ЕЭК ЕАЭО елдеріндегі пластмас пен рәзіңке өнімдерін өндіру секторын сараптамадан өткізді
ЕЭК ЕАЭО елдеріндегі пластмас пен рәзіңке өнімдерін өндіру секторын сараптамадан өткізді
Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қатысушы елдердегі пластмас пен рәзіңке өнімдерін өндіру секторын , проблемалары мен кедергілерін ЕЭК-тың өндірістік саясат департаменті сараптамадан өткізді, деп хабарлады комиссияның баспасөз қызметі.
ЕЭК-тың өндірістік саясат департаментінің директоры Владимир Мальцев атап өткендей, сараптама нәтижесі бойынша Одақтың ішкі нарығын дамытуда алғашқы қадам Жол картаны жасақтап, қабылдау болуы керек. Осылайша орташамерзімді уақытқа, яғни 2020 жылға дейін полимерлі өнімнің ішкі нарығын кеңейткен жөн. Бұдан басқа, полимерлі өнімдер өндірісін мұнайхимия саласынан бөлген абзал.
Аталып өткендейдей, бұл салада басты шығын полимерлі өнімдер шикізатының өзіндік құны және электр энергиясы. Сондықтан аталмыш саладағы кооперация мүмкіндіктерін қарастырып, жобаларды субсидиялауға болады.
«Жалпы мұндай кешенді жұмыс 2020 жылға қарай ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандырып, полимерлер мен полимерлі өнімдердің өндірістік тапшылығы болжамын толығымен жауып тастауға мүмкіндік береді», – деп түйді В. Мальцев.
Естеріңізге сала кетейік, ЕАЭО туралы келісімге Беларусь, Қазақстан Республикалары мен Ресей Федерациясы Президенттері 2014 жылдың 29 мамырында Астана қаласында қол қойған еді. Осынау үш мемлекеттен бөлек Армения Республикасы да одақтың мүшесі атанды. Ол құжатқа 2014 жылдың 10 қазанында қол қойылды. Ал Қырғыз Республикасы2014 жылдың 23 желтоқсанында осы құжатқа қол қойған.
Еуразиялық экономикалық одақ халықаралық құқықтық субъектілікке ие өңірлік халықаралық экономикалық ықпалдастық болып табылады.
Одақ халықтың өмір сүру деңгейін арттыруды мақсат ете отырып мүше мемлекеттердің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз ету мен жан-жақты жаңғырту, жаһандық экономикалық бәсекелестік жағдайында ұлттық экономика әлеуетін арттыру мен кооперациялауды мақсат етеді.
Айта кетейік, 23 желтоқсанда Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы нәтижесінде одақ органдарының қызметін жетілдіру және интеграциялық байланыстарды дамытуға бағытталған құжаттарға қол қойылған болатын. Атап айтсақ, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрекет ете бастаған ЕАЭО-ның бірыңғай нарығының қызметтер тізімі анықталды. Олардың қатарында бөлшек және көтерме сауда, қонақүй, мейрамхана, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен басқа қызметтер бар.
Тек соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88 пайызға өсіп, 24 млрд. долларлық мөлшерге жеткен. Ресей мен Беларусь еліне қазақстандық экспорт 63 пайызға ұлғайып, 6 млрд. доллар құрады.
Еуразиялық экономикалық одақ - бұл Жер шарының ең ірі тұтынушылық нарықтарының бірі. Бұл - энергия ресурстарының ірі экспорттаушысы болып саналатын интеграциялық бірлестік. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтсақ, бүгін ХХІ ғасырдың жаңа геоэкономикалық ақиқаты дүниеге қадам жасап отыр.
