Елім деп өткен есіл ер
Бегенов Мәди Қайпыұлы екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, сержант, бөлімше командирі. Майдан кезінде Мәди Бегенов жау пулеметінің атыс нүктесі орналасқан жерді анықтап, артиллерия оғымен атқылады. Содан кейін оның бөлімшесі жаудың траншеясына бірінші болып жетіп, қолма-қол шайқаста бірнеше гитлершінің көзін жойды. Бегенов екінші траншеяны басып алу үшін жауынгерлерімен шабуылға шықты. Нәтижесінде полк әскері алға жылжуға мүмкіндік алды. Бегеновке жасаған ерлігі үшін КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталды.
Мәди - Маңғыстаудың төл перзенті, Кіндік қаны тамған жері қазіргі Бейнеу ауданының Ақжігіт кентіне жақын жердегі Қаратүлей жайлауы.
Жастайынан жетімдік көріп, тұрмыс ауыртпалығын тартып өскен Мәди бентонит өндірісіндегі ауыр жұмыста шынықты. Мәди қайратына, айбаты сай, батыл да табанды болып өсті. Ол еңбексүйгіш қабілетімен көзге түсті. Соғыс алдындағы жылдарда жаппай қанат жайған Стахановтық қозғалыстың да алғы сапынан Мәди бастаған комсомол жастар бригадасы болды. 1937 жылы Ұлы Қазан төңкерісінің 20 жылдығы құрметіне Мәди Бегенов басқарған жастар бригадасы социалистік жарыс жеңімпазы атанды.
Мәди Бегенов Қызыл Армия қатарына 1938 жылдың күзінде шақырылды. Жебел станциясынан поезға мініп, Красноводскіге келген бір топ жастармен бірге Қызыл Армия қатарына аттанған Мәди де әскер қатарында белсенді де табанды соғыс өміріне жалықпай машықтанған жауынгер болды.
Ол 1943 жылы 1 қарашада қаза тапты. Запорожье қаласындағы Ленин ауданының Плотинная көшесіндегі Жөке ағаштары жанындағы бауырластар қабіріне жерленген.
