Кейде оқытушылардың бойынан бір-бірімен мүлдем үйлеспейтін қасиеттер табылып жатады, ал олардың сүйікті ісі адамды таңғалдырып қана қоймай, құрмет сезімін де арттырады. Ерекше хоббиі бар, бос уақытының барлығын сол әдемі әуестігіне арнайтын педагогтар студенттерге де көп дүние үйрете алады деген тұжырыммен келіспей тұра алмайсыз. Мұндай адамдар мамандықтың қыр-сырын меңгертіп қана қоймай, бізді қоршаған ортаның кереметтері шексіз екенін де үйретеді.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Тобанияз Дүйсенайұлы Оразалиев – Алматы құрылыс-техника колледжінде өндірістік оқыту шебері. Болашақ дәнекерлеушілерді дайындайды, ал бос уақытында көгершін бағумен шұғылданады.
«Техникум бітіргеннен кейін әскерге кеттім. Ал әскерден оралған соң сабақ бере бастадым. Шынымды айтсам, бастапқыда қорқыныш та болды. Уақыт өте келе үйреніп кеттім. Міне, жұмыс істеп жатқаныма 39 жыл. Мен жұмысқа орналасқан кезде бұл колледж Қалалық кәсіптік-техникалық училище (ГПТУ-41) деп аталатын. Қай заман екенін елестетіп көріңізші!» – дейді Тобанияз Дүйсенайұлы күліп.
«Алматы сәулет-құрылыс институтын бітіргеннен кейін Германияда тағылымдамадан өттім және шетелде қалғым келді, бірақ елдегі жағдайларға орай реті келмеді. 12 жыл құрылыста дәнекерлеуші болып істедім. Енді осы білгенімді қуана-қуана балаларға үйретіп жүрмін. Өткенді өзгертетін мүмкіндігім болса да, бәрібір ештеңені өзгертпес едім. Әрине, қазір жаңа технологиялардың заманы, біз тіпті пластикпен жұмыс істейміз. Бірақ, дәнекерлеу ісі бәрібір өзектілігін жоғалтпайды, газ және су тартуға арналған үлкен темір құбырларды ешкім жоя алмайды, олай болса, біздің мамандығымыз да әрдайым сұранысқа ие болмақ».
Тобанияз Дүйсенайұлы қатал және талапшыл шебер болғанымен, студенттерімен достық қарым-қатынаста, араларында сенім бар. «Түлектермен көшеде жиі кездесіп қаламын. Туған әкесін көргендей құшақтап амандасады, өздерінің жұмыс орнына шақырады. Ескі суреттерді парақтаймыз. Менің жұмысқа алғаш орналасқан кезімдегі суреттерді былтырғы, алдыңғы жылғы суреттермен салыстырамыз. Балалар маған түк өзгермегенімді айтады. «Тобанияз Дүйсенайұлы, жасыңызға жас қосылғанымен, сіз сол баяғы қалпыңыздасыз» деп айтады», – дейді шебер.
Ол дәнекерлеудің барлық түрін біледі, Германияда жүргенінде үйреніп алған. Ол уақытта Қазақстанда қазіргідей құрал-жабдықтар жоқ. «Студенттерді өндірістік тәжірибеге жіберген кезде компаниялардың қазіргі кезде қолданатын құралдарына міндетті түрде назар аударамын. Уақыт талабынан қалмауға тырысамын. Онсыз болмайды. Прогресс өте қарқынды жүріп жатыр. Әлі күнге дейін арнайы әдебиеттерді оқимын, жаңалықтарды меңгеремін, сосын оны балаларға айтып беріп, қызықтырамын», – дейді құпиясымен бөліскен педагог.
Тобанияз Дүйсенайұлының ерекше хоббиі жеке тоқталуды қажет етеді. Ол бала кезінен көгершін бағады. 4-сыныпта оқып жүргенінде бастаған екен. Бастапқыда үлкендердің айтуымен екі жұпты алып, кейін қызығушылығы артып, көгершіндердің саны өскен үстіне өсе берген. Көгершінге адам тез бауыр басып қалады дейді кейіпкеріміз. Олар гүрлеген дауысы арқылы адамды тыныштандырады екен. Кейіпкеріміз тек әскерде жүрген кезде ғана көгершіндерінен көз жазғанын айтады. «Әскерден келе сала үйлендім. Келіншегіме көгершін баққым келетінін айттым, оларды балконда бағамын деп ойладым. Бала күнімнен көгершіндерді жақсы көргенімді айтып ем, әйелім қарсы болмады. Осылай басталып кетті. Алдымен бір жұбын алдым, сосын үшеу, сосын кептерші болып кеттім. Әйелім ә деп үлгермей қалды (күліп – ред.). Тоғыз қабатты үйде тұрамын, оныншы қабат техникалық болып есептеледі, көгершіндерді сол жерде бағамын. Ол үшін арнайы рұқсат та алғанмын. Көгершінді өзім бағамын, ұлым онша қызықпайды, ал немерем әлі кішкентай. Көгершіндерді сату үшін емес, жан дүниемнің қалауы болғаны үшін бағамын. Оларды ұшырғаннан кейін аспанға қарап тұрудың өзі керемет, демалып қаласың», – дейді ол. Кейіпкеріміз сүйікті жұмысы туралы ғана емес, көгершіндері туралы да сағаттап әңгіме айтуға бар. «Кеше ғана болған жағдай. Көгершіндер ұшып кетіп, мен төменде оларды бақылап тұрғанмын. Бір кезде шамамен бір шақырымдай биіктіктен бір көгершін жерге қарай зуылдап түсті. Маған ұшып келіп, аяғыма қонды да, қанаттарымен аяғымды қармап алды, тура адамның қолмен құшақтағанындай. Сұңқарды көріп, қорқып кетіпті. Менің жанымда болса тиісе алмайтынын сезіп тұр. 20 минуттай көгершінді аяғымнан ажырата алмадым, қатты қорқып қалыпты», – деп сондай оқиғалардың бірін баяндап та үлгерді.
Көп адамдар жұмысшы мамандықтарды байыпты, салмақты мамандықтар қатарына жатқызады. Бұл салада жүргендердің қызық хоббиге, шығармашылыққа уақыты жоқ деп ойлайды. Алайда, біз мұның жәй ғана миф екенін айтқымыз келеді. Жұмысшылардың арасында қаншама қызық адамдар, қызық тағдырлар бар.
Алматы құрылыс-техника колледжінің дәнекерлеушілері Сергей Борисович пен Науат Ахмерьярқызы туралы екінші және үшінші бөлімді де оқуды ұсынамыз. Сергей Борисович өндірістік оқытудан тыс бал арасын ұстаса, Науат ханым бисер тоқумен әуестенеді.







