Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Дін мен дәстүр радикализмге қарсы»

2014 жылдың 18 маусымында С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ҚР Дін істері агенттігі және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Дін мен дәстүр радикализмге қарсы» тақырыбында республиклық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті.

Конференцияның мақсаты – дәстүрлі рухани құндылықтар мен дін арасындағы өзара қатынас діни радикализмге қарсы тұрудағы ықпалын талдау.

Конференция жұмысына ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Алмасұлы Әзілханов; Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Малғажыұлы Маямеров; Қазақстан Республикасындағы Орыс Православие шіркеуі Мтрополит округі істерінің басшысы Геннадий Әкей; қоғам қайраткері, Ұлттық Академияның академигі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Философия кафедрасының меңгерушісі Ғарифолла Есім; тарих ғылымдарының докторы, профессор, Алматы шет тілдері мен іскерлік карьера университетінің ректоры Сабри Хизметли; «Нұр-Мұбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің деканы, теология ғылымдарының докторы Мұхаммад Махфуз; Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының профессоры Досай Кенжетай, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының доценті Кеңшілік Тышқан қатысты.

Пленарлы мәжіліс кезінде Марат Әзілханов өз баяндамасында былай деп атап көрсетті, «Мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттары мен діни бірлестіктердің қызметін халықтың радикалды идеялардан сақтық имуунитетін қалыптастыру жолында бір арнағы түйістіру қажет. Бастысы – жалған діни ағымдар арбауына түсіп қалмас үшін азаматтарымызды діни қауіп-қатерден аман сақтауымыз, олардың интеллектуалдық қорғалуын қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінгі конференция тақырыбы дін мен дәстүрлі құндылықтарға арналады, себебі осы екеуінің етене үйлесімділігінің арқасында ғана біз діни радикализм кеселінен арыла аламыз.

Бүгінгі радикалды ағымдардың басты мақсаты дін мен дәстүрдің сабақтастығын, сонымен қатар осының негізінде қалыптасқан дәстүрлі рухани құндылықтарды қиратуды көздейді. Осыған байланысты радикалды идеология өкілдері мемлекеттің зайырлы қағидаттарына деген қоғамның теріс көзқарасын тудыруға тырысып бағуда. Алайда зайырлылық – бұл дінді жоққа шығару емес. Зайырлы қоғамда дінді мемлекетен ажыратқанмен, қоғам өмірінен аластатпайды. Мемлекет кез келген діни бірлестіктің қызмет жасауы үшін теңдей жағдай жасайды, олармен әріптестік қатынастарды ұстанады. Басқаша айтқанда, зайырлылық үйлесімділік пен өзара сабақтастың негіздеріне сүйенеді.

«Жоғары руханилық» ұғымы дінге өте жақын түсінік. Ғасырлар бойы халқымыз дінді рухани байлықтың көзі деп білді. Адамзат баласына ортақ рухани құндылықтар да діни қағидаттармен қатар өрілген. Адамгершілік, өзара сыйластық, адамсүйгіштік, білімге деген құштарлық, еңбекқорлық, Отанға деген махаббат сияқты дәстүрлі діни басымдықтар рухани-өнегелік құндылықтардың өзегін құрайды.

Агенттік төрағасы сөзін жалғастыра келе, - «Бәріміз Отан отбасынан басталатынын жақсы білеміз. Бүгінгі таңда отбасының, отбасы құндылықтарының маңызы бірнеше сатыға жоғары көтерілді. Сондықтан да радикалды идеология бірінші кезекте рухани құндылықтардың өзегі – отбасыға соққы жасаудан бастайды. Сол себепті адамгершілік, жоғары рухани мұраттарды ең алдымен отбасынан бастап тәрбиелеу қажет. Рухани тамыры дәстүрлі және отбасы құндылықтарымен сабақтасқан Қазақстанның бүгінгі қоғамының ішкі әлеуеті біздің басты күш-жігеріміз болмақ», - деп ескертті.

Жастар мәселесі де Агенттік басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Баяндамасының қорытындысы ретінде Марат Әзілханов жастарға арнап: - «Жастар – ертеңіміздің келешегі, Сіздер. Тамырсыз бәйтерек самал жел соқса да қаңбақша домалайды. Туған тіл, тал бесік, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениет пен дәстүр, байырғы рухани және дәстүрлі діни құндылықтар – халқымыздың тұғыры. Сол тұғырды берік сақтауға үндеймін», - деп айтты.

Конференция жұмысын жалғастырған Геннадий Әкей өз баяндамасында «терроризм дінді жамылып, бүкіл адамзат қауымына, соның ішінде Қазақстанға, үлкен қауіп төндіріп келеді. Бірақ бұдан біз үрейленбеуіміз керек. Терроризм тегеуріні қоғамның барлық салауатты күштерін бір ортаға жұмылдыру үшін себеп болу қажет», - деп атап көрсетті.

Академик Ғ. Есім болса, діни ахуалға аймақ бойынша терең зерттеу және социологиялық жобалар жүргізу қажеттігін ұсынды. Ол үшін барлық мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктер, ғылыми және сарапшылар қоғамдастықтары, соның ішінде орта және жоғары оқу орындарында «Дінтану негіздері» пәні мұғалімдері мен оқытушылары арасында үйлесімді жұмыс жүргізілу қажет. Интеллигенция қашанда халық дәстүрінің, рухани және өнегелік құндылықтардың сақтаушысы мен таратушысы болғандықтан, бұл іске зиялы қауым өкілдерін де қатыстырған жөн деп қорытты ол.

Конференция соңында қатысушылар көзайымына Шығыс Қазақстан тарихының материалдары, мемлекеттік органдардың дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру барысы бейнеленген ақпараттық стендтер, дәстүрлі діни бірлестіктер қызметінің фото-галереясы, облыс қітапханасы ұйымдастырған кітап көрмесі жинақталған көрме ұсынылды.

Конференция қорытындысы бойынша Конференция қатысушыларының қарары қабылданды.

 
0
0
678

Осы тақырып бойынша

«Дін мен дәстүр радикализмге қарсы» - Yvision.kz