Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды
Белсенді азаматтарға Елбасының Алғыс хаты тапсырылды Бүгін «Nur Otan» партиясының Үржар аудандық филиалында партияның сайлауалды штабында белсенділік танытқан өңір азаматтары партия төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Марапаттау рәсімі Қазақстан Республикасының әнұранымен басталды. Салтанатты жиынды ашқан «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Роза Сүлейменқызы осы жолғы Парламент Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарының сайлауында сайлаушылардың партияға деген сенімі арта түскені анық байқалғанын атап өтті. Роза Сүлейменқызы сайлау кезінде белсенділігімен көзге түскен жерлестерімізге партия төрағасының Алғыс хатын табыс етті. «Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауында белсенділік танытып, «Nur Otan» партиясының айқын басымдықпен жеңіске жетуіне қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында нұротандықтардың ел азаматтарымен бірлесе қол жеткізген бұл жеңісінің халқымыздың бірлігі мен мемлекетіміздің орнықты дамуы үшін маңызы ерекше. Алдағы уақытта «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламаларын іске асыруда табандылық таныта беретініңізге сенемін. Сізге және отбасыңызға зор денсаулық, амандық, бақ-береке тілеймін!» деп жазылған Елбасының Алғыс хатында.
