Есіл ауданындағы кездесу

Ағымдағы жылғы 26 мамырда Есіл ауданының әкімдігінде Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің СҚО бойынша департаменті басшысы - Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғ.С. Тұрсынбаевтың қатысуымен мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру жөнінде семинар өткізілді.
Жиынға аудан басшылығы, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округтер әкімдері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жетекшілері мен мамандары, этномәдени бірлестіктер, саяси партиялар және БАҚ өкілдері қатысты.

Департамент басшысы Ғ.С. Тұрсынбаев, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының Бірінші институционалды реформасын жүзеге асыру аясында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңдарына, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне тоқталып, жиылғандарды Министрліктің функциялары және оның алдына қойылған міндеттермен таныстырды.
Баяндама барысында мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын қатаң сақтануларына ерекше назар аударылды. Өйткені, күні кеше ішімдікті асыра пайдаланған аталмыш ауданның қызметкері қоғамдық орында дөрекі мінезімен танылып, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірген болатын.

Сондықтан Ғалым Тұрсынбаев мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта да жалпыға міндетті әдеп нормаларын қатаң сақтанып, қоғам тарапынан сын сөз естімеу үшін мемлекеттік қызметке кір келтіретін іс-әрекеттерден аулақ болуларын ескертті.
Кездесу соңында Департамент басшысы қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, кәсіби мемлекеттік аппарат бұқара мен мемлекеттің тығыз байланысы арқасында ғана қалыптасатындығын тілге тиек ете кетті.
