Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Достыққа адал болыңыздар!

Қызық, құрбым туралы төмендегі материалды облыстық газеттердің біріне жариялап едім. Сол жарияланымнан бері уақыт сыныптай сырғып, арада зу етіп бес жыл уақыт өтті де шықты. Бұл мақаланың басылымдық нұсқасы шаң басқан қағаздардың арасында қалып қойған соң, жиі ойлай бермейтін едім. Ал, бүгін сол басылымның мұрағатынан ақтарып отырып, көзіме оттай басылған тақырып пен таныс сөйлем жолдарын көріп қалып, сол уаққа бір саяхаттап қайттым.

 

"Бүгін – сыныптас қыз Айгүлдің туған күні. Оның ауылға келгенін естіген бір топ сыныптастар апасының үйіне жол тарттық.
Айгүл 9-сыныпты аяқтаған соң, ата - анасының жұмыс бабының ауысуымен басқа қалаға көшкен-тін. Көшен кезде оны бүкіл сынып болып, у-шулап шығарып салғанымыз әлі жадымнан кетпейді. Міне, содан бері оны көрген емеспін. Арада 5 жыл өткен соң, кезігудің оңтайлы сәті бүгін түсіп тұр. Кездесуге асығыспыз... Бүкіл сынып жиналғанша, сабырымыз сарқылып, тағатымыз таусыла жаздап, әйтеуір апасының үйіне де жеттік-ау. Әркімге жылы шырай танытудан шаршамайтын апасы бізді жылы жүзбен қарсы алып, Айгүл отырған бөлмеге беттеп апарды. Айгүл үн-түнсіз, терезеге телміре қарап отыр екен. Апасы: «Айғон, балапаным-ау! Кләстәстәрің келді..»,- деп еді, ол үн қатпады. Ішімізден еті тірілеу Әмина атты құрбымыз: «Айғон,біз ғой….»,- десе де, ол сол қалпы отыра берді. Сосын апасы мені түртіп, «сен сөйлеші» дегендей ишарат білдірді. Аяқ-қолым дірілдеп, сасқалақтап, жылаңқы дауыспен үн қаттым: «Айғон, мен ғой танымадың ба?» дегенімше болған жоқ, ол маған жүгіре жөнеліп, құшағына қатты құшып, көз жасына ерік берді. Бұл менің Айгүлді зағип күйінде алғаш рет көруім. Ол ауылдан қалаға көшкенде табан астында қос жанарынан айырылып, зағип болып қалған-тын. Мұны алғаш естігенде барғымыз-ақ келген, бірақ соның бір сәті түспей-ақ қойды.

Дастархан басында Айгүл құдды бір көзі көретін құрбымыз секілді бізбен шүйіркелесіп, мектептік кезеңнің тәтті естеліктерімен бөлісіп отырды. Құр екі жанарының сөнгендігі болмаса, Айгүл сол бұрынғыша аққұба, әдемі, сол баяғыша мейірімді, ибалы қыз. Құрбыларымның бойынан оған деген аяныш пен жанашырлықты байқап қалдым. Менің де жүрегім қарс айырылуда... Бірақ, амал нешік? Дастархан басында: «Шіркін-ай, бір сиқыршы келіп таяқшасымен құрбымның қос жанарын жандырса ғой....» деген тәтті қиялмен ойға шомылдым.

Қайтарға бел буып, ауыз үйде киініп жатқанымызда: «Әли, бүгін менің жанымда қала аласың ба?» деген Айғонның нәзік үні естілді. Сол түні Айғон екеуміз таң атқанша ұзақ сырластық. Ол мен ойлағаннан да рухы мықты, қажырлы да қайсар мінезді қыз болып шықты. Ол: «Әли, білемісің...Мен осы өміріме ризамын!....Иә,иә! Мүмкін сен мені ақымаққа санарсың. Бірақ мен «соқырмын» деп өзегімді өртемеймін де. Құдіреті күшті Тәңіріме мыңмәрте басымды иемін! Бәлкім, мен осындай болмағанымда өмірге деген құштарлығым, құлшынысым басқаша болар ма еді? Бәлкім, мен мына жалған өмірдің не екенін басқаша түсінер ме ем? Кім білсін? Бірақ мен мына жарық өмірді,мейлі мен үшін қараңғы болсын, жақсы көремін! Естимісің?!...Жақсы көремін! Менің жүрегімде бір үміт шоғы ұялауда, кеудемде өмірге деген құштарлығым қайнап тұр!»,- деп сөйлей жөнелді. Алғашында жанарымнан жас парлай ағып, оған білідіртпеуге тырысқан менің кенеттен тұла бойымды қуаныш оты кернеп әкетті.

«Әли, келер жылы мені Мәскеуге апарады. Мен әлі бәріне үлгеремін! Оқып та, тұрмыс құрып та үлгеремін! Сәби сүйіп те үлгеремін! Тек бәріне алтындай сабырым арқылы қол жеткіземін. Сен мені ұмытпашы! Сен – менің алтын досымсың! Білемін, бәрі маған аяушылықпен қарайды. Бірақ сен өйтпеші!.....»,- дегенде Айгүлді құшағыма қатты қысып, бір жылап алдым. Сол сәтте айқайлағым келді, Айгүл сияқты жан құрбымды әлемге паш еткім келді!.....Әттең, арада болған осы әңгіменің барлығын манағы сыныптастарым естісе ғой!.......

Кеудемді қуаныш оты кернеп бара жатыр....Бірақ салмағы тым ауыр. Соған қарамастан, өмірге деген құштарлығым артып келеді, артып келеді!".

 

Қазір, арада бес жыл өткен соң, осы мақаламды оқығаннан кейін өзімді Айгүл сенген адал дос бола алдым ба, достық парызымды өтей алдым да деп ойланып отырғаным...Бес жыл аралықта айтарлықтай жақын аралас алмасам да керек кезде хабарласып, шүйіркелесіп те алдым, көп рет болмаса да кездесіп те үлгердім. Дегенмен күйбің тірліктің қамымен жұмыстан қол тынбай, кейде тіпті ұмытып кететін де сәттер болады. Қолымнан келетін дәнеңе жоқ болса да, бір хабарласып, бір әңгімесін сұрап, бір қуанышты әңгіме айтып, бір кездесуге шақырып, бірге уақыт өткізсең оларға басқа артық ештеңе де керек емес! Мұндай жағдайға түскен жандардың көңілшек болатыны белгілі. Сол себепті, дәл менің досыма ұқсас досыңыз болса немесе көмекке мұқтаж, сіздің достығыңызға қажет жаныңыз болса бір рет де болса хабарласып қойыңыз, қуанып қалсын! Хакім Абай атамыз "Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, ал АДАМДЫҚ қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың" демекші, адамгерлішік пен достық секілді асыл қасиеттерден айырылып қалмайық!

0
0
654

Осы тақырып бойынша

Достыққа адал болыңыздар! - Yvision.kz