ІІМ елдегі есірткі бизнесімен күрес жұмыстары бойынша есеп берді
Есірткі бизнесімен күрес департаменті биылғы жылдың 7 айында есірткімен байланысты 2 мың 123 қылмысты анықтап, ашты, деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесімен күрес департаментінің бастығы Сұлтан Күсетов ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
«Есірткі бизнесімен күрес департаменті биылғы жылдың 7 айында есірткімен байланысты 2 мың 123 қылмысты анықтап, ашты. Осындай қылмыс жасағандары үшін 3 мың 322 адам тұтқындалды. Заңсыз айналымнан 25 тонна 625 келі түрлі есірткілік заттар алынды. Оның 86 келісін героин, 115 келіден астамын гашиш құрады. Айта кететін мәселе, бізде гашиш есірткісін алу оқиғалары жиілеп кетті. Осы есірткі түрін тасымалдағаны үшін 30 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталып, 15 есірткі тасымалының жолы кесілді. Олардың ішінде 3 бағыт халықаралық деңгейге шығып кеткен»,-деді департамент бастығы.
Оның сөзінше, Қазақстан есірткі саналатын қарасора өсімдігі жайлаған алқап болатындықтан, елде 1-маусым мен 30 қыркүйек аралығында «Көкнәр» атты кең ауқымды операция басталды.
«Биылғы жылдың 1-маусым мен 30-қыркүйек аралығында құқық қорғау органдарының күш-қуаты тек есірткі тасымалдаушылармен және оны саудалаушылармен күреске ғана емес, қарасораны өсірумен айналысып жүрген азаматтарды да анықтап, жауапқа тартуға бағытталатын болады»,-деді С.Күсетов.
«Көкнәр» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған 2 айда 23 тонна 200 келі түріл есірткілік заттар алынды.
Есірткінің заңсыз тасымалымен күрес жұмыстары барысында басты күш республиканың құмды аймақтарындағы арнайы өсірілген, жүйкеге әсер ететін өсімдіктердің алқабын жоюға бағытталады, деді Сұлтан Күсетов.
«Бүгінгі таңда Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жалпы көлемі 0,3 гектар аймақты қамтитын 11 алқапта 6 плантация анықталды. 10 мыңнан астам, арнайы өсірілген қарасора өсімдігі жойылып, 2 мың 272 түп мак өсімдігінің апиыны жойылды. Есірткі саудасынан түсетін оңай пайдаға кенелу үшін қылмыскерлер түрлі айлаларға барады»,-деді С.Күсетов.
Қызылорда облысында Шиелі және Арал аудандарында жүргізілген екі операция барысында салмағы 750 келі болатын 533 түп қарасора өсімдігі жойылды. Жүйкеге әсер ететін өсімдікті әдейі өсірген Қызылорда қаласының 51 жасар тұрғыны ұсталды.
«Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би және Сайрам аудандарында қарасораны арнайы өсірудің 2 фактісі анықталды. Жүйкеге әсер ететін өсімдіктер ауыл шаруашылығы өнімдерінің арасында өсірілген. 6 мың 518 түпке жуық өсімдік жойылды. Осындай өсімдіктер өсіру жағдайы Жамбыл облысында да анықтылды»,-деді С.Күсетов.
