Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Европа елдерінің баспасөзі.

ХҮ ғасырдың аяғында Европаның батысында ұлттық негізде бір орталықтанған бірқатар мемлекеттердің пайда болғаны белгілі. Олардың қатарында Англия, Франция, Испания, ал бұлардан да бұрын Португалия пайда болған еді. Мемлекеттер аумағы ұлғайған сайын шенеуніктік қызметтердің ауқымы кеңейді. Ел билеушілері өз елдерін алтын мен күміспен байытуға тырысты. Капиталдың қоғамдағы орны артты. Жаңа экономикалық қатынастардың дамуына байланысты өндіргіш күштер дами бастады. Әлемдік сауда көлемі ұлғайып, теңіз біріншілігі және отар үшін күрес бәсекелестігіне ене бастады. Европалық ішкі сауда шапшаң дамыды. Өмірге қажетті барлық өнімдер өндіріле бастады. Ірі қалалар Лондон мен Парижде, сонымен қатар Солтүстік Италия мен Испан қалаларында матаның қымбат сорттары өндірілді. Осындай монополиялардың қалыптасуымен алыс елдерге сауда жасау үшін саудагерлерге тиімді банк жүйесі, ірі биржалар  қалыптасты. Монархиялық жағдай экономикаға араласты. Капитал күші қоғамдық қатынас құралына айналды. Әлемдік деңгейде Англия тарихында орын алған маңызды оқиға 1640-1660 жылдардағы феодализмге соққы берген ағылшын революциясы болды. Елде монархия және екі палаталы парламенттік басқару жүйесі орнады. Феодалдық шектеулер саудаға тыйым салу, корольге тәуелділік және цензуралық қатаң қадағалау іскерлердің наразылығын күшейтті. Ағылшын тағындағы алғашқы Стюарттар I Яков пен (1603-1625) және оның ұлы I Карл ішкі саясат пен сыртқы саясатта да буржуазия мүдделерімен санасқан жоқ. Осыған сай ағылшын қоғамында саяси және рухани цензура бой көтерді.  Сонымен  қатар бірнеше революциялық толқулар болды.

Журналистика пайда болғанға дейін Европада ақпараттар әртүрлі тәсілдермен тараған болатын. Ақпарат таратуда діни уағыздаушылар мен шешендер үлкен роль атқарды. XYI ғасырда Англияда, басқа елдердегі сияқты, арнайы агенттіктер пайда болып, жаңалықтарды жинастырып, басып, сата бастайды. Бірте-бірте журналистиканың пайда болуына жол ашылды. Сауда дамып, білімді адамдар көбейіп, қағаз шығару өндірісі дүниеге келеді. Баспасөз тарихын зерттеушілердің арасында алғашқы газет әлем бойынша Германияда жарық көрген деген пікір бар. Бірақ, Ұлыбританияның Бирмингем кітапханасынан 1606 жылғы «Уикли ньюс» газетінің («Апталық жаңалықтар») 31 қаңтардағы N19 саны табылған көрінеді. 1624 жылғы шыққан газетті айғақтайтын  үш дерек табылған. Шығарушылар Т.Аргер, Н.Баттер. 1637 жылы I Карлдың цензура туралы заң шығаруы ағылшын баспасөзінің дамуына әжептәуір зиянын тигізді. Н.Баттердің бұл газеті 1641 жылға дейін шығып тұрды. Газеттің жабылу себебін Цензураның қарапайым шындықты басуға рұқсат етпегендігімен түсіндіреді. Ағылшын революциясы тұсында баспасөздің жұлдызы жарқырай түсті. Құнды жаңалықтарды халық үзбей оқуға тырысты. Газет тиражы өсті. 1641 жылы Парламентте «Диурнал оккеренсиз» апталығы шыға бастады. Революцияға дейінгі газеттер сауда-саттық тақырыбын жазатын «тар шеңберді» қамтыса, революция кезінде газеттер саяси күрестің бағыт, бағдар берушісі, үгітшісі болды. Памфлеттер – бұл кезеңде журналистиканың негізгі формасы болып саналды. Журналистика қоғамда қуатты күшке айналды. Ағылшын революциясы кезінде Дж.Мильтон, Дж.Лильберн, Дж.Уинстенли сияқты тамаша публицистер саны артты. 1660 жылы Ұлыбританияда болған монархиялық биліктің қайта орнауы баспасөзге үлкен өзгеріс әкелді. Цензура газеттерді өз қарамағынан шығармады. Билік басындағылардың рұқсатымен «Интеллидженер» және «Ньюс» газеттері ғана шығып тұрды. Газеттерді шығарушылар роялист Роджер Л. Эстранж еді. Кейін корольдің бұйрығымен Оксфорд баспагері Леонард Литчфилд  «Оксфорд газетін» ұйымдастырды. Бұл газет бірінші Оксфордта, одан кейін Лондонда шығарылып «Лондон газеті» деп аталады. Бұл газет күні бүгінге шейін шығарылып келеді.  ХҮІІ ғасырдың екінші жартысында Англияда сатиралық баспасөз қалыптаса бастады. Виги партиясы шығарған «Уикли пэкет...» апталығы сатиралық басылымның айқын көрінісі болды. Оның шығарушысы Генри Карр кейіннен қамауға алынды.

0
0
187

Осы тақырып бойынша