойындаған өз құлдығымның бар жауапкершілігін ең жақсы түрде орындауым керек. Өйткені Сен соған лайықсың! Ал мен бойында міні көп, Сенің алдыңдағы құлдық міндеттерімді кіршіксіз орындауға дәрменім жетпейді. Солай бола тұрса да қолымнан бар келгенін аянбауға тырысудамын!» деп жатыр.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл сөзінен алар ғибрат құлдардың Ұлы Жаратушысының бұйрықтарын орындап, тыйым салғандарынан тыйылу арқылы құлшылық жасауы, Аллаһ тағала алдында берген өз уәдемізден туындайтын жауапкершілік екендігін ұғынуымыз керек. Ал керісінше істесек опасыздық жасаған боламыз.
2. Адамдарға опалы болу
Берген сөзде тұру, жасасқан келісімдерге адал болу, адамдардың жүрегіне сенім ұялату, осының бәрі опалы болуға жатады. Дәл Пайғамбарымыз (с.а.у.) секілді. Ол Пайғамбар болмай тұрып-ақ «Мухамммадул-Әмин» яғни, сенімді Мұхаммед еді. Сөзіне берік, жауапкершілігіне адал жан еді. Ең үлкен дұшпандарының өзі оның бұл ұлы ерекшелігін жоққа шығара алмаған болатын. Сондықтан олар оған «жын соққан» деп жала жабудан басқа амалдары қалмаған еді. Оның ұлы тұлғасы осы опалылығымен ерекшеленіп, өзге адамдарға қатты ықпалын жүргізгені сөзсіз.
Опаның енді бір мағынасы махаббат пен достыққа адал болу. Бұған басқалардың жүгін арқаласып, қиыншылықтарына ортақ болу арқылы қол жеткізуге болады. Жаратылғандарды Жаратушысының құрметіне жақсы көру. Бұл опагершіліктің кемелденген белгісі.
Осының бәрі адамдарға тек қана қайыр әкелетін сипаттар. Опалы адамнан айналасына жақсылықтан басқа ештеңе келмейтіні анық. Олардың істеген әрбір ісі ізгілік. Әрбір ісі мейірімге толы. Ондай адамдар тіпті дұшпандарына да тасқа таспен қайырмай, мейірімділік қанатын кең жаюды басты назарда ұстайды. Дәл Пайғамбарымыз (с.а.у.) секілді. Хижреттің сегізінші жылында (миләди 630), Меккені басып алған кезінде он үш жыл Меккеде және сегіз жыл Мәдинада, барлығы жиырма бір жыл бойы өзіне тек қастандықтан басқа ештеңе жасамаған мүшриктерді алаңға жинап, оларға:
«Уа, Құрайыш қауымы! Сендерге қандай мәміле жасайды деп ойлайсыңдар?» – деп сұрағанда, олар:
«Сенен тек жақсылық күтеміз. Сен мәрт бауырымызсың, жомарт атаның ұлысың» деп жауап берген-ді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.):
«Мен сендерге Юсуфтың өз бауырларына айтқанындай: «Бүгін сендерге өткен істі табалау жоқ!» (Юсуф сүресі, 92-аят) деймін. Ал енді тараңдар, бәрің еркінсіңдер!» – деп, оларды кешіре салған-ды. Сол кездері тағы бір оқиға болды:
Осыдан соң Пайғамбарымыз Харам мешіттің (Қағба) ішінде отырған еді. Бұрын қажыларға су мен зәмзәм тарату ісі Абдулмутталиб ұлдарының қолында болатын. Бұл қызметті Хазірет Аббас атқаратын. Ал Қағбаны ашып жабу және кілттерін ұстау Әбу Талха ұлдарына тиесілі еді. Хазірет Әли сол екі қызметті қосып Абдулмутталибұлдарына берілуін сұрады. Алайда Расулуллаһ (с.а.у.) Талхаұлы Османды шақырып:
«Ей, Осман! Бүгін ізгілік пен опагершілік күні, ал, мынау кілттер сенікі!» деп, Қағбаның кілттерін бұрынғы иелеріне ұстатты. Осылайша өткенін ұмытпас опалылықтың үлгісін тағы бір рет паш етті.
Мұсылман Аллаһтың әмірлеріне сай өмір сүрген уақыттарында әрдайым оқ бойы озық тұратын болған. Тіпті мұсылман еместердің өзі оларды құрметтеп бағалайтын. Олардың опагершілікке берік болғандығы соншалықты дәрежеде, тіпті басып алған өлкенің халқы оларды бөрігін аспанға лақтырып қуана күтіп алатын. Осылайша бірде жаулап алған өлкесінен мұсылмандар сол аймақтың халқына қорғаныс болатындықтары себепті олардан салық жинаған болатын. Алайда насырлары алға шаппай мұсылмандар ол аймақтан шептерін шегіндіруге мәжбүр болып қалады. Сол кезде олар жинаған салықтарын түгелдей халыққа қайтарып береді. Себебі оларды қорғай алмағандықтан, олардан алған салықтарын өздеріне лайық көрмегендіктен. Бұл оқиға мұсылманның тек қана мұсылманға ғана емес, барша адамдарға да опалы болғандығының тағы бір үлгісі ретінде тарих беттеріне енді.
Мұсылман жан-жақты кәміл адам деген сөз. Ал бұл Исламның қағидаларына бағыну арқылы келетін қасиет. Сол қағидалардың бірі осы, уәдеге опалы болу. Аллаһтың алдында да, адамдар алдында да опалы болған адамдар, адамдарға тек қана жақсылық әкелетін адамдар Құранның тілімен айтқанда «Аллаһ оларға үлкен сый-сияпат көрсетеді», сол сый-сияпат астарынан өзендер сылдырлап аққан, көркем нығметтермен безеулі жұмақ болмақ.
Аллаһ Тағала уәдеге берік, опалы құл һәм сол сыйға қол жеткізуді баршамызға жазғай!..
