Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы
2017 жылдың 29 маусымда өткен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындыларын, мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының қорытындыларын қарау мәселелері көтеріліп, Макаров ауылдық округі әкімі мен Ақжайық ауданы әкімінің орынбасарына қатысты тәртіптік істер қаралды.
Алдымен, Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы Департаментімен, Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасы, Зеленов аудандық білім беру бөлімі, Батыс Қазақстан облысының Ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметі мен Әкімшілік полиция басқармасында, Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны, Орал қаласы білім беру бөлімінің №45 және №47 жалпы орта білім беру мектептерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындылары қаралып, аталған мекеме басшыларының анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бағытында атқарылған жұмыстары жөнінде есептері тындалды.
Мәселенің қаралу қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесімен, мемлекеттік органдар мен оларға бағынышты мемлекеттік мекемелер қызметінде кездесетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша талдау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу және бұрын анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін түбегейлі жою жөнінде ұсыныстар беру туралы шешім қабылданды.
Әрі қарай, Әдеп жөніндегі кеңесімен мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың бұзушылық профилактикасы мәселесі бойынша Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан атқарылған жұмыс қорытындысы қаралып, оның нәтижесі бойынша Кеңес тарапынан, аталмыш мемлекеттік орган басшысына қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын жасақтап, оның орындалуын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс жолдау туралы шешім қабылдады.
Орал қаласы тұрғындарының арызы негізінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаментімен жүргізілген тексеру нәтижесінде анықталған, Зеленов ауданының шаруа қожалығына тиесілі, көктемгі жұмыстар жүргізуге дайындалып, жыртылған жер алқабының үстінен қызметтік автокөлікпен жүріп, соның салдарынан шаруа қожалығының наразылығын тудырып, өзіне қатысты айтылған сынға себепкер болу мәселесі бойынша, Макаров ауылдық округі әкімі Насипқали Куанышевтың тәртіптік ісі қаралып, нәтижесінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі талаптарын сақтамай, тәртіптік теріс қылыққа жол бергені үшін Н.С.Куанышевқа «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Зеленов ауданы әкіміне ұсыныс жолдау жөнінде шешім қабылданды.
Соңында, Ақжайық ауданы, Чапаев ауылы тұрғынының Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Тілек Габдушевтың іс-әрекетіне қатысты жазған шағымы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаменті тарапынан жүргізілген тексеруі қорытындысы негізінде, Т.Габдушевтың тарапынан арыз иесіне қатысты әдептілік танытпау салдарынан шиеленіс жағдайының орын алуы, яғни Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде белгіленген стандарттарды сақтамай тәртіптік теріс қылыққа жол берілу мәселесі бойынша тәртіптік ісі қаралып, нәтижесінде аталған тұлғаға «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Ақжайық ауданы әкіміне ұсыныс жолдау жөнінде Кеңес атынан шешім қабылданды.
Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығы 29.06.2017ж.
