G-Global – дағдарысқа қарсы ұстаным
Бүгінгі таңда, еліміздегі азаматтық қоғамның дербес, белсенді және жауапкершілігі мол бөлігінің бірі – жастар. Жастар қоғамдағы қозғаушы күшке айналды. Мұның себебі де бар, Елбасы жастар саясатына соңғы жылдары үлкен маңыз беріп келеді, сондай-ақ нақты жұмыс істеудің үлгісін де көрсетті.
Мамырдың 21-22 аралығында елордада VІІ Астана экономикалық форумы аясында ІII Дүниежүзілік экономикалық жастар форумы өтті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі жөніндегі комитеті, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық Компаниясы АҚ, «Қазақстанның жас депутаттары Ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі және шаһардағы бас университеттердің ұйымдастыруымен өткен форумның тақырыбы – «Жастар үлесі: экономикалық интеграция және «жасыл» технологиялар» деп аталады. Жастардың форумын ашқан «Үлкен Еуразиялық университеттік кешен» АКҰ президенті, Орал мемлекеттік экономикалық университетінің ректоры Михаил Федоров форум алаңы әлемнің түкпір-түкпірінен жастарды жинап, пікір алмасу мақсатында ұйымдастырылғанын, сондай-ақ диалог тақырыбы тұрақты экономикалық дамуға арналған жастардың бастамаларына негізделіп отырғандығын тілге тиек етті.

Кез келген интернет пайдаланушының түрлі зияткерлік жұмыстарға, атап айтқанда сараптамалық шолуларға, пікірталастарға, бизнес жобалар мен сауалнамаларға қатысуына мүмкіндік беретін жаңа формат G-global сұхбат алаңы – әлемдік қаржы дағдарысынан шығу тетіктерін құру және талқылауға бағытталған халықаралық виртуалды жоба болып табылады. Осы мәселе төңірегінде Қазақ Гуманитарлық заң университетінің ректоры Талғат Нарықбаев, «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ АҚ коммуникация және маркетинг бөлімінің директоры Әсел Қожақова және «Қазақстанның жас депутаттары Ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Олег Толкайлов өз пікірлерін білдірді.
Жаһандық сынақ кезеңінде, түрлі мемлекеттердің жастар қауымы бүкіл адамзат қауымының алдында тұрған мәселеге ат салысу үшін бірегей майдан құруға өз ынталарын білдіріп отыр. G-Global қозғалысының бастаушысы да Қазақстан болып табылады. Жоба әлемдік қаржы дағдарысынан шығуға және дағдарысқа қарсы шаралар қатысушылары қатарын кеңейтуге бағытталған. Сәйкесінше, 150 мемлекеттің сарапшыларының пікірсайысы және пікірталас форматында өткен форум алаңы да әлемдік экономикалық дағдарыстың кілтін іздеуге бағытталды. Әлем ғалымдарының басын қосқан алаң барысында әлемдегі көкейкесті мәселелер қызу талқыға түсті. Мәселен, сессияның «Жасыл» бизнесті дамыту» бөлімінде «Жасыл» бизнестің болашақ бағыттары мен салалары және шағын «жасыл» бизнеспен өзін қамтудың қолжетімді технологиялары сөз болды. Сессия жұмысына қатысқан жерлесіміз, Петропавл қаласының тұрғыны Андрей Стрелец өз жеке кәсіпкерлігінде тиімді пайдаланып жүрген «вермимәдениетін» енгізудің амал-тәсілдерін пысықтап, көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, форум делегаттары арнайы ұйымдастырылған телекөпір арқылы шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды. Кейін пленарлық отырыс қорытындыланып, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін қолдау аясындағы Үндеудің жобасы делегаттар тарапынан бірауыздан қабылданды. «Жасыл» экономикаға жастардың қосқан үлесінің бастауы ретінде жас гүл көшеттері отырғызылды.

Өскелең ұрпақтың интеллектуалды әлеуеті мен тың идеяларының қажеттілігін ескере келе, 150 мемлекетті біріктірген Жастар экономикалық форумының маңызы зор. Біз, жастар қауымы, Қазақстан мен дүниежүзіне маңызды ЕХРО сынды көрмеге дайындық барысындағы шараларға атсалысуға ниеттіміз. Өйткені, жастар – мемлекетіміздің болашағы.
Айгүл ТӘШЕТОВА, форум делегаты,
«Тайынша таңы» газетінің Бас редакторы.
