Еліміздегі теңдік саясаты
БҰҰ Бас Ассамблеясының 25 қарашаны әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрестің халықаралық күні деп жариялаған қарары 1999 жылғы 17 желтоқсанда қабылданды. Онда мемлекеттерге, халықаралық...
БҰҰ Бас Ассамблеясының 25 қарашаны әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрестің халықаралық күні деп жариялаған қарары 1999 жылғы 17 желтоқсанда қабылданды. Онда мемлекеттерге, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік емес ұйымдарға қоғам назарын осы мәселеге аударуға арналған шараларды осы күнде өткізу ұсынылды.
Жыл сайын бүкіл әлемде әйелдердің қоғамдық ұйымдары зорлық-зомбылыққа қарсы акцияларын 25 қараша күні өткізеді.
Бүгінгі таңда дүниежүзіндегі 187-ден аса мемлекет әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою жөніндегі конвенцияны ратификациялады. Олардың ішінде Қазақстан да бар. Еліміз Әйелдерге қатысты барлық кемсітушілік көріністерін жою туралы конвенцияға 1998 жылы қосылды. Бұл конвенцияның 18-ші бабында оған қатысушы мемлекеттер 4 жылда бір рет БҰҰ-ға конвенцияның жүзеге асыру барысы туралы баяндап отырады
Біздің елімізде 1999 жылы Ішкі Істер органдары жүйесінің құрылымында әйелдерге зорлық зомбылық жасау көріністеріне қарсы күрес жөніндегі бөлімдер құрылған. Осыған қарамастан елімізде ерлерден гөрі әйелдер екі есе бұзақылық пен тонау қылмыстарының құрбанына айналады. Әйелдердің 60 пайыздан астамы күштеу мен зорлық зомбылыққа тап болса, әрбір үшінші әйел өз күйеулерінен озбырлық көреді екен.
Атам қазақ әйелді «ақ жаулықты ана» деп ардақтаған. Ел билеген хандар, батырлар мен билер, ақындар мен жазушылар ақ жаулықты аналардан туды емес пе?
Алмағайып заманда ерлермен бірге елі үшін қолына қару алып, қыздарымыз жауға қарсы шықты, балалы әйелдер ошақтарының отын өшірмей, Отанда қалып маңдай терін төкті. Өрімдей қыздарымыз өжеттілік танытып желтоқсанның ызғарында Тәуелсіздік үшін кеудесін оққа тосты. Осындай қазақ халқы үшін жанын берген, біртуарларын дүниеге әкелген әйелдердің бүгінгі ахуалы қандай? Алданған жар, төгілген абырой. Расында бүгінгі қыз-келіншектер алыптарды дүниеге әкелетіндей халде ме? Құдай қосқан қосағынан қорлық көрген аналардан дені сау ұрпақ, кикілжіңге жақын жанұядан тәрбие алған баланың болашағы қандай болмақ? Өкініштісі сол, осы күні «әйел – ана, еркек – пана» деген текті сөздің төркінін түсінбейтіндер көп.
Дініміз әйелдерді сыйлауға, жақсы көруге және оған құрметпен қарауға үндейтінін аңғаруға болады. Әйелдердің күйеуіне, жанұялық өміріне, мүлікке, мұрагерлікке тағы көптеген басқаларға қатысты құқықтары қасиетті Құранның өзінде, хадистерде, сондай-ақ, шариғатта көрсетілген. Ислам қағидасы бойынша ер мен әйел біртұтас, қандай жағдайда да бөлуге болмайды. Олар үшін бір-бірінсіз мына әлем мәнсіз, олардың әрқайсысының өмірдегі мұраттары мен мақсаттары және атқаратын міндеттері алдын-ала анықталған. Расында да Алла әйелді Жаратушысына бағынып, жанұясының түтінін түзу түтетуге, бәрінен бұрын дүниеге сәби әкеліп, ұрпақ жалғастыру үшін жаратқан. Мұсылман әйелдер үшін жанұя мәселелері оның жеке қызығушылықтары мен кеудемсоқтығынан әрқашан басым тұрады. Тым тырысу, қызметте өсу, кәсіби жетілу оның жанұясына зиянын тигізетіндей болса, одан дереу бас тартады. Мұсылман әйелдері алдыңғы кезекте жанұясының игілігін ойлауы тиіс. Сондай-ақ, Ислам әйелдерге саяси немесе қоғамдық өмірдің басқа да салаларында табысқа қол жеткізуге тыйым салмайды, керісінше өзі өмір сүріп отырған қоғамды дамыту, көркейту үшін атсалысуға даяр әйелдерді мадақтайды екен. Сол үшін де қазақ «ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп әйел адамды әспеттей білген.
Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының жетекші маманы Ж.Б. Жолдыбай
