Достық жеңген дода
Мемлекеттік қызметшілердің арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында волейболдан жолдастық кездесу өтті.

Агенттіктің аумақтық департаменті, Маңғыстау облыстық қоғамдық сақтау департаменті және Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалынан құралған үш команда өз бейімділіктері мен ерік күштерін көрсете білді. Командалар құрамында өнер көрсеткен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Файзулла Бисмильдин және Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Әдеп жөніндегі уәкілі Айтмағанбет Жолшоринов, ойынның өте тартысты да қызықты өткендігін айтты. Күнделікті спорттық дайындығы болмаса да, командалар намысты қолдан бермеуге тырысты. Ал ойыншыларды қолдауға көбіне әріптестері жиналды. Жанкүйерлердің волейболшыларға дем беруі, ойынның көркін қыздыра түсті.

«Осындай жолдастық кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сондағы мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру. Ең бастысы – мемлекеттік органдар арасында өзара сыйластық болуы қажет, себебі барлығы да елдің дамуы жолында аянбай тер төгуде және оларға барынша жағдай жасалуда. Қуантарлығы мемлекеттік қызметшілер уақыт тауып түрлі жарыстарға белсенді қатысуда», - деді Нұргүл Жанназарова.

Бүгінгі жарыста достық жеңді. Бұл ұйымдастырып жатқан соңғы жолдастық кездесу емес, алдағы уақытта міндетті түрде жалғасын табатын болады. Мемлекеттік қызметшілер осындай шараларға белсенді қатысып тұрса, республикалық деңгейде өтетін жарыстарда атой салатындығына сенім мол.

Министрлік және Комитет өкілдіктері қол қойған достық добын естелік ретінде қабыл алуды сұрап, агенттіктің аумақтық департаменті ұжымына тарту етті. Бұл доп волейбол құрамасын енді қалыптастырып жатқан департамент ұжымына үлкен жеңістер мен сәттіліктер сыйлайтынына сенім мол.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Ақылбек Оразғұлов Маңғыстау өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында волейболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылған болатын. Департамент бастамасымен осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Ойын барысында қатысушылар демалып, уақыттарын қызықты өткізгендерін айтып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

