Департамент жанындағы кезекті қоғамдық кеңес отырысы өткізілді
2015 жылдың 9 сәуірінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаменттің жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өткізілді.
Қоғамдық кеңес отырысының бекітілген күн тәртібінің алғашқы мәселесі бойынша сөз алған департаменттің басқарма басшысы – Аманқос Жұбаныш Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру үшін қабылданған Жоспарлардың орындалуы бойынша баяндама жасады.
Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібіне қойылған келесі мәселе бойынша Департаменттің бөлім басшысы – Жақсат Мұратов Орталық мемлекеттік органдардың аумақтық мекемелерінде мемлекеттік қызмет көрсету тиімділігін жыл сайынғы бағалау аясында жүргізілген ақпараттық есептеріндегі мәліметтерді қайта тексеру шаралары барысында анықталған кемшіліктер туралы баяндаманы қатысушылар назарына ұсынды.
Аталған ақпаратқа сәйкес БҚО бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті және Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің Ақпараттық - есептеу орталығымен 2014 жылы көрсетілген мемлекеттік қызметтің мерзімдері сақталмауы орын алған.
Қоғамдық кеңес анықталған заңбұзушылықтар бойынша БҚО бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары С.Н.Щербинаның және Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің Ақпараттық-есептеу орталығының БҚО бойынша филиалының директоры В.Н.Шниповтың түсіндірмелерін тындап, оны талқылау нәтижесінде көрсетілетін мемлекеттік қызмет заңнамасын қатаң сақтау және заңбұзушылықтарға жол берген кінәлі тұлғалардың тәртіптік мәселесін қарау туралы шешім қабылдады.
Кеңес отырысында қаралған соңғы мәселе Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Батыс Қазақстан облысындағы аумақтық мемлекеттік органдарында сыбайлас жемқорлықтың пайда болуы себептері мен жағдайларына талдау жасау барысында анықталған кемшіліктер болды. Департаменттің бөлім басшысы – Даулет Жақсығали тексеріс қорытындылары бойынша баяндама жасап, кемшіліктер жіберген мемлекеттік орган басшыларының түсіндірмелері тыңдалды. Қажетті шаралар алу бойынша тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар берілді.

