Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Феминизмдік ұстаным отбасындағы қақтығысты тудыру мүмкін бе?

Біреулер әйел адамдардың еркек адамдарға қарағанда үстемдігі басым болуы дейді. Яғни, матриархатқа келіп тіреледі. Ал кейбіреулер әйел мен еркектің заң, саясат және азаматтық құқық бойынша тең дәрежеде тұруы деп есептейді. Менің ойымша, феминизм әйел адамның тәуелсіздігін көрсетеді. Кез келген елде әйел адамның жеке құқығын қорғауға арналған түрлі заңдар да шығарылған. Бірақ, ол үкімдер барлық мемлекетте тұрақты түрде сақталады деп те айта алмаймыз. Мысалы, жұмысқа орналасу барысында көп мекемелерде еркектердің жолы басым болады. Не себепті? Себебі, әйел адам болған соң, оның көңілі толықтай жұмыста болмауы мүмкін деп ойлайды. Өзінің отбасын, бала-шағасын ойлап, көп нәрседен артта қалып кетуі мүмкін дейді. Сондай әйел адамдар бар. Бұл ойды жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, ол адамның жынысына байланысты деп ойламаймын. Интеллектуалды дамыған, алға қойған нақты мақсаты бар әйелдер бар емес пе?! Заман дамыған сайын адамдардың да көзі ашық бола бастады. Үйінде бала-шағасымен жылдап отыратын аналар күйеуіне тәуелді болғысы келмей, түрлі онлайнжұмыстармен айналысып та жүр. Түптеп келгенде бұл адамның өз-өзін бағалауына байланысты деп ойлаймын. Мысалы, бұрыннан қазақтардан келе жатқан «алып қашу» мәселесі де ең өзекті проблемалардың бірі. Көптеген қыздар «ұят болады» деген идеологияны ұстанып, өз еркінсіз танымайтын адаммен некелеседі. Қыз қалап тұрмаса да, оны күштеп тұрып сол үйдің шаңырағында қалдырады. Шынымды айтсам, қыздардың соншалықты өздерін бағаламай, «Мен» деген ұстанымның болмауы, өздерін жеке тұлға ретінде көрмеуіқатты қынжылатады. Осындай жағдайда қыз баланың қалауын ешкім де сұрамайды. Ал өз еркімен, келісім бойынша алып қашу деген мүлдем бөлек мәселе. Көп еркектердің соның ара-жігін ажыратуды білмегендіктен түрлі қайғылы оқиғалардың орын алуы да содан болар.

Жаратушы Алла әйел адамдарға сый-құрмет көрсетуді, оларды аялап, аманат етіп, қорғауды бұйырады. Ауыр шаруа істетпейді, өте алмаған жерінен көтеріп, құлаған жерінен демейді. Отырыста орын таппай қалса, орын береді. Тіпті, жерлеуге де қатыстырмайды. Себебі, жүректеріміздің қатайып кеткенін қаламайды. Бірақ, кейбір еркектер оны түсінбей, басқа мәселеге көп мән береді. Әйелдің отбасындағы басты міндеті – күйеуінің разылығын алу. Иә, әйел адам күйеуін жоғары орынға қойып, барынша қолдан келгенді істеуге тырысады. Дегенмен, кейбір еркектер бұл сөзді басқаша түсініп, әйелдерге құл ретінде қарайды. Шындап келгенде, отбасының мәртебесін, шаңырағын еркек адам емес, әйел адам көтереді. Көбісі керісінше ойлайды. Әйелдер керек кезде еркектерге бой ұсынып, өзін қалай ұстау керектігін біліп, туыстарын сыйлайтын болса, шаңырақтары шайқалмайды деп ойлаймын. Еркектер сол үшін де әйел таңдағанда көп ойланады. Басқалармен салыстырып, тәрбиесіне аса мән береді.

Ұстанымы дұрыс, ақылы бар әйелдер мен қыздар ешқашан да физиологиялық тұрғыдан теңдікті қаламайды. Біздің жаратылысымыз сондай бөлек болуы тиіс. Әлемде бүкіл тұрғыдан бірдей адам жоқ. Тіпті, саусақтың ізіне дейін ерекшеленеді. Бірақ, өкінішке орай, өзінің жынысын физиологиялық жағынан өзгерткендеркөбейіп барады. Бұл адамның өзін-өзі қабылдай алмай, айналасындағы проблемалардан болуы мүмкін. Егер тереңіне дейін үңілетін болсақ, онда бала кезден бергі санасының дұрыс дамымауына байланысты деп ойлаймын. Жатырда жатқан кезде де түрлі өзгерістер болады деген ойлар даталқыланады. Расында да, әйел адам жүкті кезінде өзіне аса мән беруі керек. Күнделікті жейтін тағамы, баратын жерлері, көретін нәрселері, ішкі эмоциялары бәрі де балаға қатты әсер етеді.

Сондай-ақ, қанның тазалық мәселесі де бар. Жеті атадан қыз алыспау керек деп ата-бабамыз бекерден айтпаған. Адамның ағзасындағы хромосомалар бұзылып, ауру болып, тіпті екі жынысты болып туылатыны содан болар.

Феминист қыздарды көп еркектер ұнатпайды. Себебі, олар феминизмді еркек адамға, патриархатқа қарсы шығу деп ойлайды. Дәл солай ойлайтын әйелдер де бар. Оның бәрі адамның ойлау қабілетіне, түпкі санасына келіп тіреледі. Сол үшін де отбасындағы қақтығыстар болады.

«Әйел адамдардың өзіндік құқығы мен сөз бостандығы болуы қажет» деген ұстанымды қолдаймын. Ал отбасындағы қақтығыстың шығуына феминизмдік ұстанымның әсері тисе де, барлық жағдайда бола бермеуі де  мүмкін. Яғни, әйел адамның феминизмді қандай мағынада қабылдауына байланысты деп ойлаймын.

Жетекшісі: аға оқытушы  Н.Б.Рушанова

Осы тақырып бойынша

Феминизмдік ұстаным отбасындағы қақтығысты тудыру мүмкін бе? - Yvision.kz