Елбасы жолдауы –жарқын болашаққа бағдар
Елбасының бүгінгі Халыққа жолдауы біздің болашақ өсуіміздің, өркендеуіміздің нақты бағдарламасы іспетті. Мұның өзі бұрыннан бері дәстүрге айналып келе жатқан игі жақсылық. Сондықтан да оны біз бар ынта-ықыласымызбен тыңдап, қызу қолдап отырмыз. Ел келешегінің айқын айнасы ретінде қабылдап отырмыз. Сонымен қатар осы жолдау алғашқылардан ерекше. Өйткені Елбасымыз «Қазақстан 2050» атты жаңа стратегия жариялаған болатын.
Нұрсұлтан Әбішұлы осы жолдауында дін мәселесіне айрықша тоқталған болатын. Өйткені соңғы кездері теріс бағыттағы діни ағымдар мәселесі қоғамда көптеген сұрақтар тудыруда. Осындай әр түрлі сұрақтарға жауапты Елбасы тапқан болатын. «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз.Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс.Әркімнің таңдау құқығы бар. Діни таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты.Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек»-, деді Президент.

Көптеген теріс бағыттағы ағымдар біздің мемлекеттілігімізге, дәстүрімізге, мәдениетімізге қарсы келіп, қауіп төндіруде. Осы мәселеге де Елбасы тоқталған болатын: «Аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, қыздарымыз орамалға оранып алып, басқа халықтардың киімін кигені бізге керек пе? Бізбен бір дастарқанда отырып тамақ ішпеуге тиіс пе? Көлік жүргізбеуі керек пе? Мұның бәрі – басқа елдердің орныққан дәстүрлері, біздің даламызда ондай дәстүрлер ешқашан болған емес. Классиканы оқыңыздар, фильмдерді көріңіздер».
Біздің ата - бабаларымыз ғасырлай бойы исламдағы өзіндік жолды, Әбу Ханифа мазһабын ұстанып келді. Осының арқасында қазақ халқы өзінің ұлттық ерекшелігін, мәдениетін, дәстүрін сақтай алды. Сондықтан да ата-баба жолын берік ұстану дұрыс болар. Бұл жайлы Президент былай деген еді: «...Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген.Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал...Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын ханафи мазһабына қарама-қайшы...».

Елбасының осы Жолдауы, еліміздің жаңа стратегиясы халқымыздың көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап беріп, мемлекетімізді жарқын болашаққа бағыттайтын бағдар болып табылады. Президент Жолдауы Қазақстан халқының әлеуметтік толысуының, оның айнымас ұлттық бірлігінің, қоғамдық келісімі мен толеранттылықты нығайтудың Елбасы айналасына топтасуының негізінің бірі болып табылады.
