Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Дүлдүл домбыра» республикалық байқауы

Бүгін аудандық мәдени-демалыс орталығында Батыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы және аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының халық әртісі, күйші, домбырашы Қали Жантілеуовтің 120 жылдығына арналған «Дүлдүл домбыра» атты республикалық домбырашылар байқауы өтуде. Байқауға еліміздің әр аймағынан домбырашылар келіп бақтарын сынауда. Байқаудың қатысушылары мен қонақтарын аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, аудандық ішкі саясат басшысы Нұрғали Ғаббасов бастаған делегация ауданымыздың шекарасынан қарсылап, ұлттық киім киген бір топ өнерпаздар қазақтың ұлттық тағамы бауырсақ пен ақ ұсынды. Қонақтар мен домбырашылар ең алдымен күй алыптары Мәмен Мұратұлы мен Тұяқберді Қажыгерейұлының кесенесіне тағзым етті. Одан әрі Қали Жантілеуовтің зиратына аялдап, күйшінің зиратына зиярат етті. Күй астанасына жеткен қонақтар мен домбырашыларды аудандық мәдени-демалыс орталығының алдындағы Алыптар аллеясынан Халықтық «Айзере» әжелер ансамблі шашу шашып, «Ақбосаға» клубының келіндері сәлем салып қарсылап алды. Байқауымыздың қонақтары Айтжан Тоқтаған мен Ермек Қазиев «Алыптар аллеясына» гүл шоғын қою рәсімін жасады. Мәдени-демалыс орталығының фойесінде Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің оқушылары Құрманғазының «Балбырауын» күйін құлақтың құрышын қандыра тартып отырды. Содан соң қонақтарымыз аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастырған «Күй құдіреті күйшіден» атты көрмесін, сонымен қатар Д.Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінің көрмесін тамашалады. Әділ қазы алқалары аудандық филиалдың төрағасы, аудан әкімі Д.Закариннің қабылдауына барып, аталмыш шараға байланысты біраз әңгіме өрбітті. Одан әрі мәдени-демалыс орталығының фойесінде үміткерлер жеребе суырып, реттік нөмірлерін алды. Аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Нұрғалиқызы құттықтау сөз сөйлеп, барша үміткерлерге сәттілік тіледі. Содан соң әділ қазылар алқасы мен қонақтар орындарына жайғасып, сайысқа сақадай сай тұрған домбырашылар іріктеудің І кезеңін бастап кетті. Іректеудің ІІ кезеңі бүгін жалғасын табады.

#AMANAT

0
0
292

Осы тақырып бойынша

«Дүлдүл домбыра» республикалық байқауы - Yvision.kz