«Фридом Хаус» ұйымы өз бағытынан адасқан сияқты ма?
Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін әлемнің көптеген алпауыт мемлекеттерімен қоян-қолтық жұмыс істеумен қатар, саяси тұрғыда да тәжірибе алмасудан шет қалған жоқ.
Егемен еліміздің еркіндігі мен саяси белсенділігін арттыру мақсатында әдістемелік көмек көрсетуге келген шет елдік мекемелердің бірі – халықаралық «Фридом Хаус» атты үкіметтік емес ұйым. Айта кетерлігі, аталмыш ұйым 1941 жылы Американың Вашингтон қаласында құрылған. Ал Қазақстандағы филиалы 2004 жылы Алматы қаласында ашылған. Ол содан бері еліміздегі «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры, құқықтық саясатты зерттеу орталығы, «Алматы хельсинг комитеті», басқа да бірқатар үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс істеп келеді.Алайда, соңғы кездері америкалық «Фридом Хаус» ұйымы елдегі оппозициялық партиялардың сөзіне еріп, солардың сойылын соғып, халықтың өзіне деген мол сенімін жоғалтуда. Тіпті, мемлекеттік маңызы бар істерге де орынсыз араласуда. Бұл – аталған ұйымның өз жолынан, ұстанған бағытынан тайғандығын көрсетеді десек, қателеспеспіз. Мәселен, жуырда Қазақстан Сенаты «Дін істері мен діни бірлестіктер қызметі» туралы заң қабылдаған болатын. Оған бірқатар қоғамдық ұйымдар қарсы шықты. Қарсылық білдіргендердің арасында көш бастап жүрген «Фридом Хаус» ұйымы Сенаттың заң жобасын қабылдаудан бас тартуын сұрады. «Жаман үйдің қонағы билейді» демекші, шет елдік бір ұйымның біздің елдегі заң жобасына өзінше билік айтып, мәлімдеме жасауы көпшіліктің күлкісін келтірді.
Жалпы, қазіргі таңда «Фридом Хаус» ұйымының жасаған іс-әрекетіне, ұстанған шолақ саясатына көңілі толмай жүргендер көп. Себебі, халықаралық деңгейдегі аталмыш ұйым кейде шала мәлімдеме таратып, халықтың көзқарасын басқа арнаға бұруда. Айталық, үстіміздегі жылдың мамыр айында, яғни «3 мамыр-халықаралық сөз бостандығы» күніне орай, Американың Вашингтон қаласындағы халықаралық журналистер орталығында өткен форумда сөз алған Фридом Хаус ұйымының жетекшісі Қазақстанда сөз бостандығы атымен жоқ деген мәлімдеме жасаған екен. Бұл туралы аталмыш форумға қатысқан республикалық «Жас Алаш» газетінің тілшісі Жанболат Мамай өзінің есеп беру мақаласында баяндаған еді. Бірақ, бұл пікірмен қазақстандықтардың келіспейтіні ақиқат. Өйткені, Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілгендей, біздің ел құқықтық, демократиялық, зайырлы мемлекет борлғандықтан, елдегі сөз бостандығына шектеу қойылды дегенге ешкімнің сенбейтіні анық. Керісінше, біздің мемлекетте еркіндік, сөз бостандығы орнаған. Өз ой-пікірін ашық білдіріп, еркін жаза алатын тәуелсіз басылымдар да, телеарналар да көп. Сондықтан, Фридом Хаус ұйымының бұл жерде кесіп айтқаны әрине, дұрыс болмады. Сонымен қатар, ол ұйым Қазақстанда демократия жоқ деген түсінікте.
Міне, осындай ойы арам үкіметтік емес ұйымдардың негіссіз жұмыс істеуі, орынсыз мәлімдеме жасауы – көптеген көзі ашық адамдардың ренішін тудыруда. Сол үшін біздің ақыл-есі сау, саналы халқымыз көрінген ұйымның айтқанына сеніп, ауыздарын ашып отырмауы керек. Олай дейтініміз, кезінде ел сенген әйгілі «Фридом Хаус» ұйымы дәл бүгінгі күні көрінгеннің қол шоқпарына айналуда...
Ал сіздер қалай ойласыздар?
