Әбу Дабиде қазақстан-әмірліктер қатынастарының алдағы дамуы талқыланды
Әбу Дабиде Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Қайрат Лама Шариф БАӘ Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ахмед Жұма аз-Зағабимен кездесіп, қазақстан-әмірліктер қатынастарын одан әрі дамыту және тереңдету төңірегінде пікір алмасты, деп хабарлады ҚР СІМ.

Қазақстандық дипломат Дубай халықаралық қаржы орталығы үлгісі негізінде Астана халықаралық қаржы орталығын құру туралы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын бірлесіп іске асыру таяу арада екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретінін атап өтті.
Ахмед Жұма аз-Зағаби өз кезегінде Астанада бой көтеріп келе жатқан «Әбу Даби Плаза» кешенін екі ел басшылары арасындағы шынайы достықтың және қарқынды мемлекетаралық ынтымақтастықтың жарқын белгісі ретінде бағалады.
Сонымен қатар, ҚР Президенті Н. Назарбаев пен БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянның өзара уағдаластықтың арқасында Астана қаласында Қазақстан-әмірліктер зияткерлік орта мектептің құрылысы басталды. Шейх Халифа атындағы Қайырымдылық қоры 13 млн. АҚШ доллары көлемінде тегін грант бөліп, мектеп құрылысы жобасын Астана қаласы Әкімдігімен бірлесіп іске асыруда.
Кездесу соңында Қ. Лама Шариф сұхбаттасына Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған мерекелік шараларға қатысуға қазақстандық тараптың ресми шақыруын табыс етті. Шақыру зор ризашылықпен қабыл алынды.
Сонымен қатар, ҚР мен БАӘ ветеринария саласындағы ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.
Ведомстводан хабарлағандай, қазақстандық тараптан құжатқа Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Сақташ Хасенов, ал БАӘ тарабынан Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрінің орынбасары Жоғары мәртебелі Сұлтан Абдулла Сұлтан қол қойды.
«Құжат екі ел арасындағы ветеринария саласындағы өзара ынтымақтастыққа жаңа серпін беруге бағытталған. БАӘ Қазақстан үшін тірі жануарлар мен оның өнімдерін, сондай-ақ азықтық дақылдарды экспорттауға мүмкіндік беруде», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, сапар барысында делегация мүшелері еліміздің мал шаруашылығы кешендерін аралап, ветеринариялық ұйымдардың жұмыстарымен танысты.
Естеріңізге сала кетейік, Париж қаласында 2015 жылдың 24 мамыр мен 31 мамыр аралығында 180 қатысушы мемлекеттердің қатысуымен Халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ) 83-сессиясында Қазақстан вакцинациясыз аусылдан таза аймақ ресми мәртебесін алды.
