Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Дәстүрлі құндылықтар ғана өміршең болмақ – А.Әбдірәсылқызы

Бурабай. 7 маусым. BAQ.KZ – «Қандайда бір өркениетті қоғам дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген емес. Біздің қазақ дінді дінилендіріп емес, руханиландырып қабылдаған халық». Бурабайда «Тұрғындардың діни сауаттылығын көтеру мәселесі бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарының тиімділігі» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-танымдық конференция кезінде Дін істері агенттігі төрағасының кеңесшісі Айнұр Әбдірәсылқызы осындай пікірді ортаға қойды,-деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Қазақтың діни санасы оның тұрмысымен біте қайнасып жатыр. Біздің әрбір мақал-мәтел, жыр-дастан сияқты барлық рухани дүниемізге діни санамыз сіңдірілген. Яғни, біздің діни санамыз бен дүние танымымыздың айырмашылығы жоқ. Қазақта: «Нені ексең соны орасың» деген сөз бар. Ал, пайғамбарымыз хадисінде: «Дүние – ахиреттің екінші айы» делінеді. Осы сияқты толып жатқан қанатты сөздердің барлығында Исламның қағидалары қамтылған. Біздің қазақ дінді дінилендіріп емес, руханиландырып қабылдаған халық. Исламды өзінің моральдік ұстанымдарына айналдырып жіберген. Егер Ислам қазіргі радикалды ағымдардың өкілдері айтып жүргендей, өздерінің «тарихың бізден бастау алады; бұған дейінгі мәдениетіңе көз жұмып қарайсың; дәстүрдің дінде ешқандай орны жоқ; дін дегеніміз біздің ұсынып отырған Исламымыз» деген сияқты жаңсақ түсінігін бізге таңғысы келетіндей қағидатта болса ондай дінді қазақ қабылдай алмаған болар еді»,-дейді агенттіктің өкілі.

Оның айтуынша, Ислам қазақ топырағына шынайы болмысымен келді. Ал оның шынай болмысы оның кеңдігі, кемелдігі және тазалығы. «Кейбір ұғымдардан-ақ Исламды қалай қабылдағанымызды аңғаруымызға болады. Мысалы, «хиджаб» дегеннің «бүркеншік орамал» деген мағынасы болмағаны секілді, қазір шығып жатқан «джихад» сөзі «қарулы соғыс» деген ұғыммен қазақ даласына таралған жоқ. Себебі, ол қазаққа құндылық болып табылмаған. Қазаққа «ғазауат», «шахид» деген ұғым тез таралды. Өйткені Исламның алғашқы кезінде қазақ жерінде ғазауат майданы көп жүрді. Мыңдаған шахидтер дүниеден өтті. Көшпенділердің тарихындағы 535-ке жуық тарихи шайқас болған екен. Соның түгелге жуығы сыртқы жаудың шабуылына тойтарыс ретінде ғана жүзеге асқан. Осындай мәмілелі ұлт болғандықтан біздің қазақ біреуге джихадқа шығу дегенді ойына да алған емес. Осылайша біздің діни санамыз сүзгіден өтіп барып қана қалыптасты»,-дейді А.Әбдірәсылқызы.

 

Майгүл СҰЛТАН, Астана-Бурабай-Астана.

   
0
0
700

Осы тақырып бойынша

Дәстүрлі құндылықтар ғана өміршең болмақ – А.Әбдірәсылқызы - Yvision.kz