Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында ауыл әкімдерінің істері қаралды
Ағымдағы жылдың 21 қарашасында өткен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезектен тыс отырысында, Бөрлі, Бөкей ордасы аудандарының және Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің БҚО бойынша департаментінІң лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік істер қаралды.
Алдымен, монополияға қарсы органмен жолданған ұсынымды орындамау фактісі негізінде мемлекеттік орган басшысына қатысты тиесінше әкімшілік шара қолданбау мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ұсыныс хатына сәйкес, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушыға қатысты тәртіптік іс материалы қаралып, нәтижесінде аталған тұлғаның іс-әрекетінде заңнама бұзушылық белгілері анықталмауына орай, Әдеп жөніндегі кеңесімен қозғалған тәртіптік істі тоқтату туралы шешім қабылданды.
Келесі, Бөкей ордасы аудандық прокуратурасының ұсынуы негізінде, округ аумағында абаттандыру жұмыстарын жүргізу барысында мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарын бұзу мәселелері бойынша Бөкейордасы ауданы, Сайқын ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік іс материалы қаралып, нәтижесінде орын алған мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық бойынша жаза қолдану мерзімі өтуіне байланысты, Әдеп жөніндегі кеңесімен қозғалған тәртіптік істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Бұл ретте, аталған лауазымды тұлғаның іс-әрекетінде әкімшілік құқықбұзушылық белгілері байқалуына байланысты, Кеңес шешімімен тоқтатылған тәртіптік іс материалдары БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданды.
Соңында, Бөрлі ауданы прокуратурасының ұсынуы негізінде, ауылдық округ ішіндегі жолды жөндеу мәселесі бойынша шаруашылық субектісімен заңсыз қосымша келісім жасасу барысында, ағымдағы мемлекеттік сатып алу заңнама талаптарын бұзу фактісі бойынша Бөрлі ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік іс материалдары қаралып, нәтижесінде Әдеп жөніндегі кеңесімен мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол бергені үшін аталған лауазымды тұлғаға «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде Бөрлі ауданының әкіміне ұсыныс беру туралы шешім қабылданды.
