Бүгін аудан әкімі Азамат Сафималиев Борсы ауылдық округі мен оған қарасты Тегісшіл елді мекенінде болып, аталған ауылдық округтің әкімі Айгүл Бекқалиеваның бір жыл атқарған жұмысының есебін тыңдады. Есептік кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов, электр торабының басшысы Мейіржан Хаби, жер қатынастар бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешов, сәулет, қала және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиев және ауыл мен елді мекен тұрғындары қатысты. Ауыл әкімі Айгүл Қайырлықызының айтуынша, Тегісшіл елді мекенінің кіре беріс жеті шақырым жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Activ ұялы байланыс жүйесі орнатылды. Сонымен қатар, Борсы ауылы мен Тегісшіл елді мекенінің шаруа қожалық басшылары Казталов ауданындағы «Кредиттік серіктестікке» мүше болып, мал басын асылдандыру бойынша «Марал» ШҚ 40 млн. теңгеге 100 бас ақ бас аналық малын алып, қазіргі таңда ірі қара малын түрлендіруде. Ал «Мұқас» ШҚ Беларус елінен жалпы құны 52 млн. теңгеге «геррефорд» малын сатып алып, мал басын арттыруда. Ауыл әкімінің баяндамасынан кейін аудан басшысы Азамат Сафималиұлы аудан бойынша былтырғы атқарылған жұмыстарды атап өтіп, биылғы атқарылатын істердің жоспарына тоқталды.
Жарыссөзге қатысқан Тегісшіл елді мекенінің тұрғыны Айбол Ғаббасов елді мекенге ауыз суды жеткізген ауданның басшы-қосшыларына алғысын білдіріп, елді мекенде қазіргі мәселе жарық екенін тілге тиек етті. Тұрғынның айтуынша, жел тұрып, боран соғатын болса, жарықтың қуаты нашарлайды. Аудандық электр торабының басшысы жарыққа қатысты тиісті жауабын берді. Сонымен қатар, Тегісшіл орта мектебінің директоры Әлия Исқақова газет-журналдар уақтылы келмейтіндігін жеткізді.
Борсы ауылының тұрғыны Ербол Есенғалиев ауылға қатысты барлық сұрақтарға жауап алғанмен, мал суаратын бөгеттегі судың аздығы жылдан жылға қиындағанын тілге тиек етті. Осыған орай Тегісшіл елді мекенінен тұрба арқылы су тартып немесе ауыл шетінен бірнеше ұңғыма қазылса деген ұсынысын айтты. Сол сияқты мал жайылымы жоқ деді. Яғни елді мекеннің жерлері шабылып қалатын сияқты деген болжамын жеткізді. Осы болжамға қатысты аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Нұрболат Зұлпықарұлы тиісті жауап қайтарды.
Ауыл және елді мекен тұрғындары ауыл, аудан әкімдеріне қанағаттанарлық деген баға берді.
Айта кетейік, Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиевтің есеп беру кездесуі 4 ақпан күні 16.00-де онлайн форматта өтеді.