Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Дербес кәсіби мемлекеттік аппарат құру

Алматы қаласындағы барлық мемлекеттік органдары басшыларының қатысуымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына, «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» заңына, мемлекеттік қызметшілердің «Әдеп кодексіне» негізделген мемлекеттік қызметтің жаңа моделін талқылауға байланысты семинар-кеңес өткізілді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің  Алматы қаласы бойынша департаментінің  басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Бақтияр Камалов өз сөзінде  мемлекеттік қызмет туралы жаңа қабылданған заңдарды  жан-жақты талқылай келе, мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі меритократия қағидасы негізінде құрылып,  мемлекеттік басқару салаларының қатарына халықтың әл-ауқатын арттыратын,  қызметтік міндеттерін адал және шынайы атқаратын өте қабілетті мамандар тартылатындығына тоқталды.

Сонымен бірге, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» тақырыбында мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығының директоры Әбікен Тоқтыбеков баяндама жасады.

Семинар-кеңес барысында Мемлекеттік қызметке  орналасу саласында біршама маңызды өзгерістер болғаны аталып өтілді. «Б» корпусының әкімшілік лауазымдарына үміткерлерді іріктеудің жаңа жүйесі енгізілді. Мемлекеттік қызметке алғаш  кірген тұлғалардың барлығы өздерінің кәсіби қызметтерін тек төменгі лауазымнан бастайтын болады. Мемлекеттік органдарға қызметке орналасу үшін өткізілетін тестілеудің шектік мәні өзгерді. 2015 жылы ҚР заңнамаларын білу бойынша тестілеуден өту  пайызы небәрі 28%-ды құраса, бүгінгі таңда бұл тестілеуден өтушілер саны 41%-ды құрады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің еңбек ақысының жаңа жүйесіне сәйкес қызметшінің орындаған жұмысының көлемі мен сапасының нәтижесіне қарай белгіленетін болады.

Мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың негізгі компоненті мемлекеттік қызметтің жаңа «Әдеп кодексі» болып табылады. Әдеп кодексі мемлекеттік қызметтің қағидалары мен құндылықтарын бекітіп, мемлекеттік қызметшінің қызметтегі және тұрмыс тіршілігіндегі тәртіп үлгілерін анықтайды. Бұл үлгілер азаматтармен өзара қарым-қатынастарды, мүдделер дауының, БАҚ-пен өзара іс-әрекет және жұрт алдында сөз сөйлеу тәртібін белгілейді.

Әдеп жөніндегі уәкілеттілердің жаңа институты енгізілді. Әдеп  жөніндегі уәкілеттілер – заңнамаларды бұзудың алдын алу, қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз етуді жүзеге асырады сонымен қатар, өз міндеттерінің шегінде   мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес берумен айналысады.

Жаңа заңнамаларға сәйкес Тәртіптік кеңес институты таратылып, орнына Әдеп  жөніндегі кеңес институты енгізілді.

«Аталған Кеңес мемлекеттік тәртіптің нығаюын, мемлекеттік қызмет туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалардың, қызметтік әдептің және лауазымды тұлғалармен мүлтіксіз сақталуын жүзеге асыратын болады» - деп түсіндірді баяндамашы.

Сонымен қатар, семинар-кеңесті талқылауға аудан әкімдері, Алматы қаласының мемлекеттік органдар басшылары, тәртіптік комиссия төрағалары мен персоналды басқару қызметтерінің өкілдері қатысты.

0
0
381

Осы тақырып бойынша

Дербес кәсіби мемлекеттік аппарат құру - Yvision.kz