Дуальді әдіспен оқыту — жақсы жұмысқа апарар жол
Дуальді әдіспен оқу – жақсы кәсіп иесі болудың кепілі. Алматы экономика колледжінің студенті Аружан Амалбек осылай дейді.
Әдетте кәсіби және техникалық оқу орындарының студенттері диплом алып, еңбекке араласа бастағанда ғана өз мамандығына деген махаббаты оянып, ісінің маңызын түсініп жатады. Министрлік алға қойған мақсаттардың бірі – оқу барысында тәжірибе сағаттарын көбейтіп, колледж студенттерін қайнаған өндіріс барысымен ерте таныстырып, кәсібіне жақындата түсу. Бұны жүзеге асыру барысында кәсіби білім беру жүйесіне дуаль әдісімен көшу көп көмегін тигізді. Еуроодақ елдерінде тәжірибеден жемісті өткен әдістеменің мақсаты – өндірістік тәжірибені арттыру. Студенттер оқи жүріп, нақты өз саласында еңбек етіп, ерте машықтана бастайды.
Бұған дейінгі репортаждарымыздың бірінде Алматы экономика колледжінің «Беккер и К» сауда-өндірістік желісімен өзара жемісті әріптестік орнатқаны жайында айтқан едік. (https://yvision.kz/post/773208). Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Алматы экономика колледжінің ІІІ курс студенті, 19 жастағы Аружан Амалбек. Ол «Нан пісіру, макарон және кондитерлік өндіріс» мамандығы бойынша техник-технолог боламын деп отыр. Дуаль технологиясының арқасында Аружан «Беккер и К» компаниясының цехтарында өндірістік тәжірибеден өтіп, өз кәсібінің қыр-сырын зерделеп жүр.
«Мұнда біз түрлі бөректер, орама тәттілер, мүйізше тоқаш, эклер, круассандар пісіреміз. Өнімнің құрамын өлшеп, зерттеп, талдап, сатуға дайындаймыз. Тәжірибеден өту үшін 2 күн келіп, 2 күн демаламыз. Пайдасы көп. Мұнда өндірісті көзбен көріп, технологиялармен танысып, құрал-жабдықтармен жұмыс істеп, қолымызды үйретіп жатырмыз», – дейді Аружан.
Өндіріске келу арқылы Аружан мамандығын дұрыс таңдағанына көз жеткізді. Кітап сүйгіш қыз тәтті пісіруді кішкене кезінен ұнататын.
«Мектеп қабырғасында жүрген кезде-ақ тамақтандырумен байланысты мамандық таңдайтынымды білетінмін. Бұл кәсіпке келуіме тәтем себеп болды. Ол кісі де бір кезде техник-технолог мамандығы бойынша білім алған. Алматы экономика колледжінде мемлекеттік грант бөлінді. Сондықтан да құжаттарымды осында тапсырдым», – дейді Аружан Амалбек.
Яғни, тегін білім алу мамандық таңдау барысында маңызды рөл атқарады деген сөз. Аружанға да мамандық таңдау барысында грант маңызды болған. «Кәсібімнің қыр-сырына қаныққан сайын, таңдауымның дұрыс екеніне көзім ұдайы жетіп келеді», – дейді Аружан.
Болашақта Аружан еңбек жолын «Беккер и К» компаниясында жалғастыра ма, жоқ па? Бұл жағы бойжеткеннің арман-тілегіне ғана емес, өндіріс барысында өзін жақсы маман ретінде көрсете білуіне де байланысты.
«Тәжірибеден өту барысында біз адамның қолынан не келетінін бақылаймыз. Үйретеміз. Үйрете отырып, студенттің қаншалықты машықтанғанын, қай бағытта біліктілігі артқанын бақылаймыз. Мұнымен қатар, бұрын тәжірибеден өткендерді кейін жұмысқа алып отырамыз. Осының арқасында жұмысқа тұру барысындағы ұжымға үйренісіп, сіңіп кету кезеңі оңайлау болады», – дейді «Беккер и К» ЖШС Нан пісіру және кондитерлік өндіріс директоры Насима Қалиева.
Әрине, мұндай өндірістік тәжірибе мен сынақ мерзіміне жұмысқа қабылданған маманның жұмысы арасында айырмашылық аз. Студенттер кәнігі технологтардың қадағалауымен таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін толық жұмыс күнінде жұмыс істейді. Алдын ала нұсқамадан өтіп, компания тарихымен, саясатымен, техника қауіпсіздігі және санитарлық-гигиеналық талаптармен танысады. «Нан пісіру қиын шаруа емес. Тек нан пісіретін адамды дайындауға көп уақыт пен күш кетеді, – деп әзілдейді Насима Махмұтқызы. – Дегенмен, балалар тамақ өнеркәсібі жайлы толық мағлұмат алып қана қоймай, өндірісте өз қолдарымен еңбек етуді де үйренуі керек”.
Мұндай тәжірибенің тиімділігінде күмән жоқ. «Жүз рет естігенше, бір рет көзбен көрген артық» деген нақыл сөз осының дәлелі. Бұлай деуіміз себепсіз де емес. Мысалы, Германияның экономикалық жетістігі – дәл осы дуаль әдісімен білім беруге тікелей байланысты. Сондықтан да, кәсіби білім беру саласындағы өзгерістер жастарды жұмыспен қамту мәселелерін шешуге ықпал етеді. Бұл – елдің гүлденуіне апарар жол.
Біздің елде нарықтың дайын кәсіби мамандарға деген сұранысын мемлекеттік деңдейде қамтамасыз ету қолға алынды. Биылдан бастап іске қосылған «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасы колледжде оқитын 673 мың қазақстандыққа тегін кәсіби білім алуға жағдай жасайды. Мемлекет оқу, жатақханадағы орын, күнделікті үш уақыт тамағын мойнына алып отыр.
Қаржылық мәселе бірінші орында тұратыны сөзсіз. Статистиканы алға тартар болсақ: жыл сайын 20 мыңға жуық бозбала мен бойжеткен 9 немесе 11-сыныпты бітіре салып, жұмысқа араласып жатады. Яғни, еңбекке еш дайындықсыз келеді. Мектептерде жүргізілген тағы бір сауалнама нәтижесінде оқушылардың 46 пайызы жағдай жоқтықтан білім алуға ұмтылмайтыны анықталды.
Техникалық және кәсіби білім беру жүйесі неғұрлым жақсы жолға қойылса, елдегі экономикалық жағдай соғұрлым жақсы дамитыны көптеген зерттеулер барысында дәлелденді. Халықты жұмыспен қамту шараларының нәтижесі де бұл сөзіміздің жаны бар екенін айқындап береді. Еуропада орта есеппен алғанда, колледждердегі білім беру жүйесі дамыған елдерде жастар арасында жұмыссыздық екі есе аз болып келеді. Сонымен қатар, Еуроодақтың құрамындағы Грекия, Испания және Португалия сияқты экономикалық көрсеткіштері төмен елдерде жұмысшы кәсібіне баулу жақсы жолға қойылмаған. Сондықтан да нарықта білікті техникалық мамандар тапшылығы сезіледі. Бұдан шығатын қорытынды: кәсіби-техникалық білім берудің болашағы – дуальді білім беру жүйесімен тығыз байланысты.







