Гүлназ Жоланова және Іңкәр Әбдіраш – «Таңшолпанда» қонақта
«Қыздар» телехикаясының басты кейіпкерлері бүгін таңғы бағдарламада қонақта болды.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан көрсетілген «Қыздар» телехикаясы 11 маусым күні аяқталды. Осыған орай телехикаяның басты кейіпкерлерін сомдаған актрисалар Гүлназ Жоланова және Іңкәр Әбдіраш бүгін «Таңшолпанда» қонақта.
Телехикаядағы Айлан мен Зеренің рөлі туралы актрисалар: «Айлан – көшбасшы, барлығының басын қосып жүретін, мансапшыл жан. Ал, Зере – ақылды, байсалды, ақкөңіл әрі аңқаулығы бар қыз. Кейіпкерлеріміздің кейбір мінездері өзімізге ұқсайды»,-дейді.
«Телехикая көрсетілу барысында әлеуметтік желілерде мақтау да, сын да, екінші маусымы болса деген тілек те айтылып жатты. Орнды, орынсыз сын болды. Барлығын қабылдадық, келешекте нәтиже шығаруға тырысамыз»,-дейді Гүлназ Жоланова. «Сынға дұрыс қарадық. Себебі, бұл фильм – барлығымыз үшін тәжірибе. Телехикая түсірілген үш ай уақытта тығыз күн режимінде жұмыс істедік. Мысалы, таңғы 06:00-дан кешкі 21:00-ге дейін түсірілім алаңында жүрдік. Түнде үйге келісімен келесі бөлімнің сценарийін жаттау керек. Ол бір бума қағаз. Бір айта кетерлігі, біз бірінші бөлімнен соң, екінші бөлімді түсірмейміз.
Мысалы, бүгін бірінші бөлімнің 22 сахнасын түсірсек, бір сағаттан кейін отызыншы сахнасын түсіреміз. Одан кейін тіпті 32-ге көшіп кетеміз. Осы арада кейіпкерлердің ара қатынасын да сақтау маңызды. Бірде жақсы болса, бірде онша емес. Мұның бәрі шеберлікті қажет етеді»,-дейді Іңкәр Әбдіраш.
Сұхбаттың толық нұсқасын таңғы бағдарламадан көре аласыздар.
