«Есіктен есікке» шарасы жалғасын тапты
«Есіктен есікке» шарасы жалғасын тапты
«Nur Otan» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Есіктен есікке» акциясы бойынша облыстық сайлауалды штабтың басшысы Елубай Әбілов пен ҚР Мәжілісі депутатына кандидат Самат Мұсабаев бүгін Мұнайлы ауданы, Басқұдық а.о болды.
Акция барысында аудан халқының шаңырақтарына арнайы барып, партияның жетістіктері туралы баяндап, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. 2007 жылы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен құрылған Мұнайлы ауданы бүгінде дамыушы аудандар қатарында екені сөз етілді. Қандастарымыздың ең көп шоғырланған ауданның дамуына ерекше мән беріліп, инфрақұрылымы толықтай жүргізілген, жолдар кезең-кезеңімен салынуда, мектеп-балабақшамен толық қамтылған, медициналық орталықтар да аудан халқының өсуіне орай бой көтерілуде екені жеткізілді. Сондай-ақ ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы үшін әлі де көптеген жобалар жүзеге асырылмақ. Штаб басшысы Е.Әбілов: «Бүгінгідей аспанымыз ашық, бейбітшілік заманда, тыныштықта өмір сүруіміз Елбасының үлкен еңбегінің, саяси бағдарының арқасы. Елбасының төрағалығындағы «Nur Otan» партиясы еліміздің одан әрі өркендеп, дамуына атсалыспақ. Жарқын болашақ пен алдағы жетістіктерге бірге жету үшін «Nur Otan» партиясын қолдауға шақырамын», - деді.
Аудан тұрғындары өз тараптарынан үйме-үй кіріп насихаттық жұмыстарын жүргізіп, талап-тілектерін тыңдауға келген партия өкілдеріне алғыс білдірді. Құрылыс саласының ардагерлері Нұрбай Көбенов, Жұмабай Сұлтанмұратов, Мақсұт Найзабеков ағаларымыз да Елбасының арқасында атамекенге оралып, қолдауға ие болғандарын жеткізді.
Акция бір ай бойы үгіт-насихат шаралары аясында жалғасын табады.
