Енем ұлын қызғанады.
Әңгімесін тыңдап, жедел полиция шақыруға бел буған едім. Жәбірленушінің айтуынша енесі құрбыларымен түн жарымда қонақтан оралған. Жұбайлардың ұйқысын бұзып, бақырып, шулап, төсегін төңкеріп, жас келінді тепкілеп, аз уақытта үйін астан-кестен етіпті. «Көмектесіңізші» деп хабарласқан шағымданушыдан мекен-жәйін сұрадым.

Біреуден қатты қорықты ма, телефонын өшіріп тастады. Кейін хабарласқанда сөндірулі болды.
Араша сұраған әйелдердің баратын жері, баспанасы жоқ. Төрт қабырғадағы зорлық-зомбылықтан анасы да, баласы да зардап шегеді. Өкінішке қарай отбасылық кикілжіңдерге полицияның селқос қарайтыны, екіншіден «ұят болады» деп әйелдің ата-анасының қысым жасауының салдарынан әлгіндей енелер де, әйеліне әлі жеткен ез еркектердің тасы өрге домалап тұр. Дағдарыс орталығынан паза іздеген Мариям да енесінің ұрыс-керісінен өз үйінен қашыпты:
-Енем баласын қызғанады. Менің айтқанымен жүресіңдер деп үйде жиі шу шығарады. Менің көзімше күйеуіме жамандап, баламды жұлқылап тартып алды. Перзентімді алуға талпынғанда күйеуім екі-үш рет жұдырықпен төмпештеді. Мен соққыдан жерге жалп еттім. Енем үстімнен ары-бері аттап өтті. «Бұл саған аз деп» бақырып жатты. Бұл бірінші ұрыс-керіс емес. Келін болып келген алғашқы аптада енем мені ұрып,телефонымды сындырып тастады. Үйде ақша ұстамаймын. Бір бөлмеден шықпаймын. Телефонымды тартып алады.
Енемнің «бес баланы жалғыз бақтым. Сен бір ұл тудың. Бәрін өзім білемін. Бұл үйде менің айтқаныммен жүресіңдер» деп ұрыс-керісті осылай ушықтырады. Енді күйеуім де қол көтергеннен күні бірінші ,екінші күні сабырлық сақтап, үшінші күні дағдарыс орталығына хабарластым. Карантин кезінде ата-анам да келе алмайды. Олар менің қорғансыз екенімді айтты. Мен ол үйге оралуға қорқамын.
КАРАНТИН КЕЗІНДЕ ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ОҚИҒАСЫ КӨБЕЙДІ.
Зүлфия Байсакова Қазақстан Дағдарыс орталықтарының президенті
-Егер қаңтарда «150» номеріне 150 адам телефон соққан болса, наурызда 500-ге жуық қоңырау түскен. Бұған қоса, ватсап желісіне жүзден аса хабарлама келген. Отбасында көрген зорлық-зомбылық, қоқан-лоққыдан әбден қажыған жандар орталыққа телефон соғуға қауқарсыз. Себебі жәбірленушіні ұрып-соғатын адам оны көзден таса етпейді. Бақылауында болады. Жуан жұдырықты жұбайынан , енесінен ,тіпті азаматтық некедегі сүйіктісінен таяқ жеген қыз-келіншектерді мазалайтын сұрақтар: не істеу керек? Әрі қарай қалай өмір сүремін деп жауап іздейді.
Коронавируске байланысты карантин кезінде 31 адамды қабылдадық. Біздің орталық тұрмыстық зорлық –зомбылық көргендерге үздіксіз көмек көрсетіп, пана, қорған болған жалғыз нысан. Біз үкіметке , ұлттық комиссияға хат жолдап, барлық қалаларда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қабылдайтын ғимарат ашу қажеттігі туралы жаздық. Араша сұраған адамдар өте көп. Осы жан-айқайымызды естігеннен кейін құқық қорғау органдары , соттар зорлық-зомбылыққа қатысты істерді қарауға кірісті. Басқа қалаларда дағдарыс орталықтары ашылды.Өкінішке қарай мұндай оқиғалардың зардабын балалар тартады,- дейді орталық басшысы.
Келініне қол көтеретін, күн көрсетпейтін енелер жайлы жиі естимін. Ене деген әулеттің анасы емес пе? Балалардың асыл әжесі ,ақылды , дана қарты емес пе?
Өкінішке қарай немересінің болашағын ойламайтын,келін мен ұлдың ортасына от жағатын әйелдерге бойындағы қызғаныштан құтылатын ем керек деп ойлаймын.
Авторы Жазира Бегалы журналист.

