Елбасы елдің тірегі - елі деп соғар мәңгі жүрегі
Аудандық «Кең Жылой» мәдениет үйінде 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күніне орай «Елбасы – елдің тірегі» атты салтанатты шара өтті.Аудан әкімі Халел Жамалов салтанатты шараға қатысушыларды құттықтады:Баршаңызды 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын. Тұңғыш Президент күні – Елбасы жетістіктері мен жеңістерін ұлықтайтын, өскелең ұрпаққа нағыз елжандылық пен отансүйгіштіктің, азаматтық пен ұлылықтың үлгісін көрсететін күн. Жаңа тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – барлық қазақстандықтар және халықаралық қоғамдастық мойындаған ғаламдық бастамалардың бастаушысы, отандастарымыздың құқықтары мен бостандықтарының қорғаушысы, елді кемел келешекке жетелейтін игі істердің қолдаушысы. Елбасының бастамаларына қолдау жасай отырып, еліміз көп биік шыңдарды бағындырды. Мемлекетіміздің әлем елдері арасындағы абыройы уақыт санап артып келеді.Тұңғыш Президент күнімен мемлекеттігіміздің тарихы тамырлас жатыр. Біздің басты мақсатымыз – Елбасының төңірегіне топтаса отырып, «Мәңгілік елдің» құндылықтарын қастерлеу, келешек ұрпаққа басты байлығымыз – тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыздың туын биік ұстап, табыстау, - деді аудан басшысы Халел Жамалұлы.Мерекелік іс-шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагер-ұстаздар және әр түрлі сала қызметкерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
