«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы!» атты дәстүрлі ІІ республикалық пікір-сайыс турнирі


Шешендік өнер – қай заманда, қандай қоғамда болса да қауымға, көпшілікке үлкен әсер ететін, оның санасын, сезімін баурап, күш-жігерін тасытатын қуатты құрал, күні бүгінге дейін құдіретін, қасиетін жоймаған өнер. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, болашақты білімді ұрпақ айқындайды» деп баса атап көрсеткен болатын. Сондықтан да еліміздің ертеңгі тұтқасын ұстар болашақ жастарымыз саналы да сапалы білім игеріп, тәлім-тәрбие алып, қандай жерде болмасын өз ойын еркін түрде жеткізе алатындай тұлға болып қалыптасуы қажет.
«БҚМУ «Ақиқат» пікір-талас орталығы» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті қолдауларымен 2015 жылдың 27-28 қараша күндері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы!» атты дәстүрлі ІІ республикалық пікір-сайыс турнирі өтті.
Турнирдің мақсаты мен міндеттері:
- Студент жастарға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жөнінде толық мағлұмат беру;
- Президенттің ел үшін жасаған игі істерін үлгі-өнеге ету арқылы жастардың елжандылық, патриоттық сезімін арттыру;
- Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру;
- Шешендік өнер, сөйлеу мәдениеті қалыптасқан, өз ойын жетік және дәлелдей білетін студент жастарды дайындау;
- Мемлекеттік маңызы бар мәселелерді талқылау және оларды шешу бағытында тың идеяларды тудыруға мүмкіндік жасау;
- Жастардың сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамыту;
- Қоғамдық мәселелердің шешімін табуға ел жастарын біріктіріп, олардың интеллектуалдық әлеуетін арттыру;
- Елімізде пікір-сайыс қозғалысының дамуына үлес қосу.
Пікір-сайыс турнирі парламенттік формат бойынша қазақ және орыс тілдерінде өткізілді. Пікір-сайыс турниріне Алматы қаласы Тұран университетінен, Қызылорда мемлекеттік медициналық колледжінен және Қызылорда «Болашақ» медициналық колледжінен, С. Баишев атындағы Ақтөбе университетінен, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінен, Ақтөбе политехникалық колледжінен, Батыс Қазақстан медициналық колледжінен, Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінен, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінен, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен командалар қатысты.
Іс-шараға департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бөлімінің консультанты қатысып, төрелік етті.
Төрешілер шешіміне сәйкес турнирдің қазақ және орыс лигасы бойынша жеңімпазы атанған топтарға арнайы Кубок, жеңімпаз бен жүлделі І, ІІ, ІІІ орын иегерлеріне, «Үздік спикер», «Үздік төреші» номинациясының жеңімпаздарына арнайы дипломдар, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен қатар, талантымен ерекшеленіп, жоғары нәтиже көрсеткен пікір-сайысшыларға М.Өтемісов атындағы БатысҚазақстан мемлекеттік университеті ректорының арнайы жүлдесі табысталды.

