Анна Гавальданың «Ensemble, c'est tout» романында: «Адамға эмоциялардың қажеті не, егер де олармен бөлісетін ешкім жоқ болса?» - деген сөз бар. Сезім, көзқарас, көңіл-күйдің өзін басқаларға жеткізудің бір тамаша жолы – өнер; соның ішінде кино өнеріне қатысты Future Shorts туралы қысқаша айтып өтсем.
Future Shorts – бұл авторлық қысқаметражды кино, анимация, клип және видеоартты Британия, Дания, Германия және Ресей сияқты 21 елде тарататын және насихаттайтын ірі тәуелсіз кинолейбл. 2007 жылдан бастап бұл жобаның Қазақстанда Алматы, Астана және биылдан бастап Қарағанды қалаларында 20 көрсетілімі өтті.
Жаңа маусымды Future Shorts Қазақстанның үш қаласында «Июность» қысқа метражды кино фестивалімен бастады. Жастық шаққа арналған 8 кино махаббат, арман, қателіктер, жауыздық және Amon Tobin, Thunderheist мен Sigur Ros музыкасының толқынында сұлулық пен би жайында.
Осылардың ішінен барлығы емес, тек бірнешеуіне тоқталсам,
Kings of London. Режиссер Шон Конвэй 2008 жылы Ұлыбританиялық гетто тұрғындары жайында сыр шертетін кино түсірді. «Лондон патшалары» біріншіден әлеуметтік жағдайларға екпін жасайтын секілді, алайда, романтикалық эпизодтарды көрген кезде, гетто, кедейлік, алкоголизм, жауыздық , қорқыныш, өлім деген сөздер бұл киноның тек қана құралдары екеніне көзің жетеді. Сонымен, өзіме гетто жокей Аристотель мен оның жеңіске деген шексіз, шетсіз құлшынысы, әлде мылқау өмірінің мәні жайында хикая басқа жеті кинодан ерекше ұнады.
[ ] [ ] [ ] [ ] Sigur Rosдың Gong әніне түсірілген ресми емес видеосы бір жігіттің көңіл күйін баршаға жария болғанын көрсетеді. Бұл видеоның ерекшелігі музыкада, ал видеоқатардың деректі сюжеті бар болса да, жеңіл қабылданады.
The News. Люк Шанаханмен түсірілген бұл қысқаметражды кино «арсыздық, цинизм» жайында айқайлап тұрғандай, бірақ осындай абсурдты көрініске еріксіз күлуден басқа амал жоқ, әлде... Сюжет қыз бен жігіттің диалогынан құрылған.
I Love Sarah Jane. Постапокалипсистік уақытта тұрып жатқан Джимбо мен оның махаббаты жайында. Бұл кино жасөспірімдер арасында кең таралған аяусыздықпен көзге түседі. Содан болар «Eden Lake» киносын еске түсірді.
Jerk It. Режиссер: That Go (Ноэль Пол мен Стефан Мур), Канада, 2008. Thunderheist тобының видеосы. SXSW 2009 кинофестивалінде «Клип» номинациясында басты жүлдеге ие болды. Қимыл, қозғалыс, музыка. Шын мәнінде, сөздің қажеті де жоқ.