Ерғазы палуан
1731 жылы Кіші Жүздің ханы Әбілқайыр, 1740 жылы Орта Жүздің ханы Әбілмәмбет пен сұлтан Абылай Қазақстанның Ресейге бодандығы туралы шартқа қол қойды. Қазақ хандары Шарт сыртқы және ішкі жаулардан қорғану үшін керек деп санаса, Ресей үшін бұл әрекет «Петр І патшаның шығыс мәселесін» іске асырудың басы еді. Қазақ жерлері Ресейдің құрамына кіріп, 1854 жылы Семей ішкі округі құрылды. Павлодар облысының аумағы Семей округінің құрамында енді. Жаңа әкімшілік реформа бойынша хан мен сұлтандардың билік жүйесі жойылып, орташа жаңа билік жүйесі енгізіледі. Реформа бойынша сайланатын аға-сұлтандар, болыстар, билер, ауылынайлар Қазақстанды билейтін болды. Көптеген «қарадан» шыққан аға-сұлтандардың есімдері данышпандығымен, парасаттылығымен қазақ тарихында қалды. Мысалы: Құнанбай Өскенбайұлы, Мұса Шорманов, Қазанғап Төлепбергенұлы, Шалғынбай Бірәліұлы. Сол заманда Қайке деген дәулетті адам болыс болып сайланады. Қайке дәулетіне ақылы сай адам еді. Болыстардың патша үкіметіне қызмет етуден басқа да міндеттері болды. Солардың бірі - мәдениет саласы. Қайке өзінің айналасына атақты әншілерді, айтыскер-ақындарды, палуандарды, атбегілерді, құсбегілерді жинап алып, жүрген жерінде халыққа сауық ұйымдастыратын. Қайке болыстың қосында біздің аталарымыз Ерғазы палуан (бойы 2 метрдей) да болыпты. Ол заманда атақты адамдардың астары, жәрмеңкелер, тойлар, басқа да шаралар күрессіз, ат бәйгесінсіз, айтыссыз, құс салусыз өтпейтін. Ерғазы палуан барлық күрес сайыстарының жеңімпазы болып, аты аймаққа тарады. Айналадағы ауылдар «Қайке келе жатыр» дегенді естісімен семіз малдарын сойып, болыстың тобын құрметпен қарсы алады екен. Қайке болса дастархан басында өзінің тәуір көретін палуанына майлы еттен таңдап, өз қолымен асатады екен. Егер де сойылған мал арық болса, құнын төлеп семіз қой алдыртып, сойғызып, майлы етті Ерғазыға жегізетін. Оған үй иесі қуыстанып, қайтар жолында семіз тай сойып, Қайкені қарашыларымен бірге қайтадан қонақ қылады екен. Халықты таң қалдыру үшін Ерғазы палуан тері шалбардың сыртынан ақ шалбар киеді екен. Көрген жұрт таңданып, « Ерғазының саны бураның санындай» деп үрейлене айтып жүріпті.
Бірде Қайкені қашық жерде орналасқан Қоянды жәрмеңкесіне шақырады. Оған Үш Жүздің шамасы жеткен бүкіл қазақ даласының аға-сұлтандары, болыстары, әйгілі билері, өнер адамдары қатысыпты. Ерғазы да Қайке көші ішінде палуан ретінде аттанады. Дода барысында күрескерлердің бірі жеңіп, екіншісі жеңіліп сайыстан шығып жатты. Бірнеше жеңістен кейін Ерғазы да ақтық сайысқа жетті. Қарсыласы – өзінен бір бас биік Қарқаралының Арыстан деген палуаны. Жүлдеге түйе байланыпты. Белгіленген уақыт та болды. Арыстан нағыз дәу, бойы Ерғазыдан бір бас биік. Түрі түксиген, қасы ұзын, көзі шүңірейген, бет-әлпетінің өзі адамды шошындырғандай. Үстінде жабағының терісінен тігілген жарғақ, белін мықты матамен орап байлаған. Білегінің жуандығы келсаптай (18 –20 см). Арыстанның денесі аппақ еді, жұрт «мынау кебек жеп өскен ғой» деп сыбырласып жатты. Кейбіреулері Ерғазыға мүсіркей қарап, «мына «қараторы» Арыстанға қарсы күш көрсете алмас» деп, аяушылық білдірді. Төреші белбеулерін тексеріп, «бастаңдар» деген белгі берді. Кейін Ерғазының айтқан әңгімесінен: «Сол сәтте Арыстан маған ұмтылып, бар пәрменімен жағымнан келсаптай жұдырығымен салып жібергенде, есеңгіреп қалыппын, жақ сүйегім ұматылып, шашылып қалған шығар деп ойладым. Әрі қарай не болғанын, қайдан күш пайда болғанын, өзім де білмеймін...» Ерғазы дәуді қолдан ұрып жібергенде, жарғақ көйлек белбеуге дейін қақ айрылыпты. Белбеуден екі қолымен шап беріп ұстап, Арыстанды көтеріп алып, артына қарай лақтырып жібереді. «Дүрс» етіп шалқасынан құлаған дәу кешке дейін жатқан жерінен тұрмапты. Денесі қатты ауырды ма? Әлде жаурыны жерге тиіп көрмеген палуанның намысына тиді ме? Оны ешкім білмейді. Әйтеуір, төрешілер, ығай мен сығайлар жиналып, өзара келіссөз жүргізіпті. Ақыры, Ерғазы мен Қайке болыстың келісімімен жүлдеге тігілген түйе Арыстанға, ал Ерғазыға тұлпар ат беріліпті. Осы жәрмеңкеден кейін «Қараторы батыр» Ерғазының лақап атына айналды, өзі бүкіл аймаққа танымал болды.
Ерғазының Шайғазыға жасаған көмегі
Ертеректе өлкеде ұн тартатын диірмендер аз болатын. Бидайды тартып алу үшін шаруалар қысқы уақытты пайдаланатын. Қыста жазға қарағанда егіншілердің қолдары бостау болатын. Кейде ұн тартып алу үшін диірмен басына бір-екі күн қонаға жатып, кезекте тұратын жағдайлар орын алып жатты. Шайғазыға әкесінің жабдығын өткізу үшін ұн керек болды. Бар бидайын қаптарына салып, шанаға тиеп Бөртеге (Попасная) диірменге келеді. Диірмен басы ұзыннан-ұзақ кезек. Тосарға уақыт тығыз. Сыбырласып, тамыр-таныс іздеп көріп еді, нәтиже болмады. Ешкім кезексіз өткізбеді. Сонда бір ағайын ақыл береді: «Сен Қараторыға бар, сол ғана саған көмектесе алады», – деп. Шайғазы Қараторы батырға барып, жағдайды түсіндіріп, көмек сұрайды. Әзер дегенде Ерғазы палуан көмектесуге келіседі. Бірақ, шартын айтады: «Мына бидайдың сенікі екенін ешкім білмеу керек. Сен тек маған көмектесіп жүрсің». Диірмен басына келісімен, барлығымен сәлемдесіп болған соң, қаптарын қолтықтарына алып, қос-қостап таразыға таси бастайды. Соңғы жағынан біреу күңкілдеді: «Неге кезексіз өткізіп жатсыңдар? Бұларың дұрыс емес!» -деп Сонда бас жағында тұрған бір ақсақал: «Қараторының бір еркелігіне көнбесек, несіне ел болып жүрміз»,– депті. Сонымен Шайғазы Қараторының көмегімен бидайын ұн қылып тартқызып алып, әкесінің жабдығын дер кезінде өткізіпті.
***
Күзді күні Шайғазы Ерғазымен бірге Құлынды базарына аттанады. Жылымды ауылына (Курский) келсе халық абыр-сабыр. Ашықтың ішінде көздері найзағай атқан бір тонналық бұқа қамаулы тұр. Сыртындағы адамдар құрық ұстап, арқан лақтырып, бұқаны ұстаймыз деп әрекеттенуде. Мықты-мықты жігіттер кезектесіп бұқаға арқан лақтырады, бірақ бұқа берілмейді. Бұл бұқа бір адамды сүзіп өлтіріпті. Енді ұстап бауыздайын десе, ешкімнің шамасы жетпейді. Ерекең арбадан түсіп: «Мен бауыздап берейін, ақысына не бересіңдер?»– деп сұрапты. Ауылсоветтің төрағасы безектеп: «Керегі жоқ, жарақаттап тастар, өзіміз бірдеңе қылармыз?»,– деп бас тартады. Бірақ басқа шешім болмаған соң, ақыры келіседі. Ерғазы: «Өз ықтиярыммен бұқаны ұстап, бауыздап беремін»,– деп қолхат жазып береді. Төраға еңбегі үшін бұқаның бір сан етін беретін болады. Ерекең артық киімін шешіп тастап, ақ көйлек пен ақ дамбалмен қалады. Саптама етігінің қонышына пышақты салып алып, ашықтың ішіне секіріп түседі. Бұқа осқырып, алдыңғы аяғымен топырақты жан-жағына шашыратып, Ерғазыға тұра ұмтылады. Жұрт: «Өлді-ау! Өлді-ау!..»,– деп шу ете қалды. Ерекең қарсы шапқан бұқаны мүйіздерінен шап беріп, ұстап алып, бұқаның мойнын бұрап, жерге топ ете түсіреді. Қолма-қол саптама етіктен пышақты суырып алып, бұқаны бауыздап жібереді. Тұрған халықтың көпшілігі орыстар еді: «Вот киргиз дает»,– деп бастарын шайқап, таң қалысады. Ақ көйлек пен ақ дамбал қан-қан болса да, тиістіеңбегіне бұқаның бір санын алып, Ерекең мен Шайғазы киім ауыстыруға ауылдарына кейін қайтады. Құлынды базарына келесі күні барады.
Масығұт қажының әңгімесі
Біз Ерғазы ағаймен Асберген ауылында көп жылдар бірге тұрдық. Аралары 3-5 шақырым құрайтын Асберген, Жаңа-Ауыл, Бауыртал, Жалғызкөл арасында Ерғазы ағай арбамен Құрқамыс бекетінен жанармай тасыды. Пар өгіз жегілген арбаға екі бөшке жанармай артылады. Жанармай құйылған бөшкенің салмағы 3 центнерден асатын. Бөшкені екі бөрене қойып домалатып арбаға арту үшін 4-5 кісі керек. Ал енді мен осы бөшкелерді Ерғазы ағайдың жалғыз өзі артқанын көрдім. Алдымен «Әуп!» деп бөшкені тізесіне қояды, одан кейін тағы бір «Әуп!» деп арбаның үстіне дік еткізіп қоя салатын. Сонда Ерғазы ағайдың сұрапыл күш иесі екеніне көзім жетті.
***
Күзгі шөп дайындау науқанында Ерғазы ағай маяшылармен бірге болады. Себебі, ол кісідей шөпті ешкім биікке лақтыра алмайды және бір алғанда бір шөмелейді бір-ақ көтеретін. Ерғазы ағай үшін айырды үш ашалы қайыңнан арнайы жасайтын. Кәдімгі темір айыр лақтырысына шыдамайтын. Жұмысты апырып-жапырып істейтін адам тамақты да солай ішетіні белгілі. Ерғазының тамақ ішісін көрген адамның өзінен-өзі тәбеті ашылатын. Бірде ауылдастар қақ жарылып: «Ерғазы бір отырғанда бір қойды тауысып жей алады ма? Жей алмай ма?» – деп бәстеседі. Бәс тігілді. Төрешілер сайланды. Қазандық желдің ық жағына орнатылды. Пісіп жатқан еттің исі Ерғазының мұрнына бармау керек. Ет пісірушілер де тағайындалды. Ет қатты да емес, тым езілген де емес, бір келкі болуы керек. Ет дайын болғаннан кейін, Ерғазы жайланып көрпенің үстіне отырады. Сол отырғаннан үзіліссіз бір қойдың етін 4-5 сағаттың ішінде жеп тауысып шықты. Жеңгендер қуанып, бәстерін тойлап жатты. Ал Ерғазы, тегінде ет адамның денесін қыздырады, құдыққа түсіп, 2-3 сағат суық суда отырды. Төрешілер Ерғазы құдықтан шыққасын қараса, денеден шыққан май бір елі болып судың бетінде қалқып тұр екен деседі.
***
Ерғазының әкесі Ыбырай да алып адам болыпты. Жас кезінде бәске Ыбырайға бес адам сойылмен (солқылдақ таяқ) жабылғанда да, дес бермей, бәрін сұлатып тастапты. Халық ол адамды еркелетіп, Ыбыш тәуіп деп атап кетіпті. Ыбыш тәуіп халық емшісі болған. Шөппен, өзі жасаған дәрімен, шірткімен емдейді екен. Сонымен қатар араб тілін меңгерген оқымысты молда болыпты. Ыбыш тәуіп ауылға келгенде, сырқаты бар адамдар тәуіпке көріну үшін 1-2 күн кезекке тұрады екен. Тәуіптің емдері көбінесе шипалы болып, сырқат адамдар сауығып кетеді екен. Ел ішінде жазылып кеткендердің ішінде қылтамақпен ауырғандардың да болғандығы айтылып жүрді. Ыбыш тәуіп ауылдарға біреулердің шақыртуымен ғана барады екен.
Бүгінгі күнде облысымыздың әр түкпірінде Ерғазы палуаннан тараған жиеншарлар мен олардың ұрпақтары тұрып жатыр. Олар әр салада еңбек етеді, бірақ, өкінішке орай, араларынан бірде-бір палуан шықпапты.
Жазып алып, өңдеген Мұхамедқалым Жаңабай, Амангелді Елтін.
