Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Халық жағдайы қалыпты

Елімізде тұрғындардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын көтеруге айрықша мән берілуде. Осы мақсатта әр саланың жұмысын жандандыруға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар табысты жүзеге асып келеді. Шүкір делік!

 

Әлемнің көптеген елдері дағдарысқа ұшырып, экономикалық-әлеуметтік тұрғыда түрлі қиындықтарға тап болып жатқаны белгілі. Ал біздің еліміз түрлі жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, халық жағдайын жақсартуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүйелі жүзеге асырып, ары қарай жандандыруда. Айталық, келесі жылдан бастап елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасы қанат қағатын болды. Бұл жөнінде таяуда ғана ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеме жасап, аталмыш бағдарламаның мақсат-міндеттерін жұртшылыққа кеңінен түсіндірді.

- Алдыңғы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің әлеуеті нығайтылды, нарықтық меxанизмдердің элементтері енгізіліп, заманауи медициналық теxнологиялардың трансферті жасалды. Аталған бағдарлама қол жеткізген нәтижелерді бекітуге және дамытуға, денсалықты қорғау мәселелерін жаңа қауіп-қатерлерге сай шешуге бағытталған, – деді министр өз сөзінде.

Қазақстандықтардың игілігі үшін жарық көргелі отырған жаңа бағдарлама аясында отандық медицина саласындағы мәселелерді шешу көзделген. Осы бағыттағы іс-шараларды ойдағыдай іске асыру үшін ел қазынасынан қыруар қаражат та бөлінді. Бұл – бір ғана мысал. Сол сияқты өзге салаларда да оң өзгерістер мен тың жобалар қолға алынуда. Осының бәрі – ел дамуының кепілі екені сөзсіз.

Тағы бір жаңалық – келесі жылдан бастап елдегі бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру жоспарланып отыр. Яғни, қазіргі таңда елімізде еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілуде. Сол бойынша 2016 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап елдегі қызметкерлердің еңбекақысы санаттарына байланысты көтерілмек. Мәселен, білім беру саласындағылардікі 15-29%-ға, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің жалақысы 7 – 28%-ға, ал әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және өзге де салаларда қызмет істейтін жұмыскерлердікі шамамен 15-40%-ға дейін өседі деп күтілуде. Осы мақсатқа бюджеттен 272,6 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылған екен.

Осылайша, біздің елімізде қызметкерлерге, жалпы халыққа деген мемлекеттік қолдау жылдан-жылға жандануда. Яғни, халық жағдайы қалыпты деген сөз. Ал әлемнің кейбір алпауыт елдерінде керісінше, тұрғындардың күнкөрісі төмендеп, қиын жағдайлардың орын алып жатқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі еститін болдық. Өкінішті!

Бұл ретте, қазақстандықтар бүгінгі байқуатты өміріне шүкірлік етіп, мемлекеттік саясаттың өте сауатты, жоғары деңгейде жүзеге асып жатқанын бағалай білгені абзал.

Сайып келгенде, мұның бәрі Мемлекет басшысының салиқалы саясаты мен мемлекеттік бағдарламалардың жемісі!

Анара Ислямова

 

0
0
919

Осы тақырып бойынша

Халық жағдайы қалыпты - Yvision.kz